Жаңалықтар

Көшеміздегі жарнамалар қай тілде « сөйлейді»?

Рейд

«Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ жанынан құрылған мониторингтік топ қала көшелеріндегі жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпараттарды ҚР Тіл туралы Заңының 21-бабының талаптарына сай рәсімдеу мақсатында рейд жүргізді. 

Жұмыс тобы «Астана» ауданындағы ағайынды Жұбановтар көшесінің бойында орналасқан 40 нысанды аралап, кәсіп иелеріне жаднама таратып, заң талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар анықталған қателер бойынша әдістемелік көмек көрсетті.

— Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына сәйкес, бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады. Заңға сәйкес көрнекі ақпараттың барлық мәтінінің жазылу реті бар. Яғни барлық атаулар мемлекеттік тілде — сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналастырылуы тиіс, сонымен бірге қаріп өлшемдері бірдей болуы керек. Қажеттілігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс. Ал егер кәсіпкер барлығын тек қана мемлекеттік тілде жазамын десе, ешқандай заңбұзушылық болмайды, — дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының бас маманы Алтын Сүлеймен.

Мониторинг топ құрамындағы тіл жанашырлары ағайынды Жұбановтар көшесіндегі барлық жеке нысандардың сыртқы жағындағы жазбаларды ғана тексерді, нысандардың ішіне кірген жоқ. Соның өзінде көптеген заңбұзушылық анықталды. Нысан атауларын былай қойғанда, қазіргі пандемияға байланысты кәсіпорын есіктеріне ілінген «Бетпердесіз кіруге болмайды» деген секілді мәтіндердің шамамен 80 пайызы орыс тілінде жазылған.

Ескерту жасалғандардың дені заң талаптарын бірден орындап, мұндай жарнамаларды алып тастап, мониторинг топ ұсынған бір парақ жарнаманы дереу іліп жатты. Кейбірі: «Біз мұндай заң бар екенін білмедік», — дейді. Немесе: «Бұл талапты басшылыққа жеткіземіз», — дей салды. Кей нысандардың сыртында жазылған атаулардың мемлекеттік тілде жазылған нұсқасында орфографиялық қателер де анықталды. Оларды нысан иелері дереу қаперіне алып, түзететінін айтты.

Кейбір нысан иелері орынды жалға алғанын, сыртқы жазу үшін жауап бермейтінін меңзесе, басқалары есіктеріне ілінген жазбалар, жарнамаларды тек «жоғарғы жақтың» (өз мекемелерінің басшы органдарының) нұсқауымен ілетінін айтып, жауапкершіліктен басын ала қашқандай болды. Ал кейбір сауда орындары басшыларының телефон нөмірлерін беруден бас тартты.

Кейбір нысандардың сыртындағы жарнамалардың 90 пайызы орыс тілінде, тек ішіндегі бір-екі сөзі ғана мемлекеттік тілде жазылған. Сырт көзге заңды айналып өту үшін «жаза салған» секілді болып көрінеді.

Мемлекеттік тілде және орыс тіліндегі жазулардың орналасу реті дұрыс емес немесе тек бір тілде, яғни тек орыс тілінде жазылған жазулардың болуы — ҚР заңнамасын белден басу болып есептеледі. Сондықтан заңды бұзғандар талаптарға сәйкес орын алған олқылықтарға түзету жұмыстарын енгізулері қажет.

— Қала көшелеріндегі жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпараттарды ретке келтіру мақсатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан құрылған мониторингтік топтың мүшесімін. Топ құрамында аталған бөлім мен Астана, Алматы ауданы әкімдіктерінің мамандары, қалалық «Қазақ тілі» қоғамы және тіл жанашырлары мен еріктілер бар.

Біздің мониторингтік топтың жыл басынан бергі жүргізіліп келе жатқан рейд жұмыстары кезінде анықталған кемшіліктердің дені дұрысталды. Қоғамдық орындардағы жарнама мәтіндерін түзеу — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір парасы. Сауатты жарнама біздің тілге деген құрметімізді арттыра түседі. Сондықтан заңға сәйкес барлық талаптар дұрыс орындалып жатса, біздің басты мақсатқа қол жеткізгендігіміздің бір дәлелі болатыны сөзсіз. Әрі қарай да жұмыс тұрақты жүргізілетін болады. Бұл — баршамызға ортақ міндет, — дейді мониторинг топ мүшесі Ұлмекен Даирова.

Тілді құрметтеу — осы елде тұратын әр азаматтың парызы. Ал егер сен көпшілікке қызмет ететін қоғамдық жерде жұмыс істейсің бе, заңды тұлғасың ба, ендеше мемлекеттік тілді сақтау, жалпы тіл заңдылықтарын сақтау — міндетің. Ал әйтпесе, сенің кәсібіңді жарнамалайтын жазбалардағы тілің қандай —  отансүйгіштігің де, азаматтығың да сондай…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.     

Басқа жаңалықтар

Back to top button