Жаңалықтар

Бала тәрбиесі және көзбояушылық 

Прокуратура

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттемелерді орындамайтын, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Тексеру жұмыстарының қорытындысында, тиісті органдардың қолайсыз отбасылармен жүргізілетін жұмыстарының атүсті жасалатыны, көзбояушылық екені анықталды. Сондай-ақ қажет болған жағдайда ата-аналарды жұмысқа орналастыру, кәмелетке толмағандардың демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарының да жүргізілмегені анықталып отыр.

Мысалы, тексеру жұмысы кезінде прокуратура қызметкерлері бау-бақша ұжымында қараусыз қалған балаларды Ақтөбе қаласындағы «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізді. Анасы балаларын тастап, өзі Алға ауданының Қарақобда ауылына кетіп қалған. 

Балалардың да, анасының да құжаттары жоқ. Балалар балабақша түгілі, мектепке де бармайтыны анықталды, — дейді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы прокуратурасының прокуроры Земфира Оңдашқызы.

Оның айтуынша, қазір аталған отбасыға тиісті әлеуметтік көмек көрсетілген. Бәрінің де құжаттары рәсімделді. Балалар 1-сыныпқа және мектепалды даярлық тобына қабылданыпты.

Тексеру жұмыстары барысында бау-бақша ұжымында тұратын, өмірлік қиын жағдайға тап болған басқа да қолайсыз отбасылар анықталып, оларға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетілген.

Саяжайда тұратын бұл отбасылардың тұрмыстық жағдайы нашар. Балалардың  дамуы үшін жағдай жасалмаған.

Айта кету керек, Алматы ауданы прокуратурасының үйлестіруі бойынша тиісті мекемелермен бірлесіп, өгей әкесімен  және тәуекел топтарында есепте тұрған адамдармен бірге тұратын балалардың құқықтарын қорғау мақсатындағы жұмыс қайта басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Профилактикалық бақылауды қашықтан ұйымдастыру» пилоттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Қазір аталған жобаның іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоба цифрлық технологияларды енгізу арқылы іске асырылады, — дейді Земфира Оңдашқызы.

Аудан прокуратурасы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілерін жасап, лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button