Жаңалықтар

Отбасылық ағаш егілді

15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай Шалқар ауданындағы «Жастар» саябағында  «Отбасымызбен ағаш егеміз»  акциясы өтті. 

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»  деген халық даналығын бойтұмар еткен отбасылар балаларымен бірге тал егіп, естелік қоңырауларын ілді.  Акцияға денсаулық, мәдениет, полиция, теміржол саласының қызметкерлері мен тәуелсіздіктің құрдастары барлығы 15 отбасы қатысты.

— Мереке күні ауданымызда бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Жетістікке жеткен жас отбасылармен «Біз бақытты отбасымыз» атты сұхбат жүргізілді. Солардың бірі — Сағыбаевтар әулеті. Асланбек Сағыбаев Шалқар аудандық полиция бөлімінде үш жылдан бері адал  қызмет етіп келе жатса, зайыбы Айдана Ілиясова — аудандағы №1 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жас отбасы өздерінің отбасылық өмірімен, қызықты сәттерімен бөлісіп,  кеңінен сыр шертті. Сонымен қатар үлгілі жас кәсіпкерлер Ізімовтер әулетімен де сұхбат жүргізілді. Бұл отбасы мемлекет тарапынан жастарға берілген қолдаулар аясында көптеген қайтарымсыз гранттарға ие болды. Қазіргі таңда «Izimov studio» деп аталатын студия ашып, кәсіптерін кеңейтіп отыр, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова.

Сондай-ақ Отбасы күніне орай аудандық жастар ресурстық орталығының өкілдері Тәжиевтер отбасын атаулы мерекемен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button