Басты жаңалықтар

«ЭКСПО-2017»: Ақтөбенің күндері басталды!

Дүйсенбі күні Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Ақтөбе облысының күндері басталды. 30 маусымға дейін жалғасатын шараның шымылдығын ақтөбелік өнер шеберлері ұйымдастырған «Ақтөбе — құтты мекен» гала-концерті ашты.

Концертті тамашалағандардың қатарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, т.б. мәртебелі қонақтар болды. «ЭКСПО-2017» қалашығы аумағындағы амфитеатрда өткен думанды кеште халық әндері мен билері, күйлер орындалып, сахнаға дүлдүл күйші Абдулхамит Райымбергенов, сондай-ақ, Өмірқұл Айниязов, Марат Әйтімов, Светлана Айтбаева, Жадыра Арыстанова сынды белгілі әншілер, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония мен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының өнерпаздары шықты. Мерекелік шараның тағы бір жаңалығы — Қытайдағы «I am a singer» байқауының жүлдегері Димаш Құдайбергеннің ән салуы болды. Екі ән орындаған Димашқа көрермендер құрмет-қошеметін аяған жоқ.

Ашық аспан астында өткізілген гала-концертте ине шаншар жер болмады. Ақысыз ұйымдастырылған шараны жерде отырып тамашалағандар да кездесті. Бір жарым сағатқа созылған концерттің соңында сахнаға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің атынан ықылас гүлі әкелініп, осылайша мәдени шараның басы-қасында жүрген шығармашылық топқа құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақтөбеден Елордаға 600-ден астам өнерпаз арнайы келген. Олар облыс күндері аясында келушілерге концерттер мен көрмелер ұсынса, тағы бір топ қазақ күресі мен тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен ойындар өткізбек.

* * *

Бұл күні «Қазанат» қалалық ипподромы жанында жасақталған этноауылда «Ақтөбе зергерлерінің іздерімен» атты жылжымалы көрмесі ашылды. Киіз үйде өтіп жатқан көрмеге келушілер аз емес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтер де осы қатарда болды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айнұр Мақсатқызынан білгеніміздей, көрмеге құнды этнографиялық бұйымдар қойылған. Олардың жалпы саны — 70.

— Музейіміздің тарихи қорында сақталған жәдігерлердің біршамасын осында алып келдік. Мұнда әйел адамдардың зергерлік бұйымдары, атап айтқанда, белдік, ұзатылған қалыңдықтың әшекей заттары, жалпы күмістен жасалған дүниелер бар. Сонымен қатар, XIX ғасырдан жеткен зерленіп тігілген киімдер, соның ішінде шапандар  қойылды. Мұндай жәдігерлерді орталық музей мен бізден ғана табуға болады. Сүйектен жасалған бұйымдар, ат әбзелдері, тағы да басқа жәдігерлер де көрмеде көрініс тапты, — дейді ол.

Музей қызметкері шетелдік туристер тарапынан, әсіресе, зергерлік бұйымдарға қызығушылық танытып жатқандардың қарасы қалың екенін айтты.

Бұдан бөлек, Ақтөбе күндері аясында астаналықтардың назарына «Has Sanat» галереясында «Ақтөбе мануфактуралары» атты картиналар көрмесі мен Ақтөбе облысының аса көрнекті сәулет ескерткіштерінің фотокөрмесі ұсынылмақ.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Астана қаласы.

Суреттерді түсірген Аймұрат Дәрібаев.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button