Басты жаңалықтарМереке

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Отан қорғаушылар күні облыс әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерлерін алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтау лебізін облыстық мәслихаттың хатшысы Аманкелді Нұғыманов екі ардагердің үйіне барып, арнайы жеткізді.
100-атқыштар бригадасының жауынгері, артиллерист Сатылған Бекмағамбетов пен бөлімше командирі, пулеметші Михаил Диденконы салтанатты түрде құттықтау үшін облыстық мәслихат 6655 әскери бөлімнен оркестрді арнайы шақырды.
1941 жылдың желтоқсанында майданға шақырылған Сатылған Бекмағамбетов Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысты, Ржев, Смоленск жеріндегі қанды шайқастардан аман шыққан адам. Ол екі рет жараланып, тұтқынға да түседі, жолдастарымен бірге одан қашып шығады. Жауынгердің үйіне сол жылдарда екі рет «қара қағаз» келеді.
101—атқыштар бригадасының 1941 жылдың желтоқсанында Ақтөбеде құрылымдалғаны белгілі. Оның құрамына Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының тұрғындары шақырылады. Бастапқы кезеңде подполковник Севастьян Яковленко командир болып тағайындалып, саға саяси жетекшілік тізгінін Нұри Әлиев ұстайды. Бригада штабы №6 мектепте орналасады. Бригада құрамында 3 804 жауынгер мен командир, 16 жүк және 6 жеңіл автомобилі, 460-тан астам ат, басқа да материалдық игіліктер болады.
Бригада өзінің жауынгерлік жолын 1942 жылдың қазан айының соңында Калинин майданында 39-армия құрамында бастайды. Ал соғысқа қараша айының аяғында Калинин (қазіргі Тверь) облысының Оленино қаласы аумағында қатысады.
1942 жылдың тамызында Ржев түбінде Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына ұзаққа созылған және қанды шайқастардың бірі ретінде енген қақтығыс басталғаны белгілі. Мәскеуге солтүстік-батыстан өршелене ұмтылған жау әскерінің бетін қайтарып, оларға қарсы соққы беру барысында кеңестік әскерлер 1 100 000-нан астам жауынгері мен командирлерінен айырылды. Бұл ұрысқа қатысқан101-ші және 100-ші қазақстандық атқыштар бригадалары өздерінің жеке құрамының 80 пайызын ел қорғау жолында құрбан етті. «Марс» деген атау алған жауға қарсы операция туралы бүгінде жан-жақты зерттелуде.
Михаил Иванович Диденко майданға 1943 жылдың қарашасында 17 жасар бозбала шағында аттанады. Белоруссия үшін болған шайқасқа қатысып, Прибалтиканы азат етеді, Кенигсбергті алу сапында болады.
Биылғы қаңтарда 100 жасқа толған Сатылған Бекмағамбетов 101-атқыштар бригадасынан қалған көзі тірі жалғыз жауынгер. Ардагер әлі де тың, ол қонақтарды «Жаңақоныс» тұрғын үй аумағындағы үйінің алдынан қарсы алды.
Ардагерді мерекемен жайдары жүзбен құттықтаған Аманкелді Нұғыманов облыс әкімінің атынан құттықтау хатын тапсырып, сыйлығын тапсырды және ақсақалдың иығына шапан жапты.
– Біз Отанымыз үшін шайқасқа қатысып, ел үшін жанын қиған ерлерімізді ешқашан ұмытпаймыз,- деді ол. – Сіздер, ардагерлер, келешек ұрпаққа өлшеусіз ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп келесіздер.
Қарт жауынгер құттықтау үшін алғыс сезімін білдіріп, барлығына игіліктер мен бейбітшілік тіледі, ақсақалдық ретімен батасын берді.
Ақсақалдың үйі алдында сап түзеген жауынгерлік оркестр оған құрмет ретінде әскери марш ойнатып, соғыс жылдары әндерін шырқады.
Облыстық мәслихаттың хатшысы соғыс ардагері Михаил Диденконың үйінде болған сәтінде бұрынғы пулеметші-командирге де облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырып, сыйлығын ұсынды.
Мұнда да оркестр жеңіс жауынгеріне арнап әндер орындап, сол жылдардың саздарын әуелетті.
– Мен өзімнің Отаныма және облыс басшылығына соғыс ардагерлерін ұмытпай, құрмет көрсетіп отырғандары үшін алғысымды айтамын, – деді 95 жасар майдангер,- Біздің мемлекетіміздің қамқорлығы арқасында Ұлы Отан соғысының қатысушылары осындай ілтипат пен игіліктерге ие болып отыр.
Биылғы жылы қазақстандық майдангерлерге Мемлекет тарапынан екі миллион теңгеден қаржы бөлініп отыр. Аманкелді Нұғыманов облыстық мәслихат атынан қос ардагерге 100 мың теңгеден қаржы ұсынды.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button