Әлеумет

Жаңаөзен: жаңа жағдай

Мемлекеттің дамуы үшін мұнай-газ саласының маңызы зор. Қара алтын өндірісін жүйелі жолға қойған елдің экономикасы өркендеп, халқының әлеуметтік ахуалы жақсаратыны сөзсіз. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те  дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміздегі ірі мұнай өндірістері экономиканың ілгерілеуіне зор үлес қосуда.  Солардың бірі — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы. Аталған компанияның құрылғанына биыл сегіз жыл. Осы уақыт аралығында компания  халықтың тұрмысын түзеу мақсатындағы ауқымды әлеуметтік жобаларға белсене араласып келеді. Компанияға қарасты  ұйымдардың да осы  бағыттағы жұмыстарға қосқан үлесі қомақты. Жуырда  кәсіпорынның еншілес ұйымы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы республиканың түпкір-түпкіріндегі БАҚ өкілдерінің басын Маңғыстау жерінде қосып, баспасөз турын ұйымдастырды. Яғни акционерлік қоғамның ел игілігі үшін атқарған істеріне  куә болдық. Сонымен…

Жылдық өнім — 6 млн. тонна

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2004 жылдың наурызында «ЕмбіМұнайГаз» ААҚ мен «ӨзенМұнайГаз» ААҚ бірігуінің  нәтижесінде құрылды. Бүгінгі таңда екі ұйым да іргелі өндіріс орнына айналса, ал «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы  Жаңаөзен халқын жұмыспен қамтып отырған бірден-бір кәсіпорын. Жергілікті халықтың тұрмысын түзеп, қаланың әлеуметтік-мәдени дамуына да айрықша ықпал етіп келеді. Тұрғындардың басым бөлігі осы мекеме мен оның еншілес ұйымдарында, басқармалары мен бөлімшелерінде еңбек етеді. Сондықтан Маңғыстау облысына жасаған екі күндік сапарымыз Жаңаөзен қаласында өтті. Баспасөз турына қатысушыларды қарсы алған «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы директорының орынбасары Абзал Меңдібаев кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқталды. Атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көргеннің әлдеқайда артық екенін айтып, сапарымыздың сәтті болуына тілектестігін білдірді.

Сапардың алғашқы күні БАҚ өкілдері сегіз мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның кен орнын аралап, жұмысшылармен тілдесті.

Жазық далаға қондырылған  ұңғымалар мыңдаған метр тереңдіктен мұнайды сорып жатыр. Филиалға қарасты кен орнында  бес мың  ұңғыма бар. Әр ұңғыма топтық қондырғыларға бөлінген. Яғни осы жерден алынған сұйықтық мұнай өңдеу және мұнайды судан, газдан  айыру басқармаларына жіберіледі.

— Біздің цехқа тәулігіне 72 мың шаршы сұйықтық келсе, оның 62 пайызы су, 12 пайызы мұнай болады. Өнім №1-3 мұнай-газ өндіру басқармасынан  келеді. Мұнайды қыздырып, құрамындағы су мен газды айырып алғаннан кейін мұнай дайындау және жөнелту цехына жібереміз. Ал су жер асты қысымын сақтау цехы арқылы  мұнай алынған жерге кері айдалса, газ болса газ өңдеу басқармасына жөнелтіледі. Бұндағы жұмыстардың барлығы жаңа технологиямен жабдықталған. Мәселен, операторлар қысымды компьютер арқылы бақылап отырады, — дейді мұнайды дайындау  өндірістік басқармасына қарасты №1 мұнайды судан айыру цехының  бастығы Айса Дегениязов.

Жалпы, Жаңаөзен аумағын барлау жұмыстары 1959 жылы басталыпты. Алғашқы мұнай 1961 жылы 15 желтоқсанда Михайл Кулебякиннің бригадасына қарасты №1 ұңғымадан атқылаған екен. Қазір қара алтынның бастау алған жеріне арнайы белгі қойылған.

Бүгінде  «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы жылына  алты миллион тонна мұнай өндіреді.

Орташа жалақы — 191 мың теңге

«ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы мұнайдың ауыр  түрін өндіреді. Оның үстіне Маңғыстау облысының ауа райы да жанға жайлы емес. Жазда аптап ыстық пен аңызақ жел, қыста салқын болмаса да күшті дауыл жұмысшыларға жайсыз тиеді. Сондықтан олардың басшылыққа талап қоюы да орынды. Айта кету керек, еліміздегі мұнайшылардың табысы өзге кәсіп иелерімен салыстырғанда жоғары екені анық. Оның ішінде «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының жұмысшылары  ең жоғары еңбекақыны алады. Әлемді шарпыған қаржылық қиындықтарға қарамастан кәсіпорын басшылығы жалақы мәселесін оңтайлы шешіп отыр. Мәселен, Жаңаөзендегі орташа жалақы 191 мың теңге болса, оған қосымша сыйақы төленеді. Ал  «Қаз­МұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ– еліміздің заңнамасында көрсетілмеген коэф­фи­циент­ті төлейтін кәсіп­орын­дардың бірі екені көпшілікке мәлім.

Расын айту керек, соңғы жылдары Жаңаөзенде орын алған ереуілдерден  кейін мұнайшылар қаласы туралы сан түрлі пікірдің таралғаны анық. Ал іссапар кезінде жаңаөзендік мұнайшылардың  жайлы тұрмысына көз жеткіздік. Өндіріс басындағы жұмысшыларды сөзге тартып көргенімізде қай-қайысысы да басшылықтың қамқорлықтарына дән риза екенін аңғардық.

«Медикер» және мұнайшы

Өндірістің ілгері басуы ондағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен мықты денсаулығына байланысты. Осы орайда «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы мұнайшылардың денсаулығын жақсарту мақсатындағы жұмыстарға баса назар аударып отыр. «ҚазМұнайГаз» Барлау өндіру» АҚ мен «Қазақинстрах» АҚ арасында медициналық сақтандыру келісім жасалған. Яғни, сақтандыру желісі арқылы «Медикер»  ЖШС-ның «Мұнайшы» медициналық-сауықтыру орталығы мұнайшылар мен олардың отбасына  қызмет көрсетеді.  Орталық директоры Жанна Сайымның айтуынша, мекеме заманауи технологиялармен жабдықталған. Компьютерлік томография, ультра дыбыстық зерттеу аппараты және өзге де медициналық құралдар жеткілікті. «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалына қарасты басқармалар мен бөлімшелерде медициналық пункт жұмыс істейді. Егер мұнайшының «басы ауырса» бұндағы дәрігерлер көмек көрсетуге дайын. Әрі медициналық пункттегі жедел жәрдем көлігі науқасты дер кезінде орталыққа жеткізеді. Ал флюромобиль көлігі арқылы дәрігерлер жұмысшыларды өндіріс басында кезекті медициналық тексеруден өткізе алады. Сондай-ақ мұнайшылардың  сақтандыру жүйесі арқылы еліміздің кез келген қаласындағы ірі емдеу орталықтарына жолдама алуына ешқандай кедергі жоқ. Бұған қоса дәрі-дәрмек және стамотологиялық қызметтің кейбір түріне жеңілдіктер қарастырылған.

Жалпы, өндірістік филиал мұнайшылардың денсаулығын нығайту мақсатындағы жұмыстарды тоқтатқан емес. Алдағы екі жылдың ішінде Жаңаөзенде елу орындық стационары бар медициналық орталық және 250 орынға есеп­тел­ген балалар сауықтыру лагері бой көтермек. Бұған қоса  «Кендірлі» демалыс аймағының бір бөлігі  бал­шық-сазбен емдейтін меди­циналық-сауық­тыру орталығына айналады. Қазір құрылыс жұмыстары басталып та кетіпті. Жанна Сайымның айтуынша, 2012 жылы осы шаруалар іске қосылғанда, бұрынғы қиындықтардың барлығы  шешімін таппақ.

Тәуелсіздік күніне   тарту

Сапардың келесі күні баспасөз турына қатысушылар  «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалына қарасты басқармалар мен ұйым жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту  мақсатында салынған жаңа нысандарды аралады. Биыл осы бағытқа  1 миллиард 800 миллион  теңге қаржы қарастырылған. Қаражаттың бір бөлігі мұнайшыларға арналған  жаңа асханалар, шаруашылық-тұрмыстық нысандар салуға, топтық қондырғыларда жұмыс істейтін операторлар үшін модульдік блоктар сатып алуға жұмсалса, бір бөлігі таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауыз су сыйымдылықтарын орнатуға бағытталуда.  Тәуелсіздік күніне орай кәсіпорын бірнеше   нысанды пайдалануға берді. БАҚ өкілдері  №1 ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы мен  №93 мұнай- газ өндіру өндірістік аумағындағы топтық қондырғыда және №2 мұнай газ өндіру басқармасындағы  тұрмыстық кешен мен  асхананың салтанатты ашылуларына қатысты. Жалпы, барлығы 10 тұрмыстық-шаруашылық кешен мен 230 орындық 3 асхана мұнайшылардың игілігіне арналуда. Бұндай шаралар жұмысшылардың көңілдеріне қанат, жұмыстарына тың серпін бергендей.  Мұнайшылар кәсіпорын басшылығына алғыстарын білдіріп жатты. Ал «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының басшысы Киікбай Ешманов та мұнайшылардың еңбектеріне табыс тіледі. Өзі де осы өңірде туып, еңбек еткен азамат қара алтын өндірудің оңай емес екенін біледі. Ілгеріде жұмысшылар вагондарда  жуынып, тамақтанса, қазір жағдай басқаша сипатта. Демек, әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, жуырда 2014 жылға дейін ұжымдық шарт жасалыпты. Осы құжатта мұнайшыларға күні бүгінге дейін көрсетілген әлеуметтік көмектердің азаймайтыны айтылған. Осы мәселелерді сөз еткен Киікбай Жақыпұлы азаматтардың арасында ауызбіршілік болса, қиындықтардың барлығы артта қалатынын айтты.

Жаңаөзендіктердің тұрмысы

Ресми деректерге сүйенсек, республикалық көрсеткіш бойынша индустриялық-инновациялық даму тұрғысынан Жаңаөзен қаласы алдыңғы орында. Демек, аймақтың ахуалы өзге өңірлермен салыстырғанда көш ілгері. БАҚ өкілдерімен арнайы кездескен қала әкімі Орақ Сарбөпеев өңірдің әлеуметтік дамуы төңірегінде әңгімеледі.

Үкімет мұнайшылар қаласына айрықша басымдық беріп, Жаңаөзендегі қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу үшін  2009-2011 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылдады. Бағдарлама аясындағы кешенді жоспар  2012 жылға дейін ұзартылды. Қолға алынған шаруаларды шешуге 2009 жылы барлық қаржы көздерінен 8 млрд.110 миллион теңге, ал биыл 15 млрд. 217,2 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Бүгінгі күні бөлінген қаражат тиімді жұмсалып, өз жемісін беруде.

Тұрақты жұмыс болса ғана тұрмыстың түзелетіні анық. Қала әкімі Орақ Сарбөпеевтің айтуынша, биыл Жол картасы бойынша  6,4 мың жұмыс орны құрылған. Ал кәсіпкерлікті қолдау үшін шағын несие ұйымдары арқылы жергілікті бюджеттен елу миллион теңге қаржы жұмсалып, үш жүзден астам азамат жұмысқа тартылыпты. Бұдан бөлек, кіші бизнесті дамытуға бағытталған жобаның бір бөлігі «Даму» АҚ арқылы несиелендіріліп жатыр. Қалада құрылыс жұмыстары да қарқын алуда. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, қоғамдық тәртіп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым саласы бойынша 18 нысан бой көтермек. Жалпы, қаланың өркендеуіне жергілікті билік және кәсіпорындар тарапынан ерекше күш салынуда. Оның ішінде «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының қосқан үлесі зор. 2009-2010 жылдары Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әлеуметтік-инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті әкімдікпен арада меморандумға қол қойылды. Осы келісім аясында мұнайшылар қаласының көркеюі үшін 750 миллион, Қарақия ауданына 150 миллион теңге жыл сайын бөлініп отырады. Бұған қоса «ҚазМұнайГаз Барлау Өндiру» АҚ  1000 әлеуметтiк бос жұмыс орнын құруға 300 миллион теңге қаржы бөлген. Яғни әлеуметтiк жұмыс орнына орналасқан азаматтың еңбекақысы 40 мың теңге болса, оның 15 мың теңгесiн облыстық бюджет, қалғанын компания төлейді.

Сондай-ақ «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы бөлген 94 миллион қаржы қаладағы тұрғын үйлердің ауласына және Қызылсай ауылына балалар ойын алаңын салуға жұмсалыпты. Бүгінде барлығы  64 алаң балдырғандарға сыйға тартылды.  Бұдан бөлек кәсіпорынның жүз миллион теңге қаржысына  қаладағы 10 білім ордасының алдына жасанды көгал төселген спорт алаңы салынды. Баспасөз туры кезінде БАҚ өкілдері  № 3 мектеп ауласындағы алаңның салтанатты ашылуына қатысты. Жиында  қала әкімінің орынбасары Қатира Боранбаева, «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының басшысы Киікбай Ешманов сөз алып, бұндай игі істердің алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді. Ал мектеп басшылығы  оқушылардың спортпен шұғылдануына  алаңдардың өте қажет екенін айтып, алғысын білдірді.

Сондай-ақ «Өзен­Мұ­найГаз» өндірістік филиалы Жаңаөзендегі балалар үйіне де қайырымдылық көрсетіп келеді. Қамқорлыққа зәру жандарға кәсіпорын қай уақытта да қол ұшын созуға дайын. Тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіп, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға ерекше атсалысады.

Спорт кешені

Бүгінде  «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы Жаңаөзен қаласының дамуы үшін қай салаға  да әлеуметтік қолдау танытып отыр. Мәселен, аталған кәсіпорынның қаржыландыруымен өткен жылы бой көтерген Рақмет Өтесінов атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені секілді ғимарат  облыс орталықтарының өзінде  сирек. Баспасөз турына қатысушылар  ғимарат ішін аралап көрді.

Ауданы 19,700 текше метр болатын үш қабатты үлкен кешеннің ішінде жүзу бассейндерімен бірге түрлі жаттығу залдары орналасқан. Атап айтсақ, балалар мен ересектерге арналған төрт бассейн, ойын, оқу-жаттығу залы, кафе, монша, дүкен, медициналық пункт бар. Және  ауыр атлетика, күрес, бокс, кикбоксинг, каратэ-до, қазақ, грек-рим күресі  секілді  спорттың 14 түрімен айналысуға мүмкіндік мол. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған кешенде тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандар да спортпен шұғылдана алады. Бұл үшін барлық жағдай жасалған.  Мүгедектерді тасымалдау үшін жаңа көлік қызмет етеді. Сондай-ақ кешен мұнайшыларға ақысыз қызмет көрсетеді. Орталық директоры Әбдірахман Түсіпов ғимарат ішін безендіруге ерекше күш салыпты. Әсем гүлдер мен түрлі өсімдіктерге толы кешен келушілерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Ресейде туып, кейін елге оралған іскер азамат, алдағы уақытта кешеннің кіре беріс алаңына аквариум орнатуды жоспарлап отыр.

Бұл Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының қаржыландыруымен жүзеге асқан  бір ғана нысанның тыныс-тіршілігі. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатындағы бұндай игі шаралар  жалғаса түспек. Мәселен, биыл «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қар­жысы есебінен 200 пәтерлік ком­му­нал­дық тұрғын үйдің құрылысы басталыпты.

Жергілікті билікпен кәсіпорындардың және мұнайшылардың өзара ынтымақтастығының арқасында Жаңаөзен қаласы осылай көркейіп келеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Ақтөбе-Жаңаөзен-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button