Күй күмбірлеген кеш
Шалқар ауданының туысы Жәлекеш Айпақов — өңірімізге танымал тұлғалардың бірі. Ол Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестріне домбырашы болған, Қазанғап күйлерін алғашқы насихаттаушылардың бірі ретінде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағын алған. Қазанғап күйлерін насихаттаған өнер иесі Құрманғазы, Мәмен, Дина күйлерін де асқан шеберлікпен орындаған.
Күй кешінің шымылдығы мұрағатта сақталған домбырашының өз орындауындағы «Көкіл» күйімен ашылды. Кешке ҚР мәдениет саласының үздіктері Нұрболат Жанаманов пен Жайлау Асылханов, Қазанғап атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері Асылбек Кенегесов, лауреаттар Талап Хамзин, Құрманғазы Асылханов, Аманғос Табыншаев, Ардақ Елеусіз қатысты. Сонымен қатар, Шалқар, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Алға аудандарының күйшілері мен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі де үлкен сахнада өнер көрсетті.
Сахнада Қазанғаптың «Торы ат», «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», «Ақжелең», «Торы аттың табақ тартуы», «Ұршықтың жұртта қалғаны», «Өмір жайлау» күйлері тартылды. Кеште орындаушылар күй тартумен қатар, күйдің шығу тарихына тоқталып, жиналған жұртшылықты қызықты әңгімелермен баурап алып отырды.
Данагүл ҚАЗИХАН.