Наумовтың ескерткіші маңы тазаланды

Сенбілік
Биыл — 312-атқыштар дивизиясының құрылғанына 80 жыл. Осыған орай Ауған соғысының ардагерлері мен еріктілер аталған дивизияның командирі болған Александр Наумовтың ескерткіші маңын тазалап, ретке келтірді.
— Ақтөбеде тазалықтың екі айлығы жүріп жатыр. Сенбілікке тұрақты түрде атсалысамыз. Осы жолы көп елене бермейтін 312-атқыштар дивизиясының командирі Александр Наумовтың ескерткіші маңын қоқыстан тазартып, егілген талдарды суаруды жөн көрдік. 1941 жылы Ақтөбеде жасақталған 312-атқыштар дивизиясы Алматыда құрылған Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы секілді Мәскеуді қорғады. Наумов әскері Малоярославск бағытында, ал панфиловшылар Волоколам бағытында шайқасты. Алайда Наумовтың дивизиясы көп атала бермейді, — дейді Ауған соғысының ардагері Гумер Галеев.
Сондай-ақ сенбілікте аға буыннан көргенін істеп, әлі келетін шаруасын жасап балалар да жүр. Бірі тырмаласа, тағы бірі қапқа қоқыс салып жатты.
Ал көп еріктінің бірі — әріптесіміз, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Виноградова. Ескерткіштің шаңын сүртіп жатып ол: «Әр адам жүрген жерін шашпай, керісінше, тазалап жүрсе, онда Ақтөбе баяғыда гүлденер еді», — дейді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



