Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: Өңір тұрғындарының бірде-бір өтініші назардан тыс қалмайды

Темір ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Шұбарқұдық ауылында тұрғындармен кездесу өткізді, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Кездесуге жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар мен аудан аумағында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың басшылары қатысты.

2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, ауданда өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында өндірістің өсімі байқалып отыр. Негізгі капиталға инвестициялар тарту, тұрғын үйлерді іске қосу, құрылыс жұмыстарының көлеміне қатысты жоспарлар асыра орындалған. Бұл туралы аудан әкімі Саламат Аманбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, биылғы жылға арналған міндеттер туралы баяндамасында мәлімдеді.

Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес негізгі міндет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болып қала беретінін атап өтті. Тұрғындардың табысын арттыру, коммуналдық саланы, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту басты назарда болуға тиіс.

💬 «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауылдық аумақтарды дамытуға мүмкіндік беретін жоба. Бірінші кезекте жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, АӘК алатын отбасылар қатыстырылуы тиіс. Бүгінгі таңда ауданда бұл бағыттағы жұмыс өте төмен. Болашағымыз мұнайға байланысты болмау керек. Болашақ – экономиканың басқа салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында. Халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі ауданда қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да қанағаттанарлықсыз жүргізіліп жатқанын алға тартты. Аудан басшылығына экономиканы әртараптандыруға қатысты міндеттер қойылды.

Аудан тұрғындары өңір басшысына ауылдардағы интернеттің сапасына, ескі көппәтерлі үйлердің инженерлік желілерінің қанағаттанарлықсыз жай-күйіне, жұмысқа орналасуға, медицинаның қолжетімділігіне және т. б. қатысты сұрақтармен жүгінді.

Ең өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерді газдандыру. Бүгінгі таңда аудан халқының 93,4%-ы тұратын 14 ауылғс көгілдір отын тартылған. Қазіргі уақытта Алтықарасу және Еңбекші ауылдарында газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Осы жобалар іске асырылса, халықтың газбен қамтамасыз етілу деңгейі 95,9%-ға жетпек.

Шалғайдағы елді мекен үшін автомобиль жолдарын жөндеу мәселесі де өзекті.

Биылғы жылы Темір ауданында ұзындығы 46,9 шақырым болатын жолдарды жөндеу бойынша 11 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде Тасқопа және Сартоғай ауылдарына кіреберіс жолдарды, Шұбарқұдық, Кеңқияқ және Қопа ауылдарындағы  ауылішілік көшелерді жөндеу бойынша жобалар бар. Облыс әкімі жолға арналған жобалардың санын ұлғайтуды, оның ішінде аудан аумағында жұмыс істейтін ірі жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында және тиісті міндеттемелерін іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Шамамен екі сағатқа созылған тұрғындармен кездесуде көптеген сұраққа жауаптар берілді. Қосымша қарауды және шешуді қажет ететін мәселелер бақылауға алынды.

💬 «Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды», – деп сендірді Ералы Тоғжанов.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button