Жаңалықтар

Балалар арасында індет жұқтыру дерегі жиілеп барады

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 34, пневмониямен 3 жағдай тіркелді. Инфекциялық ауруханаларда 472 адам ем алуда. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,3 пайыз.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша,  23 мамыр күні тіркелгендердің жиырма бесінде ауру белгілері байқалса, тоғызы — симптомсыз. Жалпы, пандемия басталғалы облыста КВИ бойынша 10937 жағдай тіркелген. Соңғы уақытта 14 жасқа дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру жиі анықталып отыр. Ал пневмония диагнозы 66 жастан асқан адамдарда көп кезедеседі.

— Мониторингтік топ өкілдерінің берген мәліметтері бойынша облыста биыл аурушаңдық көрсеткіші өскені байқалады. Мәселен, өткен наурыз айында індет жұқтырған 1054 адам тіркелсе, сәуірде 3909 жағдай анықталды.

Әзірге облыс «сары аймақта» тұр. Эпидемиологиялық жағдай құбылмалы. Ахуал кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын, — деді Мұхтар Сербаев.

Облыс аумағында блок-бекеттер жоқ. «Жайсаң»  және «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері арқылы өткен 149 301 адам тексерілген. Сондай-ақ эпидемияға қарсы рейдтік тексеру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 48 тексеру жүргізілген.

— Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда — 472, жансақтау бөлімшелерінде 44 науқас ем алуда.  6 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. КВИ бойынша 108 бала мен 49 жүкті әйел бақылауға алынды. Науқастардың көпшілігі медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. Соның салдарынан ауруханаға ауыр халде жеткізіліп жатады. Егер тұмаудың алғашқы белгілері байқалып жатса, үй жағдайында емделмей, дереу учаскелік дәрігерді шақырту керек екенін еске саламыз.

Бүгінде реанимациялық кереуеттерде жатқандар 27,3 пайызды құрап отыр. Ақтөбе қаласында ПТР-тест жүргізетін 11 лаборатория жұмыс істейді. Соңғы тәулікте 1815 сынама өткізілді, — деді Бекболат Ізбасаров.

Үй карантинінде 4040 адам бар, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Облыстағы барлық емханаларда және жылжымалы бригадалық пункттерде вакцинаның үш түрі де қолжетімді. Биыл ақпан айынан бастап 76 253 адам бірінші компонентпен, 34182 адам екінші компонентпен екпе алған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button