Басты жаңалықтарМереке

Құрметті Отан қорғаушы азаматтар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

 

Қадірменді жерлестер!

Дана халқымыз «Отан оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс – күймейсің» дейді.  Көктемнің  мизамшуақ  мамыр айы осы ойларды бекіте түскендей. Күні кеше елдің бірлігі мен бекемдігін атап өтсек, іле-шала  7 мамыр — Отан қорғаушылар күні, оның соңынан 9 мамыр — Жеңіс күні қатарынан келіп тұр.

Шынында да, адамзат баласы үшін ата-анасымен,  отбасымен тең тұратын ең қымбат құндылық Отан. Ал оны қорғау, оған қызмет ету — әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы, перзенттік парызы.

Қазақ даласының кең-байтағын бізге мұра етіп қалдырған бабаларымыз, осынау ұлан-ғайыр жерді тек білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатты, ұлағатты ісімен де қорғаған еді. Ел мен жердің тағдыры таразы басына түскен сын сағатта ақтөбелік азаматтар қашанда ерен ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. Ардагер ағаларымыздың сұрапыл соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы сол замандағы ортақ Отанымызға адал қызмет етудің үлгісі болған еді. Сол бір қиын-қыстау заманда ер-азаматтармен қатар Әлия мен Мәншүктей қазақтың қайсар қыздары жас жандарын құрбан етсе, ауылда қалған апа-әжелеріміз майдангерлер үшін жылы биялай-шұлықтарымен жүрек жылуларын қоса жолдап, ерлердің орнында тылда аянбай еңбек етіп, ортақ жеңіске өз үлестерін қосты.  Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі  де осынау мерекенің жемісі.

Әрбір майдангердің, оның елде қалған отбасының  қосқан үлесін ескеріп, құрметтеу — бүгінгі ұрпақтың ардақты борышы. Өйткені олар бүкіл адамзатты  фашистік жүйенің езгісінен құтқарды. Қазір де әлем дүрбелеңге толы. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын дәуір әлі келе қойған жоқ. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан бұрқ ете қалатын бүлікшілік тоқтамай тұр. Айналамыздағы көрші елдерде  шекаралық шегендеудің кемшіліктерінен туған дау-дамай толастар емес. Сол себепті де бейбіт өмірдің сақталып, еліміздің өсіп-өніп, өркендеуіне әрқайсымыз мүдделіміз. Отанымыз өркендеген сайын сол жетістіктерді қорғаудың өзектілігі де күн сайын арта түседі. Арғы тарихымыз да, биыл 30 жыл толып отырған тәуелсіздігіміздің белестері де тағылымды шежіреге толы. Біз сол ерлік шежірені қаншалықты жетік білсек, Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз соншалықты ыстық болмақ.

Құдайға шүкір, аты әлемге танылған Қазақстанымызды баршамыз мақтан тұтамыз. Ал жұмыр жердің бетінде ұлтарақтай жерге зар болып, берекесі ұйыған елге қызығып  жүрген ұлттар қаншама?!  Ендігі жерде халықтың ауызбірлігін сақтап, ынтымақ пен татулықты одан әрі нығайта түсу — біздің басты парызымыз. Көк аспанда күн бейнесін күзеткен қырандай  қастерлі тудың түбінде тұрып, ант беріп, аманат арқалаған азаматтарымыз ел сенімін ақтап, бейбіт өмірді, тәуелсіз елдің  шекарасын кірпік қақпай күзетіп келеді.  Олай болса, жұртының бейбіт өмір сүргенін қалайтын, еліне қорған болуға жарайтын, қасиетті борышын мәртебе санайтын азаматтарымыз жасасын!  Баршаңызды 7 мамыр — Отан қорғаушылар мерекесімен, ардагерлеріміздің қуанышты көз жасына куәгер 9 мамыр — Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мерейлі мереке қарсаңында отбастарыңызға амандық, зор денсаулық, ортаймас дәулет, молшылық пен бақ-береке тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button