Жаңалықтар

Ақпарат саласындағы ынтымақтастық

«Ақтөбе Медиа» ЖШС қазіргі уақытта аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ынтымақтастықты дамыту, баспасөздің ықпалдылығын өрістету, өзара тәжірибе алмасу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Бұған дейін көршілес Ресейдің Орынбор аймағындағы облыстық газеттердің журналистерімен байланыс негізі орнатылған болған.

Жақында Ақтау қаласынан «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дүтбаева бастаған топ арнайы іссапармен келіп, «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымында болды. Олар осында серіктестікке қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері қызметкерлерімен кездесті.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин маңғыстаулық әріптестерге өзі басқаратын медиахолдингтің жұмысы, атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді, алда атқарылатын жобалармен бөлісті.

— Менің негізгі мамандығым — психолог, бірақ өз қалауымды журналистикадан таптым. 1999 жылы журналист әрі жүргізуші ретіндегі алғашқы қадамымды «Қазақстан-Ақтөбе» телерадиокомпаниясында бастадым. Одан кейін осы салада Атырауда еңбек еттім. Ақтауда өңірлік коммуникация қызметіне жетекшілік жасадым. Ал өткен айда «Маңғыстау Медиа» ЖШС директорлығы қызметі тізгінін ұстадым. Бұл серіктестіктің құрамына екі тілде шығатын облыстық газеттер, сондай-ақ аудандық басылымдар кіреді.

Мен «Ақтөбе Медиа» компаниясының жұмысымен танысып шықтым, мұражайда баспасөз клубында, медиа мектепте болдым. Ғасырлық жолдан өткен «Актюбинский вестник» пен биыл 95 жылдығын атап өткелі отырған «Ақтөбе» газетінің тарихын танып-білдім, — деді өз сөзінде «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дүтбаева.

Кездесу соңында өзара ынтымақастық туралы меморандумға қол қойылды. Онда өзара тәжірибе алмасу, бірлескен семинар-тренингтер өткізу, басқа да шығармашылық бағыттарда жұмыстар жүргізілетін болады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button