Жұмыссыз жастар бизнес әліппесімен танысты
Кәсіпкерлік
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске қосқан «Жас кәсіпкер» пилоттық білім беру жобасы ел жастары арасында бірден қолдау тапты. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында осы жоба аясында тұрақты жұмысы жоқ 149 жас Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің базасында қысқа мерзімді курста оқып жатыр. Ал облыс аудандарында 474 жас кәсіп ашудың әліппесін үйреніп жүр.
Сейсенбіде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбедегі филиалының басшысы Анар Даржанова бастаған бір топ кәсіпкерлер қысқа мерзімді курста оқып жатқан жастармен кездесті.
— Жастар жылы аясында басталған «Жас кәсіпкер» танымал «Бастау» жобасына ұқсас жасалған.Тұрақты жұмысы жоқ жастар енді қысқа мерзімді курстардан өте алады. Курс соңында өзінің бизнес жоспарын таныстырып, қорғайды. Сосын өз ісін ашуға 200 айлық есептік мөлшерінде, анығы, 505 мың теңге мемлекеттік грант ала алады. Бұл жарты миллион — кәсібін енді ашып жатқан адамға мемлекет тарапынан беріліп отырған зор мүмкіндік. Мұнда арнайы таңдалған бизнес-жаттықтырушылар дәріс беріп жүр. Бірінші ағымның сабақтары 24 шілдеде басталды. Болашақ кәсіпкерлерге аймақтағы кәсіпорындар қаншалықты сәтті жұмыс істейтіні және ақшаны қай салаларда салған дұрыс екендігі айтылады, — дейді Анар Даржанова.
Одан соң қаламызды көркейтуге атсалысып жүрген кәсіпкерлер Асхат Айтжанов, Асқар Садықовтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Екі кәсіпкер де қазіргі бизнестерін нөлден бастағандарын, тек еңбекқорлықтың арқасында үлкен жетістіктерге жетуге болатынын нықтап айтты. Сондай-ақ олар жас кәсіпкерлерге болашақ бизнес — бүгінгі идея екенін, сондықтан да өз ойыңа әуелі өзің сенуің керектігін, болмаса, өзің сенбей тұрған нәрсе ешуақытта жүзеге аспайтынын да түсіндіріп өтті.
Курс тыңдаушыларының 3D принтер, шаштараз, наубайхана секілді қызмет көрсету салаларына арналған бизнес-жоспарлар құрып жатқандарын білдік.
— Бұл жоба тек жастарды ғана емес, сондай-ақ, біз секілді көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, аз қамтылған отбасыларды да оқытады. Мұнда біз үш аптадай оқып, сосын бизнес-жоспарымызды комиисия алдында қорғайтын боламыз. Мен наубайхана ашсам деймін. Нан-бөлке өнімдері қай кезде де сұранысқа ие ғой, — дейді курста оқып жатқан көпбалалы ана Гүлмира Өтегенова.
Ақтөбеде және облыста бірінші ағымның түлектерінің бизнес-жобаларын қорғауы 12 тамызда өтеді. Барлық түлектер сертификат алады. Оқуды бітіргеннен кейін әр түлектің 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде тегін грант алуға немесе стартапты бастауға ақша алу үшін жылдық үстемесі 6 пайыздан 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына қатысу мүмкіндігі болады. Жалпы облыс бойынша жыл соңына дейін «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 1100 адамды оқыту жоспарланған.
Ұлттық кәсіпкерлік палатасы елімізде «Жас кәсіпкер» жобасын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырып отыр және оқу тегін өткізіледі. Топтар тестілеу нәтижелері бойынша құрылады. Оқудың ұзақтығы — үш апта. Жоба қатысушыларына 19 273 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
Оқудың екінші ағымына қатысқысы келетіндер осы жылдың 12 тамызына дейін Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына немесе жұмыспен қамту орталықтарына хабарласуларына болады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.