АуылБасты жаңалықтар

Маралды мекен

Қазір Мәртөк ауданының Қазан ауылындағы шаруашылық алқабында 150 марал жайылып жүр. Бұл аймақта марал өсіріп, шаруашылықты дамыту үшін 700 гектар жер бөлінді.

МАРАЛДАР КЕЛЕР ЖЫЛЫ КӨБЕЙЕДІ

Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Сариновтың айтуынша, ауданда марал өсіру ісі биылдан бастап қолға алынды. Бұл шаруашылықты жүзеге асырып жатқан  — Мәртөктегі «Зару» жеке қожалығы.

Облыста бірінші рет марал өсіру шаруашылығы Мәртөкте құрылып, бүгінде бұл іс жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Марал өсіру ісімен жергілікті кәсіпкер шұғылдануда. Ол үшін Қазан ауылынан 700 гектар жер бөлінді. Қазір Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген 150 марал осы жерде жайылып жүр. Бір жылдық жануарлардың тең жартысы — еркек мал. Маралдар келер жылы көбейеді, — деп әңгімесін бастаған бөлім басшысы облыста бұрын-соңды мұндай жануардың қысқа түспегенін, ол үшін кәсіпкер мал азығын дайындау жұмыстарына тыңғылықты кіріскенін атап өтті.

«Шаруашылық алқабында маралдар үшін қора салынып, жұмысшыларға арнайы үй тұрғызылды. Сонымен қатар, шаруашылық базасында кәсіпкер 4 құдық қазды. Әрбір құдық әртүрлі тереңдікте қазылды. Жайылымдық жерді тиімді қолдану мақсатында кәсіпкердің бұл жұмыстары үшін алдағы уақытта Үкімет тарапынан субсидия төленеді. Яғни, қаражаттың 80 пайызы қайтарылмақ», — деді Ш.Саринов.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, бұл жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы — 2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына қатысып, мемлекеттік қолдауға ие болған. Нақтырақ айтсақ, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы 150 миллион теңге сомасында несие қаражытына қол жеткізіпті.

ЖАНУАРДЫҢ ЖАЙЫЛУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ

Марал шаруашылығы үшін жайылым аумағы түгелдей қоршалған. Қоршаудың биіктігі — 3 метр. «Зару» жеке кәсіпкерлігіне шипажай салу үшін арнайы жер телімі беріліпті. Яғни, мұнда маралдың сүйектенбеген жас мүйізінен панты алып, ем жүргізіледі. Бүгінде екі қабатты шипажай ғимараты тұрғызылған, енді ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалыпты. Шамиль Сариновтың айтуынша, ғимарат келер жылы пайдалануға беріледі.

Бизнеспен шұғылданғанымызға 25 жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде кәсібімізді дамытып, ісімізді өркендету үшін Үкімет тарапынан бірнеше қайтара мемлекеттік қолдауға ие болдық. Оның ішінде, жиырма жылдан бері «Банк центр кредит» акционерлік қоғамымен  тығыз байланыс орнаттық. Ол үшін түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жүрміз. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы аталған банктен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау негізінде қомақты қаражатқа қол жеткізіп, бұл қаржыны марал шаруашылығын дамыту ісіне жұмсап жатқан жайымыз бар. Әрине, осыншама жылдар бойы жасаған еңбегіміздің нәтижесі — жиған-тергенімізді де марал шаруашылығының аяғынан тік тұрып кетуі үшін салып жатырмыз. Қазан ауылындағы банкрот деп танылған жер телімін иеленіп, қазір осы маңда марал шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Бұл орайда жергілікті әкімдіктің қолдауын да көрдік.  Бүгінде жер учаскесі түгелдей қоршалды. Себебі, маралдар  қауіпсіз әрі еркін жайылуы керек. Марал өсіру шаруашылығын ашудағы басты мақсатымыз — аудан территориясында шипажай-пантоемдеу орталығын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Себебі, марал өсірмей, бұл жоба жүзеге асырылмайды, — деді «Зару» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ертарғын Тілегеновтың зайыбы Бану Тілегенова.

Кәсіпкер бұл іске кіріспес бұрын Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласындағы марал өсірумен айналысатын «Багратион» шаруашылығында болып, жануарды өсірудің, күтім жасаудың қыр-сырын үйреніп келгендерін айтады.

Ақтөбенің табиғаты марал өсіру үшін қолайлы екеніне көзімізді жеткіздік. Облыстың климаттық ерекшелігі маралдарға ешқандай әсер етпейді. Себебі, Мәртөк Ресейдің Орынбор облысына жақын болғандықтан, «солтүстік аудан» деп аталады.  Марал жергілікті шөппен қоректенеді. Қазір бізге бұл аймақтан шипажай салуға 1 гектар жер бөлінді. Шаруашылық ашуға жер бөлу мәселесі толықтай шешілді. Күзде 150 маралды Шығыс Қазақстан облысынан жеткіздік. Бір маралдың құны мен оны Ақтөбеге тасымалдау үшін кеткен шығынның көлемі — 350 мың теңге, — деді Бану.

ПАНТОЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ МАУСЫМДА АШЫЛАДЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мәртөк ауданына жасаған сапарында аталған шаруашылық иелерімен осы жобаны жүзеге асыру барысы туралы сөйлескен кезінде: «Марал өсірудің екі ерекшелігі бар. Біріншісі — пішен, екіншісі — ауа райы. Егер маралға осы екі жағдай сәйкес келетін болса, онда бұл жануар осы жерде өмір сүре алады.   Сәйкес келмесе, өліп қалады. Содан кейін, бұл жануарды күтіп-баптайтын мамандар керек. Маралдың мүйізін кесудің де өз әдісі бар. Егер мүйізді дұрыс кеспесең, кейін шықпайтын болады.  Екінші мәселе — кескен мүйізді қайнату және кептіру. Оның да өз әдісі бар. Бұл жай нәрсе емес, үлкен жұмысты талап етеді», — деген болатын.

Бану Тілегенова биыл маусым айында «Багратион» шаруашылығында 6 адам арнайы оқытылғанын, енді келер жылы ашылатын пантоемдеу шипажайы жұмысын жетілдіру үшін 4-5 маманның Алматы қаласындағы пантоемдеу орталықтарында курстан өтетінін мәлімдеді.

Маралдың мүйізін кесу жұмыстары мамыр айының аяғы мен маусымның басында жүргізіледі. Себебі, бұл кезде маралдың мүйізі жұмсақ әрі қанының емдік қасиеті мықты болады. Сүйектеніп кеткен марал мүйізінің ем-дом жасауда ешқандай пайдасы болмайды. Оның айтуынша, шипажай келер жылдың маусым айында іске қосылады. Осы кезде жергілікті жердің 40 адамын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.

Қазір марал шаруашылығында 5 адам еңбек етіп жатыр. Маралдарды Ақтөбеге әкелгенімізге онша көп уақыт өтпесе де, жануарлар бұл жердің табиғатына жерсініп үлгерді. Жақында бір қызық жағдай болды. Жайылымдағы маралдар бір жерге шоғырланып, ойнақтап, секіріп жүргенін көрдік. Бұл — маралдардың жергілікті жердің табиғатына үйренгенінің белгісі, — дейді кәсіпкер.

Ақтөбенің қысына бірінші рет түскелі тұрған маралдар үшін қысқы азық та  дайындалыпты. Шаруашылық қарапайым мал жейтін шөп пен жемнен бөлек, 5 тонна асқабақ, 3 тоннаға жуық сәбізді жергілікті жердің тауар өндірушілерінен  сатып алған. Осылайша, жергілікті кәсіпкерлер бір-біріне қолдау танытып отыр.

Маралдар орамжапырақ пен сәбізді, асқабақты сүйсініп жейді. Әрине, көкөністің бұл түрін тек маралдар ғана емес, шөппен қоректенетін өзге де  жануарларға азық. Алайда бізде сиырға немесе өзге де малға мұндай азық көбіне-көп берілмейді. Сондықтан біз маралдардың күн сайынға рационына көкөністің осы түрлерін қосып бермекпіз. Бұл өз кезегінде жануардың бойында кальций сынды өзге де дәрумендерді молайтады. Шаруашылықта жұмыс жасайтын мал дәрігерінің жоғары білімі бар. Орынбор облысындағы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған маман Өскемендегі марал шаруашылығында 4 рет болып, жануарға вакцина жасау сынды өзге де шаруалардың мән-жайын үйреніп, оқып келді, — деді Б.Тілегенова.

P.S. Марал мен теңбіл бұғы өсіру — марал шаруашылығының бір бағыты. Басты өнім — жануардың жас мүйізі. Одан дәрі жасалады. Маралдан алынған дәрі жүрек-қан тамыр жүйесі, бұлшық ет пен тыныс жолдарына аса пайдалы. Белсіздікке дауа іздеген жандарға марал мүйізінің сорпасы да ем көрінеді.  

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button