Басты жаңалықтарМәселе

Ойыл неден тартылды?

Өткен қыста қар мол түсіп, көктемде көп өзеннің арнасы суға толды. Бірақ өңірімізде жылдан-жылға тартылып бара жатқан өзендер де бар.

Ойыл өзені бойындағы ауылдардың жұрты да биылғы көктемге зор үмітпен қарап еді. Өкінішке қарай, ол үміт ақталған жоқ. Өзеннің тартылуы, әсіресе, біздің облыстың Ойыл ауданы мен көршілес Атырау облысының Қызылқоға ауданының халқына ауыр тиіп отыр. Қызылқоға жағында өзен мүлде тартылып, арнасы құрғап кеткен. 2020 жылы екі ауданның азаматтарынан құралған бастамашы топ өзеннің тартылу себептерін анықтау мақсатымен бірқатар жұмыстарды қолға алды. Соның ішінде аудандар әкімдіктерінің қолдауымен экспедициялар ұйымдастырылды, ал С.Бәйішев атындағы және Х.Досмұхамбетов атындағы университеттердің мұрындық болуымен конференциялар өткізілді.

Өткен аптаның соңғы күндерінде Атырау облысының Қызылқоға, сондай-ақ Ойыл, Темір аудандары мәслихаттарының депутаттары және белсенді азаматтардың қатысуымен тағы бір экспедиция ұйымдастырылды.

Осы жұмыстарға белсенді араласып жүрген қызылқоғалық азамат, Ойыл өзенінің жанашыры Есенбай Нұров:

— Індет жағдайындағы шектеу шараларына байланысты биылғы экспедицияға аз-аз ғана адаммен, бірнеше топ болып шықтық. Жалпы, алдыңғы зерттеулерімізден біз өзеннің тартылуына негізгі үш себеп бар деп шешкен едік: біріншісі, Ойылға келіп құятын салалар, яғни өзендер мен бұлақтар бастауларындағы бөгеттер; екіншісі, өзендердің қамыс-қоғадан тазартылмауы; үшіншісі, бұлақ көздерінің бітелуі. Бөгеттердің саны, қай жерде қандай бөгет бар екені жөнінде мәлімет келтіргенде, бұрын спутник арқылы түсірілген суреттерге сүйенсек, енді былтырдан бергі экспедициялардың барысында біз сол бөгеттерді көзбен көріп, бейнетаспаға түсіріп, нақты қай шаруашылыққа тиесілі немесе иесіз екені, қай өзен әлде бұлақтың бастауында тұрғаны, өлшемдері туралы мәліметтер алып жүрміз. Биылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев іссапармен Атырау облысына келгенде, біз арнайы жолығып, Ойыл өзенінің экологиялық жағдайы нашар екенін айттық. Соның нәтижесінде осы мәселе мамыр айында министрлік өкілдерінің қатысуымен өтетін конференцияда талқыланатын болды. Бұл экспедиция алдағы конференцияға дайындық мақсатымен ұйымдастырылды, біз қолдағы мәліметтерді тағы бір пысықтап, толықтырып, нақты ұсыныстар әзірлегіміз келеді, — дейді.

Ойыл жанашырларының пікірінше, өзеннің тартылуы — адамдардың салғырттығынан, табиғатқа, табиғат байлығына жауапсыз қараудан болып отырған апат.

— Мысалы, кейбір мамандар өзендерді қамыс-қоғадан тазартудың керегі жоқ, өзендер ағыс арқылы өзін-өзі тазалайтын қабілетке ие деп есептейді. Бұл — қате пікір. Орыстың Николай Ханыков деген ориенталист-ғалымының 1844 жылы біздің өлкенің өзен-көлдерін зерттеп жазған еңбегі бар. Оны архивтен тарихшы Сейілхан Аманқұлұлы тауып, бізге ұсынды. Осы еңбекте Мұғалжардан бастау алып, меридианға қарсы ағатын өзендердің, соның ішінде Ойыл өзенінің де ағысы баяу деп сипатталып, сондықтан жергілікті малшылардың оны қамыс-қоғадан тазартып отыратынын айтқан. Ал мұндай тазарту жұмыстары соңғы уақытта мүлде жасалған жоқ. Өткен қыста ғана ойылдық азаматтар өз бастамаларымен, өз күштерімен өзеннің кей тұстарындағы қалың өскен қамысты шапты. Биіктігі 2-3 метр болып, қалың қамыс басып, тіпті құба тал өсіп кеткен жерлер бар. Біздің білуімізше, осындай жағдай өткен ғасырдың 70-жылдарында да болған, өзен тартылып қалған. Соған байланысты 1975 жылы Қызылқоға ауданының басшылары республика басшылығынан көмек сұраған, сөйтіп өзенді тазарту жұмыстары жүргізілген. Қамыс-қоғадан бөлек, өзенге түрлі қалдықтар төгіп отырған шаруашылықтар да бар. Шаруашылықтар малды өзенге емін-еркін жіберіп, оны ластауға жол бермеуі керек. Сондай-ақ бұлақ көздерін де аршу керек. Экспедиция барысында Қобда ауданындағы Жарсай ауылының Зейнолла есімді тұрғыны кеңес заманында кеңшар аумағындағы ондаған бұлақтарды тазарту жұмыстарының жыл сайын жүргізілгенін, кейін ауыл жан-жаққа көшіп, әркім өзімен-өзі болып, ол жұмыстардың да ұмыт қалғанын айтып қынжылды. Міне, осы салғырттықтың, қамсыздықтың зардабын тарта бастадық, — деді Есенбай Нұров.

Сондай-ақ ол Ойылға құятын өзендердің, бұлақтардың бастаулары мен бойына заңсыз салынған бөгеттер мәселесінің күн тәртібіне бірінші қойылуы керектігін айтты. «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» деп, біз әдетте Жайық, Ертіс секілді бастауын шетелдерден алатын өзендер бойында отырған елді мекендердің проблемаларын жиі қозғаймыз. Ал өз жерімізден бастау алатын өзеннің игілігін неге оның бойындағы барлық елді мекендердің тұрғындарына ортақ ете алмаймыз?

Ойыл өзенінің жанашырлары алдағы мамыр айына белгіленген конференцияға зор үміт артады. Олар 23-25 сәуір аралығында Ойыл, Қиыл, Қобда, Темір, Мұғалжар, т.б. бағыттардан жинақталған материалдарды әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынбақ. Түпкі мақсат — өзеннің мүлде жойылып кетуіне жол бермеу.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button