ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР ДӘРІПТЕЛДІ
«Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Мәртөк аудандық филиалының ұйымдастырумен ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді насихаттауға арналған іс-шара өтті. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында өткізілген мерекелік думанда халықтың кең тараған салт-дәстүрлері — тұсаукесер, баланы бесікке салу, беташар сияқты түрлі жоралғылар жасалды.
«Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Мәртөк аудандық филиалының мүшесі Шара Бекназарованың айтуынша, бұл күнге негізделген тақырыптық іс-шаралар ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді:
— Биыл Наурыз мейрамы аясында ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде бауыр аяқ дәстүрін ұйымдастырдық. Бұл дәстүрдің жоралғыларын көпті көрген Сәлима әжей жасады. Бауыр аяқ дәстүрі бала еңбектеуге талпынып, құйрығымен жылжып, қимыл-әрекеті белсенді бола бастаған кезде тез аяқтансын деген мақсатпен өткізіледі. Бауыр аяқ дәстүрінде қойдың піскен үш сирағын баланың бауырынан жеті рет өткізеді. Содан соң мал сирағы салынған табақтағы астан алдымен баланың өзіне дәм татқызып, қалған асты жиналған жұрт бөлісіп жеп, балаға ақ батасын береді. Бала киіміне моншақ, әшекей тағып, жақсылық тілейді, — дейді ол.
Сондай-ақ мерекелік думанда ауыл тұрғындары аудандық Мәдениет үйі мен әжелер ансамблі ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалап, дастарқаннан дәм татты.
Ақмарал Мұқашева,
Мәртөк ауданы.