Басты жаңалықтар

Облыстық газеттер мен «Оренбуржье» арасында әріптестік ынтымақтастық орнады

Облыстың құрылуының 85 жылдығы қарсаңында, сондай-ақ Байланыс және бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің шақыруымен көршілесі Ресей өңірінен облыстық «Оренбуржье» қоғамдық-саяси газетінің директоры әрі бас редакторы Любовь Суркова бастаған бір топ қызметкерлері келді. 

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС мен «Оренбуржье» газеті арасындағы қол қойылған меморандум тұрақты ақпараттар алмасудың, өзара тиімді ынтымақтастықтың бастауына айналмақшы.

Кездесу барысында Раукен Отыншин атап көрсеткендей, ынтымақтастыққа екі жақ та мүдделі. Екі өңірді ең алдымен тарихи тамырластық байланыстырады. Орынбор — Қазақстанның алғашқы астанасы. Онда біздің қандастарымыздың қатары әлі де қалың.

Қазіргі уақытта экономика, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында екі аймақ арасында берік байланыстар орныққан.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұжымымен кездесу барысында Любовь Суркова өздерінің газет шығарудағы тәжірибесімен бөлісіп, ардагер қаламгер Вильям Савельзон бастаған қалам иелерінің үлгісін алға тартты.

Қазіргі уақытта «Оренбуржье» газетінің редакциясында 48 адам еңбек етеді. Аптасына үш рет шығатын басылымның қалыптасқан өзіндік оқырмандары бар.

«Оренбуржье» басылымында материалдарды безендіру ерекше орын алады. Газеттің бір бетінің арнайы «Фотоқиылыс» деп аталуы соның бір мысалы. Фотобезендіру бөлімінің редакторы Олег Рукавицын бұған дейін әйгілі басылым «Комсомольская правданың» фотографы болып қызмет істеген, «РИА-Новости» ақпараттық агенттігімен қызметтес болған, яғни өз ісін жетік білетін тәжірибелі маман. Оның Чернобыль апатының зардаптарын бейнелейтін, Шешенстандағы соғыс қасіретін көрсеткен туындылары көпшіліктің сезімін қозғап, жоғары бағаға ие болған.

Орынборлық газеттің бас редакторының орынбасары Татьяна Богатенкова ақтөбелік әріптестеріне үш жылдан бері өздері ұйымдастырып келе жатқан «Мәңгілік полк» акциясы туралы айтып берді.

— Егер алғашқы жылы акцияға барлығы 120 адам жиналса, биыл қала көшелеріне майдангер аталары мен әкелерінің фотоларын көтерген 37 мыңдай ұрпақтары шықты. Бұл біздің көңілімізді толқытты, жүрегімізге өшпес әсер қалдырды,— деді ол.

«Оренбуржье» сайтының редакторы Владимир Воронцов танымал әлеуметтік желілердегі сайт жұмысы, беттерді ақпараттық қамту жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

Қонақтар сондай-ақ «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның жұмысымен кеңінен танысты. Кездесу барысында осы серіктестік құрамындағы облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихы, жетістіктері баяндалды.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button