Жаңалықтар

Он бір мың шейіттің рухына тағзым!

Шымкенттің төрінде Тілеу батырға еңселі ескерткіш орнатылады

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Шымкент қаласында қазақтың ұлдары — әрі батыр, әрі би, ірі қолбасшы Тілеу батыр Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяқ батыр Тілеуұлының ескерткіші бой көтермек. Ескерткіш облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың тікелей қолдауымен орнатылуда. Осы мәселеге қатысты республикалық ономастикалық комиссияның шешімі мен Шымкент қаласы әкімінің қаулысы шығарылды.
Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан уақытта Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынұлы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан Мұз сарайының алдындағы алаңқайға ескерткіштің қазығы қағылып, капсуласы құйылды. Бүгінде жасы тоқсанға толып отырған қазақтың абыз ақсақалы Құдайберген Оңғаров бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері, елдің игі-жақсылары жиылып, іске сәт тілеп, бата жасады.
1681-1684 жылдардағы Сайрам соғысы — қазақ тарихының қанды да шерлі әрі каһармандыққа толы беттері. Шығыстан анталаған жоңғар әскері бүкіл Жетісу жерін қанға бөктіріп, енді Оңтүстікке бет түзеген еді. Сол дәуірдегі аса маңызды тірек қала болған Сайрамды алса, ендігі жерде жауды тоқтату қиынға соқпақ. Тап осынау ел басына күн туған заманда Тілеу батыр 2 мың шақырым қашықтықта жатқан сонау Ақтөбе жерінен соңына 17 мың әскерін ертіп келді. Бауырларының есендігі, қандастарының азаттығы, қазақ жерінің тұтастығы үшін жан аямай соғысуға келді. Сайрам соғысы 4 жылға жуық жалғасты. 1684 жылғы шешуші шайқаста Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдыаяқ батыр опат болды. Олармен бірге 11 мың сарбаз шейіт кетті. Есесіне жау әскері шегініп, қазақ қолы жеңіске жетті. Халқымыз бодандықтан құтылды.
Шымкенттің төрінде орнатылатын еңселі ескерткіш Тілеу мен Жолдыаяқ батырға ғана емес, сол шейіт кеткен 11 мың боздақтың рухына тағзым, ерлігіне кұрмет. Олар Отан үшін басын өлімге байлаған нағыз ерлер!
Тілеу батыр Айтұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы, профессор Иманәлі Байдәулетовтің айтуынша, ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрді құрайды. Биіктігі 5 метрлік тұғырдың үстіне атқа қонған Тілеу мен Жолдыаяқ батырдың мүсіндері қойылған.
— Ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмысқа жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Шымкент каласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа алғыс айтамыз. Қазір мүсіндер дайын тұр. Таза мыстан құйылған. Өнер туындысының авторы — Әбдікәрім Ахметов. Ескерткіш толықтай демеушілердің есебінен салынуда. Алла жазса, ескерткішті биылғы 7 қазан күні ашуды жоспарлап отырмыз, — дейді И.Байдәулетов.
Ахмет Байтұрсынұлы көшесі — қаланың орталығы, жастардың көп жүретін жері. Еңселі ескерткішке карап бой түзеген қазақтың әрбір ұлы Отанын Тілеу батыр Айтұлындай сүйіп, оған адал қызмет етсе мұратқа жеткеніміз сол емес пе?І

Айдар Құлжанов,
Шымкент қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button