Мереке

Құрмет пен тілек

Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан 22 ардагер бар. Жеңіс күнінде облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов екі ардагердің үйіне барып құттықтап, мерекелік сый-сыяпатын табыстады.
Әуелі Болашақ ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Анисим Харенконың үйіне барды.
Диванда кеудесі медальға толы «парадный» костюмін киіп алған ардагер отыр. Облыс әкімінің орынбасары ардагерге әуелі облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын оқып, гүл мен азық-түлік салынған қоржынын табыстады.
— 17 жасыңызда майданға Қобда ауданынан аттанып, үшінші Белорус майданында шайқасып, от пен оқтың ортасында жүріп, Минск, Витебск қалаларын азат етуге атсалысқан ерлігіңізді бүгінгі ұрпақ ұмытпайды. Мереке құтты болсын! Сізге мықты денсаулық тілеймін, — деді облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов.
Жеңіс жауынгері де жыл сайын көрсетіп жатқан құрмет пен игі тілектері үшін облыс басшылығына алғысын жаудырды.
Анисим Харенко 1944 жылы Шығыс Пруссия майданында Пликен ауылында «тілді» қолға түсіргені үшін «Ерлігі үшін» медалымен марапатталады. Ал Жеңісті Германия жерінде қарсы алады. Армияда 1948 жылға дейін болады. Елге келген соң Анна Ефимовнаға үйленіп, 4 бала тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде 7 немересі, 7 шөбересі, 1 шөпшегі бар.
Биыл 96 жасқа толған Анисим ата мерекелік көңіл күйді білдіргісі келді ме, ыңылдап ән айтты. Қызы жауынгер қарттың балалайкада шебер ойнайтынын, ән айтқанды жақсы көретінін әңгімеледі.
— Әкімдіктегілер ардагерлерді әрқашан ұлықтайды, құрметтейді. Сый-құрметтері үшін қарт жауынгердің ұрпағы ретінде алғыс айтамын. Тіпті, осы пәтерді де 2011 жылы Жеңістің 66 жылдығында облыстық әкімдік сыйға берді. Биыл да материалдық көмек беріп жатыр. Аспанымыз ашық болсын! Ел тыныш болсын! — деді ардагердің қызы Лидия Анисимовна. Құлағы ауыр естігені болмаса, қатарластарының қасында ширақ көрінетін қарт жауынгер бізді тікесінен тік тұрып, өзі шығарып салды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button