Басты жаңалықтарМәселе

Көше атаулары түзеліп келеді

Бұдан аз жыл бұрын шалғайдағы бір елді мекеннің халқы ауылға рудың атын беруді сұрап, бір көтеріліп басылғаны бар. Рұқсат берілмеді. Неге?

Қазір ата-бабасына ауылдың атын артық көргенімен, көше атауын беруді сұрайтын ұрпақ көп. Ал ауыл мен көше атаулары кімдерге, қалай беріледі?

Ауылдарымыздың дені 30 жыл ішінде «Калинин» мен «Лениннен» арылып, байырғы атауын қайта тапты. Қысқаша айтсақ, біраз «қазақшаланып» алдық. Жер-суымыздың атаулары қайта жаңғырып, құжатқа енді. Мысалы, өткен жылы Комсомол ауылдық округі Темірбек Жүргенов ауылы деп өзгертілді.

Жалпы ономастика десе, көпшіліктің ойында біреудің есімін нысанға, елді мекенге немесе көшеге беру деген біржақты пікірлер туындайды. Шындығында, бұл бағыттағы жұмыстарды тек осымен шектей салуға болмайды.

Мемлекеттің нығайып, қалыптасуына байырғы жер, су, елді мекендердің тарихи атауын қайтарудың маңызы зор. Сондықтан ауыл немесе көше атауын бергенде тек тарихи тұлғалардың екшеп алынатыны рас. Өйткені жер — біреу, ал тұлғалар көп.

Ономастика саласында құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атауда идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларға өзгертуге болады. Бірақ кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қою, жекелеген жалпыұлттық  деңгейде белгілі тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау қарастырылған.

Облыста 1 облыстық маңызы бар қала, 12 аудан, 7 аудандық маңызы бар қала, 136 ауылдық округ, 359 ауыл, 5740 құрамдас бөлік, 3272 көше бар екен. Облыс бойынша тіркелген 3272 көшенің 2059-ы, яғни 63% пайызының атауы Наурыз, Достық, Бірлік, Бозқараған, Көкжар, Лашын секілді дәстүрлі топонимдер болса, 964 (29%) көше Әбілқайыр хан, Жанқожа батыр, Қарағұл батыр, Ы.Алтынсарин, Д.Қонаев, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова секілді тарихи тұлғалар есімдерімен аталады. Ал қалған 218 көшеге Мұра, Нысанды, Жасыл, Білім нәрі, Ұстаздар сияқты топонимикалық жүгі жоқ және аса танымал емес кісі есімдері берілген.

Бір қуанарлығы — ауылдық округтер мен көшелердің  96% пайызы мемлекеттік тілде «сөйлейді».

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы үлкейіп, іргесі кеңейіп, көшелер көбейіп келеді. Оның үстіне бау-бақша ұжымдарына тұрғын үй статусы беріліп, жаңа көшелер, шағын аудандар  пайда болды.

2014-2020 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы бойынша 42 көше қайта аталып, 515  көшеге, 24 шағын ауданға атау берілген. Аудандар бойынша 22 елді мекен,  75 құрамдас бөлік қайта аталып, 137 құрамдас бөлікке атау берілген.

Дегенмен қазіргі таңда идеологиялық тұрғыдан ескірген және мән-мағынасы жоқ атаулардан толық арылған жоқпыз. Ақтөбе қаласы мен Мәртөк, Қарғалы, Хромтау, Мұғалжар аудандарында 50-ге тарта ауыл мен көше жаңа атауын күтіп тұр. Жергілікті тұрғындардың тіліне сіңісті боп кеткен Яншин, Набережный, Родниковка, Элеватор, Первомайский, Степной атауларын қазақшалау немесе бұрынғы атауларын беру алдағы күннің еншісінде.

Тіпті Н.Крупская, Каз. ССР 30 жылдығы атауларын жамылған мектептер КСРО-ның емес, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сұранып тұрған жоқ па?

Бұл тұрғыда қазіргі таңда Ақтөбе қаласы, аудандар бойынша атаусыз құрамдас бөліктерге (көше, тұрғын үй алабы, шағын аудан, орам) және атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанған атауларға ревизиялық түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталған соң қалалық, аудандық әкімдіктерден түскен ұсыныстар облыс әкімдігі жанындағы облыстық ономастика комиссиясында қаралатын болады.

Құрамдас бөліктерге, нысандарға атау беруде, қайта атауда Тіл туралы Заң, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138, 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулылары негізге алынады.

Сонымен қатар жеке адамдардың есімін беруде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен облыс әкімдіктеріне ұсынылған «Тарихи тұлғалар» басшылыққа алынады, — дейді  облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов.

Сонымен, тарихи тұлғалар кімдер? «Менің атам соғысқа қатысқан, бабам батыр, би болған» деп, деректер жинап, тыңнан «тұлға» жасап ұсыну заңға сыя ма? Әдетте мұндай қадамға ақшалы адамдар барады екен.

2019 жылы ауыл, нысан, көше атауларына өңірімізден 109 тұлғаның есімі ұсынылған болатын, бірақ санаулы ғана тұлғалар енгізілген.

Аудандардан елді мекендер мен көшелерге атау беруге ұсыныстар түскен кезде облыстық ономастикалық комиссияның шешімімен атау беріліп, әділет департаментіне тіркеледі. Ал қала көшелерін республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысын алғаннан кейін барып облыстық мәслихатқа жіберіледі. Егер елді мекендердегі нысандарға атау беру керек болса, Үкіметтің қаулысы шығады.

Жалпы, облыстық ономастикалық комиссия атау бергенде республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған 345 есімге сүйенеді. Жер-су атауларын қойған кезде де 380 атауға басымдық беріледі. Одан басқа құрамдас бөліктерге Ұлы дала, Самал, Таңшолпан, Балауса секілді дәстүрлі атаулар қоюға болады. Республика бекіткен 345 есім бітіп қалса, онда облыстық ономастика комиссиясының ұсынуымен дәстүрлі атаулар іріктеліп, сараптамадан өтеді.

Төрт атау, бір ауыл

Кейбір аудандарда ауыл атауы басқа және сол ауылда орналасқан ауылдық клуб, мектеп сияқты нысандар атауы басқаша аталған жағдайлар кездеседі.

Мысалы, Ойыл ауданының Қайыңды ауылдық округінің орталығы Ақжар болса, мектебі Саға мектеп-балабақшасы деп аталады. Кейде бұрынғы кеңшардың атымен Амангелді деп те айтады.

Мұны айтып отырған себебіміз — бір ауылдың 2-3 аты болуы мүмкін. Кезінде басқа Амангелдіге кетіп қалып, адасушылар көп болған. Алайда бір ауылдың әлеуметтік нысандары әртүрлі атау ала береді.

Тағы бір ескеретін жайт — Қарой ауылдық округінің атауын тіл мамандары «Қараой» деп жазылуы керектігін айтады. Ресми құжаттарда Сарбие ауылдық округі деп жүргеніміз «Сарыбие» болып жазылуы тиіс екен.

Мұндай мысалдар облыстың барлық аудандарында бар. Мысалы, былтыр Әйтеке би ауданындағы Тымабұлақ ауылының транскрипциясы өзгертіліп, «Тұмабұлақ» деп қайта аталды.

Аудандар бойынша 140 құрамдас бөлікке атау беру бойынша облыс әкімдігі жанындағы ономастика комисиясының шешімі шықты. Ақтөбе қаласы бойынша 21 құрамдас бөлікке атау беру үшін республикалық ономастика комиссиясының оң қортындысы келді, — дейді ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің басшысы Бақытгүл Әбиева.

Республикаға танымал болмаса да, аудан, облыс көлемінде елеулі еңбек еткен тұлғаларға берілген көше атаулары бар. Кезінде бірсыпыра басшылық қызметте болғандар мен Социалистік Еңбек Ерлеріне көше атаулары берілді.

Мына қызықты қараңыз. Сол көше атауын алған тұлғалардың ұрпақтары аталарының көшелерін көркейткісі келеді екен. Бір ауылда атасының атындағы көшені тегін жарықтандырып берген азаматты да көрдік. Кейбірі саябақ салады. Демеушілік көрсететіндері көп-ақ. Бұл — жақсы бастама. Дегенмен бүгін бабасына күмбез салып, ескерткіш орнату белең алып кеткен тап қазіргі жағдайдан кейін ертең сол ұрпақтар көшеге ауыз салмасына кім кепіл? Көшеге әркімнің дәмесі де, таласы да болмай ма?..

Әрине, қаражаттың да келгені жақсы. Бір үлкен ағамыздың әзілдеп болса да былай деп айтқаны бар: «Әй, осы көшенің, ауылдың, мектептің атын қағаз кеміргеннен басқа дымы жоқ ғалым, ақын-жазушыларға бергенше байларға, кәсіпкерлерге бере берсе болады екен. Олар өз атындағы немесе әкесінің, атасының атындағы барлық дүниені құлпыртып жібермей ме?».

Бұл бүгінгі күнде астарында ащы ақиқаты ақтарылып тұрған дәл осы жағдайды мысқылдап жеткізгені де.

P.S. Көше жүре бара түзеліп келеді. Қазір көше атаулары жазылған аншлагтарға мән беріле бастады. Қарапайым Сәтбаев пен Сәтпаевты айыра алмай жүргенімізде, «Жубановтарды» көріп, түңіліп кетіп едік. Ал «Шерниязадан» шошыған көңіліміз қазір орнына келді. Жалпы, ономастика — қиын да күрделі, бітпес сала. Дегенмен соңғы кездердегі халық пікіріне құлақ асып, әрекеттер, жасалып жатқан жұмыстар нәтижесін беріп, төл атауларымызға толық оралуға жақын қалған сияқтымыз. Басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша атаусыз, атауы қайталанған немесе идеологиялық тұрғыдан ескірген мән-мағынасы жоқ көше атауларына түгендеу жүргізілген.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button