ЖаңалықтарМереке

«Қояннан» қорықпаңыздар дейді қоян жылы туғандар

1. Қоян жылын әдетте қысы қаһарлы, халыққа қолайсыз жыл деп жатады. Бұл жағымсыз жыл деген пікір емес пе? Бұған қалай қарайсыз?

2. Қоян жылдарының ішінде қай жыл есіңізде ерекше қалды? Несімен?

3. Алдағы жылдан не күтесіз? Қоян жылының «иесі» ретінде жұртқа қандай кеңес бересіз?

1939 жылы туған Қадыржан қажы ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ,

зейнеткер

1. Аллаһтағала хайуанаттарды адамзатқа пұл болсын деп жаратқан. Ал жан-жануарлардың ішінде қоян харамға емес, адалға жатады. Өйткені ол шөп жейді, еті таза. Жесең — азық, кисең — киім. Бас киім де, сырт киім де қоянның терісінен жасалады. Ал қоян жылы қатал дегенге келер болсақ, қыстың қоянға қатысы жоқ. Алланың әмірімен болатын табиғаттың мезгілдері, құбылыстары, тосын жағдайлар қоян жылына қатыссыз-ақ айналып келіп отырады. Сондықтан адамдар шаруаны ұйымдастырудағы, қыс мезгіліне дайындықтағы кемшіліктерін қояннан іздемесін деймін.

2. Қоян жылдарының қай-қайсысын да жаман деуге болмайды. Рас, 1964 жылы қыс қатты болды. Қар қалың жауды. Төтеннен болған қатты қыс мезгіліне әзір болмағандар малдарын қырып алды. Ал 1987, 1999 жылдар да қоян жылдары. Бірақ бұл жылдары бәрі де ойдағыдай болды ғой. Осынысымен де есте қалды.

3. Қоян жылының берері көп. Қоян шөпті іздеп, талғап жейді. Сондықтан ізденімпаз болыңыздар. Ақшаны, байлықты ақылдан жоғары қоймайық. Иманы көп адам, мейірімді, инабатты адам — бай адам. Сондықтан иманды болайық.

1951 жылы туған Нағашыбай БАЛМАХАНОВ,

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның аудармашысы

1. Өзім қоян жылының бөтендігін байқамадым, әлде қоян жылы туғасын ба? Қарапайым халық үшін бағаның шарықтауы қиын соғуы мүмкін. Ал Назарбек Қожамсейітовтің болжауынша, қыс қатал бола қоймас. Тек қоян жылдары ғана емес, басқа жылдары да қатал қысқа кездесіп жүрміз ғой. Сондықтан қай жылы да әркім белін бекем бусын.

2. 1975 жылы Венгриядан әскери борышымды өтеп, елге оралдым. Қарашаның 9-ы. Ақтөбеде қақаған қыс, қар, үскірік аяз. Аудандық газетке жұмысқа қайта қосылдым. Аз уақыт өтпей, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Есет Әміржанов бастаған жастар Шығыс Қазақстанға шөп дайындауға аттандық. Ол жақтың қысы қыс-ақ екен, қалың қар, сықырлаған аяз. Соған қарамастан, буылған шөпті вагонға тиеп, ауылға жөнелтіп отырдық. Сол жетпіс бестің қысы көптің есінде қалса керек.

3. Алдағы жыл — ерекше жыл. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толады. Жас мемлекеттің мүшесі ретінде ішкі дүниеміз, рухани байлығымыз дамыған өркениеттен қалып қоймасын. Кезінде қазақтың тілі мен мәдениетін, өнерін зерттеп, дамуына үлес қосқан Л.Гумилев, П.Мелиоранский, В.Верещагин, Н.Хлудов, А.Затаевич сынды орыстың зиялылары мен оқымыстылары болды. Елдегі өзге ұлт өкілдері, тіпті өзіміздің қазақтарымыз солардан үлгі алса екен деймін. Жеке өміріме қатысты айтар болсам, алдағы қоян жылы «Әлеуметтік маңызды әдебиеттерді шығару» бағдарламасы бойынша орыс тілінен тәржімалаған антикалық, мифологиялық сөздігім баспаға берілуі мүмкін. Осы жаңалықты күтемін.

1963 жылы туған Гүлайым КЕНЖЕЕВА,

Алға ауданы, Қарағаш ауылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі

1. Қоян жылы қатты болады деп алдын ала дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Қай жылдың да өзіндік қиындықтары болады. 1964 жылғы қиындыққа байланысты айтылған сөз, қалыптасқан ұғым болар деп ойлаймын.

Адамның қорқақтығын қоянға теңейді. Қоян жылы туғандар қорқақ келеді дегенге де келіспеймін. Мәселен, өзімді қояндай қорқақ адамға жатқызбаймын. Қоян әдемі, жағымды жануар. Әйтпесе ақындар «ақ қоян, сұр қоян, ор қоян» деп өлеңге қоспас еді ғой. Сондықтан қоян жылынан қорқудың қажеті шамалы.

2. Қоян жылдары туғандар алдағы жылды менің жылым деп қарсы алатын болар. Сондықтан қоянның қай жылы да мен үшін бағалы, ыстық. Әсіресе, мен үшін 1987 жыл аса қымбат жыл. Өйткені осы жылы үлкенім Салтанат дүниеге келді. Қазір қызымның өзі жоғары оқу орнын бітіріп, тұрмыс құрды.

3. Алдымен тілегімді қоян жылы туғандарға арнаймын: қояндай қайратты болайық, жан-жағымызға сүйкімді болайық. Барша жұрт өздері айтатындай, келер жылдан қояндай қорқып жүрмесін. Қорқатын болса, қыстың қамын жасасын, еңбек етіп, тұрмысын жақсарта берсін. Баршаңызға жыл жақсы жаңалықтар сыйласын.

1975 жылы туған Сағыныш НҰРБАЕВ,

№2 қалалық емхананың дәрігері

1. Өзім ес білгелі қоян жылының жамандығын байқамадым. 1964, 1975 жылдардағы қоянның қысы жұртты қояннан бетер қорқытып тастаған секілді. Жалпы жылдың жаманы жоқ, қиындықтар туып жатса, амалың жоқ. Қатал қыс пен қуаңшылық қай жылы да болып жатады. «Сақтансаң, сақтармын» деген, не нәрсеге де дайын болу керек қой. Әйтпесе, жазықсыз қоянды күстаналамайық.

2. Балалық шақта кім қандай жылы туған деп айтып жататынбыз. Сонда мен неге барыс жылы тумадым екен деп қынжылғаным бар. Себебі қоян жылы туғандарды балалар «қорқақ» деп мазақтайтын. Балалық қой, әйтпесе туған жылыңа қарап тұрған ештеңе жоқ шығар. Ал 1999 жыл мен үшін есте қалатын жыл болды. Осы жылы дәрігерлік диплом алып, Мұғалжар ауданындағы Родников ауылында еңбек жолымды бастадым.

3. Алдағы жылы 30 қаңтар-6 ақпан аралығында Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындары өтеді. Осы Азиадада қазақстандық спортшылар қыстың сәні қоянға сай әдемі өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінсе деймін.

Сондай-ақ «Халықтың денсаулығы — елдің зор байлығы» дегендей, барша отандастарымыздың дендері сау болсын.

1987 жылы туған Жұлдызай ЖАРКЕТОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті

1. Әр жылдан баршамыздың жақсылықтар күтетініміз анық. Алдағы қоян жылын жағымсыз болады деп ойламаймын. Өйткені ауа райының қолайсыз жағдайлары тек қоянға тән емес шығар. Ми айналдырар аптап ыстық пен қуаңшылық, тіпті экономикалық дағдарыс қояннан басқа жылдарда да өтті ғой. Сондықтан қатал қыс пен қуаңшылықты қоянға ысырып тастай бермейік.

2. Мен есімді білгелі бір ғана қоян жылы өтті. 1999 жылы алтыншы сыныпта оқитынмын. Ғасыр алмасатын уақыт болғандықтан, жиырма бірінші ғасырдың басталуымен есімде қалды.

3. Жаңа жылдан күтер жаңалықтарым көп. Алдымен еліміз тыныш, несібеміз мол болсын. Дастарқандарыңызда ас мол болсын. Әрине, сәбізді де ұмытпаңыздар. «Қоян» ретінде айтарым, әсіресе, мен секілді жас отбасылары қояндай тату болыңыздар. Одақтарыңызды нығайтып, үйлеріңізді ұядай етіңіздер.

1999 жылы туған Аружан ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

№6 Хромтау мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы

1.Қазақша жыл санауды жақсы білемін. Әкем — барыс, анам — жылқы, апам — тышқан, сіңлім доңыз жылы туған. Келе жатқан жыл — менің жылым — қоян. 1999 жылы төл теңгеміздің туған күні — 15 қарашада дүниеге келгенмін. Айтпақшы, әжем Сара да 1951 қоян жылы туған. Әжем маған өзіме ұқсағансың дейді. Бірақ мен атамның қызымын. Қояндар бір орында тұрмайды ғой. Көп жүреді. Әжем екеуміз де сондаймыз. Менің әжемнен өзгешелігім — қорқақ емеспін. Ал әжем қатты қорқақ. Оны өзі де айтады. Бала кезінде биік қырларға, төбелерге шығуға қатты қорқыпты. Қоянға ұқсастығым — сәбізді ұнатамын.

2. Алда бірінші рет қоян жылын қарсы алғалы отырмын. Бұл жыл маған көп қуаныш сыйлап, есте қалатын болады деп ойлаймын. Қоянның көжегіндей сүп-сүйкімді інілі болсам деймін.

3.Алдағы жылдан күтерімді інілі болсам деп айтып қойдым. Сыныптастарыма, туған-туыстарыма, барлық адамдарға тек жақсылық тілеймін. Қоян жылы жақсы жыл болсын. Үлкендердің айтуынша, бұрындары қоян жылы халыққа қолайсыз болған. Бірақ қоян сүйкімді, адамдарға жақын және қолға тез үйренеді. Сондықтан алдағы қоян жылы халыққа жылы, жақын болсын.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button