Табиғи таза өнім — денсаулыққа пайда
Қарғалы ауданының Ащылысай ауылдық округінің тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсенді қатысып жатыр.
Соның бірі — аталған ауылға көшіп келгеніне 10 жыл болған көпбалалы ана Гүлгүл Сүюнова. Ол жолдасымен ауылда мал бағып, балаларын да еңбекке баулимыз деген мақсатта көшіп келіпті. Өкінішке қарай, үш жыл бұрын жолдасы сырқаттанып, өмірден өткен. Жалғызбасты ананың мойнына бір өзі отбасын бағып-қағу міндеті жүктеледі. Мектепте шаруа меңгерушісі болып жұмыс жасайтын Гүлгүл қазіргі кезде бір айлыққа қарап отыра алмайтынын айтады.
— Үлкен балам 11-сыныпта, екінші балам 10-сыныпта оқиды. Олардың мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсуіне аз уақыт қалды. Ал кішкентайым бес жаста. Балабақшаға барады. Балаларымның болашағын ойлап кәсіп бастауды жөн көрдім. «Ауыл аманаты» туралы естігенде, бірден қатысқым келді. 2,5 пайыздық несие — ауыл адамдарына үлкен көмек.
Алғашында тәтті бәліштер, торт пісіремін деп ойладым. Бірақ қазірдің өзінде осы іспен айналысып жүргендіктен, сұраныс айтарлықтай көп емес екенін білемін. Ойлана келе қолдан ірімшік жасап сатуды жөн санадым, — дейді Гүлгүл.
Гүлгүлдің ұстап отырған сиыры жоқ, десе де ауылдастарынан сүт алып, кәсібін бастап көрмекші. Алдағы уақытта ісі жүріп кетсе, өзі де сиыр алғысы келеді.
—Әзірше сүт сатып алып, ірімшік жасай беремін деп ойлап отырмын. Ірімшіктің түр-түрі бар: пармезан, гауда, сулугуни, чечил, адыгей ірімшігі. Ол үшін өнімді өңдеуге қажетті техникаларды сатып алу керек. Оны өзімнің бизнес-жоспарыма кіргізіп қойдым, — дейді ол.
Гүлгүл ірімшік жасау үшін арнайы білім алмаған. Ол өзі ізденіп, ғаламтор арқылы
үйренгенін айтады. Онлайн түрдегі сабақтарға, шеберлік сабақтарына қатысқан.
—Ресейде Алексей Сыровар атындағы ірімшік жасау мектебі бар екен. Сабақ барысында зауытты да көрсетіп, таныстырып, ірімшіктің барлық түрін жасауды үйретеді. Ондай оқулар Ақтөбе қаласында жоқ екен. Іздестіре келе Астана қаласынан таптым. Жер аяғы кеңейгесін елордаға барып, ақылы түрде сабақтар аламын, — деп бөлісті.
Балаларын табиғи өніммен тамақтандырғысы келген Гүлгүл осыған дейін ірімшікті жасап көргенін айтады. Оның тәжірибесіне сүйенсек, сүтті 90 градусқа дейін қайнатып, пастерлеп, ашытқы қосамыз.Немесе алма сидрінің сірке суын қосуға болады.Сүт ірігеннен кейінсуын сорғытамыз.Суы тартылған өнімді тұздап, жылы температурады ұстайды. 10 минут тұрғаннан кейін тағы да тұздап қою керек. Осылайша ірімшік дайын болады.
Насиба АРМАНҚЫЗЫ.