Басты жаңалықтар

Футбол

Аса маңызды мәселе — алғашқы алтылыққа ілігу

Өткен аптаның жексенбі күні кезекті матчтан соң телевизия тілшісіне берген сұхбатында «Ақтөбенің» капитаны Самат Смақов өз командасының жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

Расында да, бұл жолы бап шапса да, бақ шаппады ма, әйтеуір, соншама басымдылық көрсеткен, қарсыластар қақпасын торуылдап-ақ баққан ақтөбеліктер стадион толы жанкүйерлеріне жеңіс қуанышын сыйлай алмады. Ал «Астана» бұл кездесудің нәтижесіне шын көңілден риза болған-ақ шығар. Қалай болғанда да, екі қақпаның да құлпы ашылмады — 0:0.

Сөйтіп, бірінші айналымда 0:1 есебімен ұтылып, үш ұпайдан айрылған жерлестеріміз, «Астанаға» енді, міне, және тағы бір ұпай сыйлады. Бірақ бұл екі есепті де орны толмас өкініш деуге келмес. Себебі, «Ақтөбе» турнирдің екінші кезеңінде чемпиондыққа таласатын алтылыққа ілігер деген үмітіміз зор. «Астананы» сол кезеңде де алып ұруға әбден болады.

Турнир кестесінде екінші орында келе жатқан талдықорғандық «Жетісу» бұл 19-турда Қызылордаға барған еді. «Қайсардың» қақпасына бірінші таймда 1, екінші таймда 3 доп енгізіп, ірі жеңіске жетті — 4:0.

Павлодарлық «Ертіс» бірінші кезеңді алғашқы алты команданың бірі болып аяқтау мүмкіндігін ұлғайтты. Өскеменнен олжалы оралды. Онсыз да соңғы орында келе жатқан «Востокты» тағы бір сорлатты — 2:1.

Алғашқы алтылықтың сапында болудан шымкенттік «Ордабасының» да дәмесі зор. Бірақ «Тараз» бұл турда оларды тобықтан шалып қалды, жеңіс жалауын желбіретулеріне мүмкіндік берген жоқ — 1:1.

Ал «Қайрат» қауіпті аймақтан біршама аулақтаудың ретін тапты. Алматыға келген «Атырауды» 2:0 есебімен ұтып, «Қайсар» мен «Востоктан» іргесін ажыратып қойды.

  • 19-турдан соң алғашқы жеті орын иелері тұғырларын өзгерткен жоқ.

«Астана» 41 ұпаймен көш бастап тұр.

2-орында — 40 ұпайы бар «Жетісу».

37 ұпай жинаған біздің «Ақтөбеміз» 3-орында тұр. Бірақ «Ақтөбе» мен «Тобыл» басқа командалардан бір матчты артық өткізгенін ескергеніміз жөн.

4-орындағы «Шахтердің» 36 ұпайы бар.

«Ертіс» — 5 орын, 30 ұпай.

6-орындағы «Тобыл» мен 7-орындағы «Ордабасының» ұпайлары бірдей — 27.

«Қайрат» екі сатыға ілгеріледі, 19 ұпаймен 8-орынға көтерілді.

Дәл сондай 19 ұпайы бар «Атырау» 9-орынға түсті.

10-орын — «Тараз», 18 ұпай.

11-орын — «Қайсар», 13 ұпай.

12-орын — «Восток», 11 ұпай.

 

  • Сұрмергендер:

1. Улугбек Бақаев («Жетісу») — 12;

2. Сергей Хижниченко («Шахтер») — 11;

3. Малик Мане («Ақтөбе») — 8;

4. Сергей Гридин («Тобыл») — 8;

5. Марат Хайруллин («Ақтөбе») — 8.

 

«Ақтөбе» футболшылары соққан доптарды да түгендей кетелік:

Сергей Лисенков — 6;

1 доптан соққандар:

Мақсат Құрмашев;

Аслан Дарабаев;

Самат Смақов;

Эмиль Кенжесариев;

Тити Эссомба;

Евгений Аверченко;

Владимир Джилас.

 

  • 20-турдың кездесулері 16-17 шілде күндері өтеді

16 шілде күні «Астана» «Таразды» қабылдайды.

Талдықорғанда «Жетісу» «Ордабасымен» кездеседі.

Қызылордада «Қайсар» мен «Қайрат» күш сынасады.

«Атырау» өз алаңында «Востокты» қабылдайды.

Павлодардағы «Ертіс» пен «Шахтердің» арасындағы матч 17 шілде күні өтеді.

20-турдың матчтарын алдын ала өткізіп қойғандықтан бұл турда «Ақтөбе» мен «Тобыл» демалады.

Бұл турда бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа ену мүмкіндіктері бар «Тараз» бен «Ордабасы» ерекше құлшыныспен ойнауы тиіс. Бірақ бұл екеуіне де бұл жолы екі серке тап келіп тұр.

Сондай-ақ павлодарлықтар мен қарағандылықтар да алдыңғы алтылыққа ілігу мәселесін шешуде маңызды қадам жасауы керек-ақ.

 

ЕУРОПА ЖӘНЕ БІЗ

 

14 шілде күні Қазақстан жанкүйерлерінің ұйқысы бұзылатыны анық. Үш бірдей командамыз еуропалықтармен күш сынасады.

Ақтөбеліктер, әрине, алдымен, Венгрия жаққа елеңдейді.

Еуропа лигасының ойындарына екінші іріктеу раундынан бастап қосылғалы отырған «Ақтөбе» Кечкемет қаласында «Кечкемет» командасымен кездеседі.

Ал «Шахтер» өз алаңында Дублин қаласының (Ирландия) «Сент-Патрикс Атлетик» командасын қабылдайды. Қарағандылықтар бірінші раундта  Словенияның «Копер»  командасынан басым түскені белгілі — 1:1, 2:1.

«Ертіс» Грузияға сапар шегеді. Қарсыластары — Рустави қаласының «Металлург» командасы. Өткен іріктеу кезеңінде павлодарлықтар Белосток қаласының (Польша) «Ягеллония» клубын жолдан ысырып тастаған болатын — 0:1, 2:0.

Қарымта матчтар 21 шілде күні өтеді.

Ал 12 шілде күні Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына екінші раундтан бастап қатысқан «Тобыл» Братиславада (Словения) «Слован» командасынан 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Нақты жеңімпаз 19 шілде күнгі қарымта кездесуде анықталады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button