Жаңалықтар

Болат Жанасаев атындағы кабинет ашылды

Шалқар қаласындағы №4 орта мектепте «Туған жерге тағзым» акциясы аясында генерал-лейтенант Болат Жанасаев атындағы алғашқы әскери дайындық кабинетінің ашылуы өтті.

Шара Б.Жанасаев атындағы «Сұңқар» патриоттық клубы хорының «Ішкі әскер» әнімен ашылды. Жиналғандарға үлкен экраннан генералдың әскери саладағы атқарған қызметтері, өмір жолынан дайындалған «Генерал тұлғасы» атты бейнебаян ұсынылды.

Б.Жанасаев Ақтөбе облысының Темір қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1987 жылы М.Фрунзе атындағы әскери академияны, 2002 жылы құқықтану мамандығы бойынша Алматы мемлекеттік университетін, 2008 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясын үздік бітірген. Офицерлік қызметін Германиядағы Кеңес әскерлері тобының мотоатқыштар дивизиясы мотоатқыштар взводының  командирі лауазымынан бастап, әр жылдары бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. 1984 жылы жауынгерлік және саяси дайындықта қол жеткізген жетістіктері үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Әскери міндетін үлгілі атқарғаны үшін 2005 жылы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталған.

Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының тәрбие, идеологиялық және әскери патриоттық жұмыстары бойынша орынбасары, полковник Бейімбет Құлия генерал атындағы алғашқы әскери дайындық кабинетінің ашылу лентасын қиды.

Шарада аудан әкімі Жанболат Жидеханов, шараның құрметті қонақтары Бейімбет Құлия, Алмас Баймурзин және Болат Бақытжанұлының қарындасы Ғайни Жанасаевалар сөз сөйлеп, кабинеттің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ жиналғандарға экран арқылы жылы лебізін жолдаған генерал Болат Жанасаев: «Қазақстан Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп келе жатқанына — 30 жыл!  Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы,  діні мен тілі,  мемлекеттік рәміздері мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз, зайырлы елге айналды. Саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай,  оны нығайтуға,  еңселі ел болуымызға үлесін қосқан шалқарлық тұлғаларымызды да мақтанышпен айта аламыз. Солардың бірегейі,  жерлесіміз, Отаны үшін құрбан болған Кеңес Одағының Батыры Іідіріс Үргенішбаевтың өшпес ерлігі және Бас прокурор қызметін 18 жыл мүлтіксіз атқарған Өтеген Сейітовтердің ерен еңбегі келер ұрпаққа қайсар рух пен рухани серпіліс беруі керек. Қазіргі жастарымыз елдің нағыз азаматы болатындарына сенімім мол», — деді.

Бұдан соң жиналғандар кабинеттегі даңқты генералдың еңбек және өмір жолынан сыр шертетін ақпараттармен танысты. Сондай-ақ жас сарбаздардың алғашқы әскери дайындықтарын тамашалады.

Қ.ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button