Жаңалықтар

Қауіпсіздік шаралары сөз болды

Христиандардың суға шомылу рәсімі Ақтөбе қаласының 4 жерінде өтеді. Бұл туралы кеше қалалық әкімдікте қала әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен өткен жиын барысында айтылды.

— Қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні «Крещение Господне» мейрамына орай суға шомылу рәсімі өтеді. Бұл бірінші рет өткелі отырған шара емес. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін діни мерекені бірауыздан тиісті деңгейде өткізуіміз қажет. Жергілікті полиция қызметі тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындардың  қауіпсіздігін сақтау бойынша наряд ұйымдастырылсын. Бүгінгі таңда қала тұрғындары үшін  суға түсуге арналған 4 орын әзірленіп отыр. Бұдан бөлек,  рәсімді өткізетін жеке аймақтарда да қауіпсіздік шараларының деңгейін бақылауды тапсырамын, — деген қала әкімі жауапты мекемелерге іс-шараны тиісті деңгейде өткізуге тапсырма берді.

«Крещение Господне» мерекесіне орай суға түсу рәсімі мына жерлерде өтеді: Елек өзеніндегі «Жилгородской» жағажайы, «Кірпішті» ауылы көпірі жанындағы «Елек» жағажайы, Елек өзеніндегі «Земснаряд» ауданы «Жағажай-1» жағажайы, сондай-ақ Елек өзеніндегі Нокин-Жанқожа батыр көшелерінің қиылысы ауданындағы «Семейный» жағажайы. Бұдан өзге діни рәсім «Green Land» демалыс орталығында да өтеді. Дегенмен, аталған аймаққа кіру ақылы.

Әрбір суға түсу орындарында құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің кезекшіліктері ұйымдастырылып, жылыту пункттері мен жарықтандыру қарастырылған.

— Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан «Крещение Господне» мерекесін тойлауға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Белгіленген суға түсу орындарына рейдтер жасалып, қауіпсіздік талаптары тексерілді. Қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түні жедел-құтқару жасағының жеке құрамы күшейтілген негізде жұмыс жасайтын болады. Барлық автокөліктер қажетті жабдықтармен, құрылғылармен жабдықталған, — дейді облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы Құспан Хамзин.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button