Басты жаңалықтар

Әлия есімі әуежайға берілді

Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Қаланың басты әуе қақпасының маңдайшасына латын әріптерімен Әлия Молдағұлова деп жазылып, әуежайдың ішіне батыр қыздың бюсті қойылды.

Бейсенбі күні Ақтөбедегі халықаралық әуежайға Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін беруге арналған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қала әкімі Асхат Шахаров, батыр қыздың туыстары мен оның өмірін зерттеп жүрген танымал қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар қатысты.

— Әлия Молдағұлова — күллі қазақ елінің мақтанышы. Аты аңызға айналған жерлесіміздің өмірі мен ерлігі  бізге, өскелең ұрпаққа лайықты үлгі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақтөбе халықаралық әуежайына Кеңес Одағы Батырының есімі берілді. Бұл — баршамызға ортақ үлкен қуаныш.

Бүгінгі салтанатты шара Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында өтіп жатыр. Баршаңызды облысымыз үшін қуанышты оқиғамен құттықтаймын, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Салтанатты шараға қатысқан әлиятанушы, «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес әуежайға Әлияның портреті мен өзінің әлі тұсауы кесілмеген жаңа кітабын тарту етті.

— Әуежайдың маңдайшасындағы Әлия Молдағұлова деген жазуды көргенде жүрегіміз толқып, жанымыз тебіренді. Халықаралық Ақтөбе әуежайына Әлияның есімі беріліп, ұлықталып жатыр. Бұл — бәріміздің қуанышымыз. Батырын ескерген халық мәңгілік жасасын! Әлия айтқан сайын жаңара береді. Ол әр уақытта бізбен бірге, — деді Ғалымжан Байдербес қуаныштан көзіне жас алып.

Бұдан соң салтанатты шараға қатысушылар батыр қыздың бюстіне гүл шоқтарын қойды. Әуежайға қойылған Әлияның бюстін ақтөбелік танымал мүсінші Жеңіс Жұбанқосов жасаған.

Айта кетейік, бүгінгі таңда әуежайда 512 адам қызмет етеді. Күніне Алматыға — 3, Нұр-Сұлтанға — 4, Ақтау мен Атырауға 1-2 рейс бар. Мамыр айынан бастап Түркістан бағытына, ал маусым айынан бастап Шымкентке жаңа рейс ашылмақ. Сондай-ақ  халықаралық бағытта Египетке, БАӘ-ға, Түркияға рейстер қарастырылған. Алдағы уақытта  Мәскеу мен Ленинград бағытында рейс ашылмақ.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button