Жаңалықтар

Арнайы топтағылардың құқығының қорғалуы 

Адам құқығы

Қазақстандағы омбудсмен кеңсесі мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарының сақталуына ұдайы зерделеу жүргізіп, осы бағытта қызмет атқарып келеді. Оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін жабық мекемелердегі мүгедектігі бар жандарды оңалту мәселесі назардан түспейді.

Анықтама үшін: бірінші және екінші топтағы жалғызілікті мүгедектігі бар азаматтарға, психоневрологиялық науқастар қатарындағы бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты бөгде адамның күтіміне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мүгедектігі бар азаматтардың жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейінделген қарттарға, мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған интернат-үйлерінде жүзеге асырылады және өмір сүру жағдайын жасауды, күтімді қамтамасыз етуді, медициналық қызмет көрсетуді, оңалтуды, әлеуметтік-еңбекке бейімделуді, демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруды қамтиды.

Ақтөбе облысы бойынша медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін, мемлекетке қарасты 3 мекеме бар. Олар — Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы —  қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған интернат-үйі, №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы — созылмалы психикалық аурулармен ауыратын 18 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектердің тұрақты тұруына арналған стационарлық үлгідегі орталық және №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы —  психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған интернат-үй.

Бұл мәселенің өзекті болуының себептеріне тоқталсақ, біріншіден, жабық мекемелердегі көрсетілетін қызметтің сапасына бақылау жасау —  кез келген адам үшін қолжетімсіз нәрсе, екінші фактор: мүгедектігі бар азаматтардың бірқатары шағымдану тетігін жүзеге асыра алмайтын топтарға жатуы мүмкін (мәселен, жүйке ауруына шалдығуына байланысты мүгедектік алған азаматтар).

Осы ретте кезкелген жабық мекемеге кезкелген уақытта кіріп, ондағы қызмет алушы азаматтардың құқықтарының қорғалуына зерделеу жасай алу құзырына ие омбудсмен және оның жергілікті өкілдерінің қызметі алғы шепке шығады.

2022 жылдың қараша айынан бастап омбудсменнің облыстық өкілдігі бастапқы кезде облыс прокуратурасымен бірлесе отырып медициналық әлеуметтік мекемелерге мониторинг жасаған болса, одан кейін өз бетімен, заңнамада көзделген құзыреті аясында зерделеуді жалғастырып келеді. Осылайша өкілдік ең алғашқы зерделеудің өзінде 31 бұзушылық анықтап, уәкілетті органдарға сәйкесінше ұсынымдар шығарды.

Омбудсменнің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің жұмыс жасауы нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған жабық мекемелердегі анықталған өзекті мәселелердің негізгілеріне тоқталсақ:

  1. Медициналық-әлеуметтік мекемелердегі орындардың жетіспеушілігі мәселесі.

Салыстырмалы түрде мүгедектігі бар азаматтар саны қарайлас Қостанай облысында (мүгедектігі бар тұлғалар — 28000) —12 мекеме; Ақмола облысында (мүгедектігі бар тұлғалар — 29215) — 10 мекеме; Солтүстік Қазақстан облысында (мүгедектігі бар тұлғалар — 24926 адам) 9 мекеме болса, мүгедектігі бар 29 396 азамат саны тіркелген Ақтөбе облысында мұндай мекемелердің саны 3-еу ғана. Мысалы,Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы созылмалы психикалық аурулармен ауыратын 18 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектердің тұрақты тұруына арналған стационарлық үлгідегі орталыққа облыс бойынша 178 мүгедектігі бар азамат бүгінде кезек күтуде. Бұл — облыс басшылығы назар аударатын мәселе.

  1. Психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған интернат-үйінің облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Үміт» балалар үйінің ғимаратында қолайсыз, тар үй-жайда отырғаны жөніндегі мәселе 2022 жылдан бастап омбудсмен институты тарапынан Үкімет деңгейіне дейін көтеріліп, айтылып келеді. Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бүгінгі беріп отырған жауабына сәйкес, бұл мәселе биыл шешімін тауып, арнаулы қызмет көрсетілуге мұқтаж балалар жаңа ғимаратқа көшірілмекші. Бұл жағдай өкілдіктің ұдайы назарында болмақ.
  2. Медициналық-әлеуметтік мекемелердегі қызмет алушы мүгедектігі бар азаматтарға арнайы жасақталатын жеке оңалту бағдарламаларының барлығы үшін бірдей етіп жасақталуы. Яғни сырқаты, жынысы, мүгедектік деңгейі, жас ерекшеліктеріне назар аудармастан, бірдей етіп бағдарлама жасау үрдісі бүгінге дейін бар. Жиі кездесетіні — медициналық-әлеуметтік мекемелерге жолдама берілген тұлғалардың жеке оңалту бағдарламаларындағы көзделген оңалту шаралары тек қана «медициналық-әлеуметтік мекемедегі оңалту шаралары» деген бір сөйлеммен қамтылуы. Бұл ретте омбудсмен институты физикалық, медициналық, әлеуметтік оңалту мен бейімдеуге мұқтаж мүгедектікке ие азаматтардың әрқайсысына дербес, егжей-тегжейлі жеке оңалту бағдарламалары жасақталуы керек деген пайымды ұстанады. Тек сонда ғана мүгедектігі бар азаматтардың жағдайын жақсартып, дамыту және оңалтудың шаралары нәтижелі болуы мүмкін.
  3. Медициналық-әлеуметтік мекемелер персоналының кәсіби деңгейінің сай болмауы немесе басшылық тарапынан бақылаудың аздығы. Мәселен, 2023 жылдың қыркүйек айында мониторинг жасау кезінде №3 әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне қарасты психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған интернат-үйінде балаларды дамыту мен оңалтудың күнтізбелік жоспарлары, әр баламен жеке-дара жұмыс нәтижелерінің жоқтығы, 0,5 жүктемемен ғана жұмыс істейтін логопед және дефектолог мамандардың тәрбиешіге көмекші ретінде жұмыс жасап, өздерінің тікелей міндеттерімен айналыспайтыны анықталды. Мониторинг нәтижесінде мекеме басшылығына және уәкілетті орган — Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ескерту жасалды.

Жоғарыда аталған мәселелер 2022 жылдан бері қарай медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметін зерделеу нәтижесінде шығарылған 40-қа жуық ұсынымнан туындап отырғанын, басқа да ірілі-ұсақты бұзушылықтарды жоюға қатысты жұмыс үздіксіз жалғасып жатқанын атап өткен дұрыс.

Омбудсменнің заңнамамен көзделген құзыры аясында ұдайы жалғасын табатын жұмыстардың бірі — мүгедектігі бар жандардың құқықтарының қорғалуы десек, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі өзінің осы бағыттағы белсенді жұмысын одан әрі жалғастырады.

 А.БАЙДУЛЛИНА,

ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button