Ысталған жылқы етіне сұраныс жоғары

Ақтөбе қаласының тұрғыны Бауыржан Бекмағанбетов жылқының етінен шұжық, қазы дайындап, ыстап сатады. Дәмі тіл үйіретін жылқы етіне сұраныс жоғары. Тек Ақтөбе ғана емес, Ресей мен Америкада тұратын қазақтар да тапсырыспен алдырады.
Қазы қалай ысталады?
Бауыржан Бекмағанбетовтің бұл кәсіпті бастағанына екі айдан асыпты.
— Былтыр қыркүйек айында Тараз қаласына тойға бардым. Сол жерде ысталған қазының дәмін таттым. Дәмі тіл үйіреді. Неге осыны Ақтөбеде жасап көрмеске деген ой келді. Бірақ қалаға келгеннен кейін вирус жұғып, ауырып қалдым. Бұрын жүрегіме ота жасатқан едім. Соған, яғни мүгедектігіме байланысты жұмыс жасамаймын, үйде отырмын. Ауырғаннан кейін денсаулығым әлсіреп, вирус жүрекке әсер етті. Ет ыстамақ түгілі, бәрі жөніне қалды. Емделдім. Мені қараған профессор бос отырмай, бір іспен айналысу керектігін айтты. Сөйтіп, ет ыстаймын деген ойымды қайта іске асырмақ болдым. Қостанай қаласына ет ыстайтын агрегатқа тапсырыс бердім. Құны — 700 мың теңге. Әуелі етті өзіміз ыстап, жеп көрдік. Дәмі ерекше болды. Көршілерге қонаққа барғанда апарып береміз. Олар да сүйсініп жейді. Осылайша айналадағы таныстар мен достардан тапсырыс түсе бастады. Табыстың көзі жылқының етінде екенін білдік, — дейді Бауыржан Бекмағанбетов.
Қазір олар жылқының етінен шұжық, қазы дайындап, ыстайды. Қойдың құйрығын да ыстап сатады. Өнімге ешқандай жасанды қоспа қосылмайды, яғни жүз пайыз табиғи. Ысталған ет пен құйрықтың дәмі ерекше болады.
— Қойдың құйрығын нан қоспай жеуге болады. Дәмі тіл үйіреді. Қазір мен күн сайын құйрық жеймін. «Құйрық майда холестерин бар» деген бекер сөз. Майдың пайдасы өте көп. Ал жылқы етінің дәмі тіпті ерекше болады.
Ет қалай ысталады? Оның да өзінің тәртібі, технологиясы бар. Етті «Табыс» базарынан аламын. Сол жерге Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалығы ет әкеліп тапсырады. Базардан әкелген етті алғашқы күні 2-3 градус салқындықтағы мұздатқышқа салып қоямын. Екінші күні тұз, бұрыш, сарымсақ қосып тұздаймыз. Бетін жауып, бір күн қоямыз. Үшінші күні жылқының өзінің ішегіне салып, бір күн тағы іліп қоямыз. Ішектегі ет орнығады. Төртінші күні ыстайтын агрегатқа саламыз. Бұл жерде қазы үш-төрт сағат кептіріледі. Содан кейін арнайы температурадағы бу генераторы арқылы пісіріледі, кейін қуырылады. Содан соң түтін генераторы арқылы ысталады. Таңертең сағат cегізде агрегатқа салынған қазы түнгі сағат он екіге дейін піседі. Ет 75-85 градуста піседі. Агрегаттан алынғаннан кейін екі күн кептіріледі. Бірақ тапсырыс берушілер кейде бір күннен кейін алып кетіп жатады, — дейді Бауыржан Бекмағанбетов.
Етті әртүрлі жолмен ыстайтындар бар. Бауыржанның айтуынша, етті түтінге ыстауға болады. Бірақ түтіннің құрамындағы химиялық зат, яғни шайыр (смола) денсаулыққа зиян. Ал Бауыржан пайдаланатын агрегат түтіннен шайырды бөліп алады. Ет таза түтінге ысталады.

Қақталған ет қалай сақталады?
Бауыржан Бекмағанбетовтің өзі де, әйелі Ғайша Бекмағанбетова да экономист болғандықтан, осы кәсіпті бастамас бұрын нарықты зерттепті. Оңтүстік, солтүстік өңірлерде етті ыстау әдісі жақсы жолға қойылған. Ал Ақтөбеде бұл әдіспен ет дайындайтындар жоқтың қасы. Қазір қалада Бауыржанға бәсекелес болатын кәсіпкер жоқ. Соңғы уақытта ғана Бауыржаннан қазы, шұжық, құйрық алып, оның дәмін білгеннен кейін ет ыстауға қызығатындар көбейген. Бұл істі қолға алғанына екі айдан енді асса да сұраныс жоғары. Әсіресе мұнай саласында жұмыс жасайтындар жиі тапсырыс береді. Себебі Бауыржанның өзі осы салада еңбек етіпті. Достары мен әріптестері жиі сұратады. Солардан естіген өзге тұрғындар да тапсырысты көптеп беруде. Ресей мен Америкадағы қазақтар да ысталған жылқы етін жиі алдыртады.
Бауыржан Бекмағанбетов жеке кәсіпкерлігінің атын «Жанұя» деп атапты. Негізгі жұмысты зайыбы Ғайша атқарады. Үйдің алдындағы шағын сарайда жылқы етінің өнімі ғана емес, қойдың құйрығы, балаларға беруге болатын тауық етінен жасалған шұжық, әсіп дайындайды. Мәселен, жылқының етінен жасалатын шұжыққа жая, қазының майы қосылады. Ал қойдың құйрығы ұйғыр асханасының мәзірімен дайындалады. Құйрыққа тұз, бұрыш, қызыл бұрыш қосылады. Түсін өзгерту үшін сыртына паприка өсімдігінің ұнтағы себіледі.
— Дайындалған өнімнің барлығы жүз пайыз табиғи қоспадан тұрады. Басты мақсат — сапалы азық дайындау. «Жанұя» деп атаған шағын кәсіпкерлігіміздің жұмысына сын айтылмауы үшін, қандай өнім болмасын, сапасының жоғары болуына мән береміз.
Соңғы кезде көп әзірлене бермейтін ұлттық тағамның бірі — әсіп. Біз осы тағамды да дайындап, сатып жатырмыз. Ішекке туралған ет, бауыр, жүрек және күріш қосамыз.
Өнімнің барлығы ауа өткізбейтін арнайы пакетке салынады. Бұндай пакеттегі өнім ұзақ сақталады. Ысталған етті мұздатқышта бір ай, тоңазытқышта екі- үш жылға дейін сақтауға болады. Ал ашып тастасаңыз, бір аптада жеп қою керек. Себебі ешқандай жасанды қоспа қосылмаған тағам тез бұзылады, — дейді кәсіпкер.
Табиғи таза еттен жасалған өнімнің бағасы әртүрлі. Мәселен, қазының келісі 7500 теңге болса, қойдың құйрығы 4000 теңге тұрады. Қазір ерлі-зайыптылар тапсырыс бойынша ғана жұмыс жасайды. Себебі барлық шаруа қолмен жасалады. Бауыржан Бекмағанбетовтің бұл кәсібін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы қолдап отыр. Жақында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып, осы жобаны қорғамақ. Жоба талаптан өтсе, қаржылай қолдау болады. Бұл кезде кәсіпкер ет турайтын және өзге де бұйымдарды сатып алады. Қажетті құралдар көбейсе, өнімді де мол қылып дайындауға болады. Сапасының жоғары екенін дәлелдейтін құжтаттар да қолға тиеді. Ал бұл кезде ірі сауда орталықтарына өнімін ұсына алады.
— Қазір тұрғындар жылқы етінің пайдасын түсінді. Біздің қала ғана емес, өзге облыстардан да тапсырыс түседі. Ғайша әлеуметтік желіні пайдаланады. Сол жерден шетелдегі жастар көріп, тапсырыс береді. Үлкен қызым Америкада тұрады. Олар да жылқы етін жиі тұтынады, — дейді Бауыржан Бекмағанбетов.
Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар. Үлкен қызы Америкада оқып, сол жаққа тұрмысқа шығыпты. Сырт елде тұрып жатқанына он екі жыл болған. Одан кейінгі ұлы Америкада, кейін Сингапурда білім алыпты. Қазір Елордада еңбек етеді. Үшінші қызы да Елорда тұрғыны. «Жанұя» кәсіпкерлігінің алға жылжуына балалары қолдау білдіріп отыр.
Жылқы етінің пайдасы қандай?
— Жылқы етінің құрамында барлық дәрумен, минералдар мен пайдалы элементтер бар. Адам ағзасына ең пайдалы ет — жылқы еті. Күн сайын аз мөлшерде болса да қазының майын жеген ер адамның қуаты мықты болса, әйелдерде гормондар тепе-теңдігі бұзылмайды, яғни қалыпты болады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, жылқының еті үш сағатта қорытылса, сиыр еті жиырма төрт сағатта сіңеді. Жылқы еті ішек құрылысында шіру процесін тудырмайды, ал сиырдың етінде бұл процесс жүреді. Сиыр етінің асқазанға ауыр саналатынының бір себебі — осы. Бұның барлығын мен ойдан шығарып отырғаным жоқ. Осы кәсіпті бастар алдында ғылыми мақалаларды, ғалымдардың зерттеулерін оқыдым. Сонда жылқы етінің адам ағзасына ең пайдалы тағам екені айтылған. Қазір дамыған мемлекеттерде жылқы етіне сұраныс өте жоғары, — дейді Бауыржан Бекмағанбетов.
Жұбайының сөзін зайыбы Ғайша қостады.
— Өзім Тараздың қызымын. Бала кезімде үлкендер «сиыр еті қырық жылғы ауруды қоздырады» дейтін. Жылқының, қойдың етін тұтынатын едік. Студент кезімізде жылқының етін кептіріп, қақтап беріп жібереді. Сыртына май жағып қойсаң, ұзақ уақыт шыдайды. Ысталған ет те сол тәрізді. Осы шаруаны қолға алған кезде интернеттен ғалымдардың жазбаларын оқыдық. Көпшілігі ата-бабалары қандай тамақ ішсе, ұрпағының да сондай тамақ ішу керектігін айтады. Демек, біздің бабаларымыз жылқы етінің пайдасын әу бастан білген, — дейді Ғайша Бекмағанбетова.
Бауыржан Бекмағанбетов базардағы еттің түсіне қарап, жылқының қанша жаста, қандай азық жегенін бірден білетінін айтады. Далада жайылған жылқы мен дәрі беріп, семірткен жылқының етінің дәмі екі бөлек. Далада жайылған жылқы семіз болмайды. Ысталған өнімдерге жас жылқының, яғни байталдың етін пайдаланады. Кәрі жылқының еті ұзақ піседі әрі қатты болады.
Кәсіпкердің жоспары көп. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы қаржылай қолдау көрсетсе, ісін жандандыруға күш салмақ.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



