Жаңалықтар

Қаңтар: жылдың басы жақсы басталды

Шолу

Облыс өңірінің шежіресі іспетті «Ақтөбе» газеті биыл өзінің 100 жылдық белесіне көтерілмекші. Сондықтан да басылымның алғашқы саны оқырманға «Жүз жыл жылнамасы» атауымен жол тартты.

Он бес мыңға жуық оқырманымен Жаңа жыл есігін ашқан облыстық газет бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша қаңтар айында да өңірдің жақсы жаңалықтарын, өркенді өзгерістерін, сондай-ақ көпшілікті мазалаған мәселелерді жұртшылық назарына ұсынды.

Үлескерлер үміті

Жосықсыз деп есептелген құрылыс компаниялары 540-тан астам азаматты тұрғын үй алуға үміттендіріп, жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгеге шығынға батырып отыр.

Бұл бағыттағы проблемаларды шешу үшін жергілікті биліктің ықпалымен «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды.

Қазіргі уақытта Ақтөбедегі құрылысы аяқталмай қалған 11 проблемалық нысанның басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Алты тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға инвесторлар тартылды. Жаңадан құрылған компания үлескерлердің тізімін жасақтау, мониторинг жүргізу жұмыстарымен шұғылдануда.

Мемлекеттік сатып алуға маңыз беріледі

Экономикалық-әлеуметтік бағдарламалардың, негізінен, мемлекеттік сатып алулар арқылы шешілетіні белгілі.

Биыл облыста жалпы сомасы 62 миллиард теңгеден астам қаржыға 314 жоба бойынша конкурстық рәсімдер өткізу жоспарланған. Оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысты 140, техникалық қадағалау — 140, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөнінде — 18, қызметтерді сатып алу — 16 жоба бар.

Өңірде автокөлік жолдарын жөндеуге ерекше назар аударылуда. Бұл бағытта 41 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Өкінішке қарай, әзірге 18 жобаның ғана тиісті құжаттары дайындалған. Мұның өзі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуіне әсерін тигізетіні айқын.

Облыс басшылығы қазіргі уақытта бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр.

Мал тұқымын асылдандыру: нақты істер

Облыс аумағында бүгінде 9112 мал шаруашылығымен шұғылданатын құрылым болса, соның жеті жүзден астамы асылтұқымды мал өсіреді.

Жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ірі қараның ішінде асылтұқымды мал үлесі 12,9 пайызға жетті. Бұл өнімділіктің көтерілуіне де негіз қалауда.

2020-2022 жылдар аумағында облыстың шаруаларына асылтұқымды мал басын өсіруге 21 миллиард теңге шамасында субсидия берілді. Былтыр бұл көрсеткіш 9 миллиард 300 миллион теңгені құрады.   

«Жайлы мектеп» жобасы құлаш жаймақ

Елімізде қолға алынып, мемлекет тарапынан кеңінен қолдау тапқан «Жайлы мектеп» жобасының иглігін ақтөбеліктер де көп ұзамай көретін болады. Бұл жоба аясында 18 мектеп салу жоспарланды. Қазіргі уақытта соның он төртінің құрылысы басталып та кетті.

Бұл білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба болып табылады. Оның мақсаты — орта білім беру ұйымдарында апаттық нысандарды, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою.

Жайлы мектептер бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Мектептерде бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Ырғыздағы ұмтылыс

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының Ырғыз ауданы бойынша филиалы ауыл кәсіпкерлеріне шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға қатысты «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында кәсібін жаңа бастаған азаматтарға қолдау көрсетуде.

Бүгінде ауданда 773 жеке кәсіпкер бар.

Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша 86 жобаға 638,2 миллион теңге қаржы рәсімделген. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасының екінші бағыты бойынша инфрақұрылым жүргізу мақсатында екі кәсіпкердің жобалық-сметалық құжаттары мен бизнес-жобаларын жасақтауға қолдау көрсетілген.

Жеке кәсіпкерлерден басқа, 285 шаруа қожалығы және жұмыс істейді. Ауыл кәсіпкерлеріне «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында сервистік менеджер-кеңесшілер 1140 қызмет көрсеткен.

«Бекнұр» техникалық жөндеу орталығы, «Матғам» кафесі, ветеринарлық дәріхана, «Керуен» кемпингі, басқа да нысандар — кейінгі тұстың еншісіндегі жетістіктер.

Қызылшаға қарсы күрес

Қаңтар айының бастапқы кезеңіне облыс аумағында зертханалық әдіспен 2,2 мыңнан астам қызылшамен сырқаттану белгісі анықталды. Өкінішке қарай, науқастанғандардың басым көпшілігі — екпе алмаған балалар. Жалпы қосымша жаппай иммундау аумағында 35,6 мыңнан астам адам екпе алған.

Бүгінде облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қызылшамен сырқаттанушылықты азайтуға, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысты ауқымды шараларды жүзеге асыруда.

Спортты серік еткендер

Денсаулық кепілі саналатын спортқа құштарлық жыл сайын артып келеді. Былтыр өңірде 400 мыңға жуық адам денешынықтырумен және спортпен тұрақты айналысқан.

Бұған облыста бір жыл ішінде 71 облыстық чемпионат пен біріншілік, 8 ел чемпионаты, онға жуық халықаралық деңгейдегі турнир өткізілуі де өз ықпалын тигізгені анық.

Бүгінде жаңа 19 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында футбол академиясы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені, Шұбарқұдықтағы бассейн бар.

Облыста 33 олимпиадалық спорт түрін дамытуға басымдық беріліп отыр. Былтыр осы ауқымда ақтөбеліктер ірі жарыстарға қатысып, 65 алтын, 59 күміс және 112 қола медаль алып келді.

Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар да көбейіп келеді. Биыл өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да ақтөбеліктер қызу даярлық үстінде.

* * *

Мол қары мен аязын ала келген қаңтар, міне, ақпанға жол берді. Күн ұзара түскенімен, әлі де қыс қабағы қатулы болатын түрі бар.  

Дегенмен ауа райының қытымыр мінезіне қарамайтын ерен еңбек адамдары қызу тірліктерін тоқтатпасы анық.   

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button