Өрттен зардап шеккендердің жағдайын білді
Төтенше жағдай
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өрт болған Жаңажол кен орнына барып, кәсіпорын басшылығы және жұмысшылармен шұғыл жиын өткізді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, кен орнында өрт оқиғасы 1 мамыр күні болған. Түстен кейін сағат 15.55-те «112» пультіне «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағы, Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округінің Жаңажол кен орнында қондырғы өртенгені туралы хабарлама келіп түскен. Департамент басшылығы дереу аэровизуалды барлау жұмыстарын жүргізіп, жедел штаб құрған. Өртті сөндіруге департаменттің және «Семсер өрт сөндіруші» ЖШС-ның 50-ден астам өрт сөндірушісі мен 9 техникасы жұмылдырылған.
Өрт сөндірушілер 20 тонналық бес цистернаның жануына және өрттің басқа да нысандарға таралуына жол бермей, түнімен өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді.
Өрт 2 мамыр күні таңғы сағат 6.20-да сөндірілді. Қазір өрттің шығу себебі мен аумағы анықталып жатыр. Өрттің салдарынан зардап шеккен 4 жұмысшы ауруханаға жатқызылды.
Кен орнына арнайы барған облыс әкімі Ералы Тоғжановқа ҚР Қылмыстық Кодексінің 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, қазір тергеу басталғандығы жайында баяндалды. Облыс басшысы өңірдегі барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарды еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тексеруді тапсырды.
— Оқиғаның себептерін анықтау қажет. Өндіріс технологияларын, қауіпсіздік техникасын сақтамау негізгі мәселе болып қалады. Бұдан басқа да мәселелер бар. Аталған жағдай бойынша комиссия құрылды, компания басшыларын, орындаушыларды жауапкершілікке тарта отырып, барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарға толық тергеу, тексеру жүргізуге тиіспіз. Сондай-ақ мұндай жағдайларға жол бермеу үшін жол картасы әзірленетін болады, — деді Е.Тоғжанов.
Облыс әкімі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне өртті сөндіру және өрттің басқа нысандарға таралмауы үшін көрсеткен жеделдігі мен кәсібилігі үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов өрт кезінде күйік шалған 4 жұмысшының жағдайын білу үшін Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы ауруханаға барды. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Облыс әкімі зардап шеккендердің туыстарымен кездесіп, олардың санавиациямен Ақтөбедегі медициналық мекемелерге жеткізілетінін айтты.
Д.ҚАЗИХАН.