«Қайран біздің аналар…»
Жеңіс күні облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен Amanat партиясының Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлерінің үйіне барып, мерекесімен құттықтады.
Бұл күні депутаттар тыл еңбеккерлері Жәкібай Бисенғалиева, Анна Морсова, Тасқыра Еменғалиеваға барды.
— Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы тылдағы еңбектеріңіз майдан даласындағы ерліктен кем түспейді. Сіздер сол ауыртпалықтың барлығын ерлермен бірге көтере жүріп, ұрпақ тәрбиесіне де зор үлестеріңізді қостыңыздар.Сіздерге мың алғыс, адал еңбектеріңіз үшін басымызды иеміз, — деді ардагер әжелерді құттықтаған Гүлқасима Сүйінтаева.
Биыл 108 жасқа толатын Жәкібай Бисенғалиева құттықтап келген депутаттарға алғысын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Колхоз жұмысына ерте жастан араласқан ол сауыншы болып, отыз сиырға дейін сауып, сүтін тапсырғанын, елдегі ер-азаматтар майданға аттанған кезде тракторды да тізгіндегенін, бау-бақша еккенін, бертін келе кітапханашы болып еңбек еткенін әңгімеледі. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында фин соғысынан оралған ауылдасы Ғабит Бисенғалиев екеуі отау құрып, 3 бала сүйеді. Көп ұзамай, күйеуі қайтадан майданға аттанып, Жәкібай әже ата-енесін баға жүріп, колхоздың қара жұмысынан қол үзбепті. Соғыс аяқталған соң аман-есен елге оралған күйеуі балаларының қызығын көріп, 92 жасында өмірден өткен.
Өмір бойы Отан игілігі үшін адал еңбек еткен Жәкібай әже бүгінде кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасын мақтанышпен тағып жүр.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.