Дала аккорды
21-23 шілде күндері Ақтөбе қаласында «Степной Аккорд — 2017» VI халықаралық авторлық әндер фестивалі өтті. Фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.
Облыс әкімі алдымен Сазды өзенінің сағасына жасалған тазалау жұмыстарымен танысып, су қоймасы бөгетін қалыпқа келтіру, бекіту жайын қарады.
Айта кету керек, су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға Сазды су қоймасының сағасынан Сәңкібай батыр көшесіне дейінгі 6,3 шақырымдық жер қамтылады.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова «Степной Аккорд — 2017» VI халықаралық авторлық әндер фестивалінің туын көтерді.
— Облыс басшылығы атынан Қытай, Белоруссия, Ресей мемлекеттерінен, сондай-ақ, еліміздің басқа қалаларынан келген қонақтарға қош келдіңіздер деймін!
Біз өлең мен әннің адамға қандай күш-қуат, жігер беретінін жақсы білеміз. Оның ішінде ақындар мен сазгерлер өлеңді, әнді осындай таза ауада, судың жағасында, ағаштың саясында отырып жазады. Әсіресе, гитарамен орындалған ән адамға жақсы көңіл күй сыйлайды. Бүгінгі сіздердің түкпір-түкпірден жиналғандарыңыз өте дұрыс. Біз сіздерді қолдаймыз. Өйткені өнер арқылы әрбір ұлттың, мемлекеттің абыройы мен беделі өседі. Біз биыл облысымыздың 85 жылдығын атап өткелі отырмыз. Елімізде ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр. Сондықтан сіздердің жиналғандарыңыз біздің облысқа абырой мен бедел береді. Барлығыңыздың өнерлеріңізге табыс тілеймін! Мемлекетіміздің абыройын асырып жүре беріңіздер! — деді Б.Сапарбаев.
Сазды су қоймасының жасыл алаңында өткен фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары авторлық әндер тыңдап, спорттық ойындарға қатысып, көңілдерін көтерді.
Шара аясында балалар мен жасөспірімдердің байқаулық бағдарламасы, туристік кезеңдер, құмнан әртүрлі формадағы мүсіндер жасау байқаулары, шахмат турнирі
мен балаларға арналған сурет байқауы да өтті.
Үш күнге созылған фестивальде өзге мемлекеттер мен еліміздің басқа облыстарынан келген автор-орындаушылардың жеке бағдарламалық концерттері ұйымдастырылып, фестиваль қонақтарына ерекше құрмет көрсетілді.
Ал шараның салтанатты жабылу рәсімінде фестиваль қонақтарына, фестивальға қызмет көрсеткендерге Алғыс хаттар табысталып, авторлық әндер клубы мен фестиваль ұйымдастырушыларының өзара тәжірибе алмасуы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Фестиваль авторлық әндерді орындаушылардың «Город на белом холме» атты қорытынды концертімен аяқталды.
Ақтөбе қаласы әкімшілігінің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастырумен өткен «Степной аккорд» фестивалі биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналды.
Д.ҚАЗИХАН.