Басты жаңалықтар

Лифтінің алғашқы «қадамы»

Ақтөбе қаласының  «2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін жаңарту»  бағдарламасы аясында   ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 285-үйдің бірінші подъезіндегі  лифт жаңартылып, 5 қазаннан бастап пайдалануға берілетін болды.

Бұл іске мұрындық болған Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының  меңгерушісі Жұлдызбек  Бисембин :

— Тұрғындардың өтініші бойынша осы үйдің бірінші подъезіндегі лифт жаңартылды. Оған 5 миллион 860 мың теңге қаражат  жұмсалды.  Тұрғындарға жеті жылға пайызсыз қарыз берілді, олар  пәтерлерінің  көлеміне қарай өздеріне тиесілі қарызды өтейді.

Бұрын бұл жердегі лифт ұрланып кеткендіктен, 15 жылдан бері лифт жұмыс жасамаған. Әлі де қаладағы 15 көп пәтерлі үйдің лифті  алмастырылады. Біздің инспекция мен «Табыс Ақтөбе» ЖШС  қызметкерлері  алдын ала пәтер иелерінің арасында  түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өздерінің келісімімен осы істі қолға алған алған  «СканСориум KZ» ЖШС  лифт компаниясы (директоры Қайрат Мұхамбетқалиев)  бір ай  бойы  жөндеу жұмыстарымен айналысты. Лифтінің машина бөлімшесін, оның шатырын, лифт шахтасын, шұңқыры мен оның маңайын  жөндеп, есіктерін ауыстырып, желдеткіш орнатып,  барлық жұмысын  бітірді, — деді.

Ал  сол үйдің тұрғыны Жеңіс Ұмытқанов ағамыз  былай дейді:

— Көп жылдан бері лифт жұмыс жасамайды, өзім жетінші қабатта тұрамын, енді қайтсем екен, үйімді ауыстырсам ба екен, әлде сатсам ба екен деп екі ойлы болып жүргенмін. Жоғары қабатқа көтерілу оңай емес. Жаңа лифт іске қосылып, бір марқайып қалдық.

Құрамына сол үйдің 45-пәтерінің иесі А.Осыка, 46-пәтердегі С.Щербакова, 47-пәтердегі Л.Волковалар енген бастамашыл топ  лифтіні тексеріп қабылдап алды.

Су жаңа лифтіге кіріп, жоғарылы-төмен түсіп-мініп көрген тұрғындар мен БАҚ өкілдері  риза болысты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button