Жаңалықтар

Ауданда «Парасат жолы» орталығы ашылды

Шалқар аудандық орталық кітапханада «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» орталығы ашылды.

«Парасат жолы» — адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған  жоба.

Аудандық орталық кітапхананың «Парасат  жолы» орталығында «Сыбайластықтың қауіпті түрі — парақорлық» атты сұхбаттасу кеші өткізілді. Шараның негізгі мақсаты — ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, қоғамдағы парасаттылық  идеологиясын ілгерілету, адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үндеу. Басқосуды  аудандық орталық кітапхананың «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Айнұр Өтепова жүргізді. Жиынға аудандық «Адалдық  алаңының» жобалық кеңсесінің басшысы Дастан Оразаев, аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырәлі  Әлин,  жергілікті полиция басшысы  Дәурен Үркімбаев және кітапхана қызметкерлері мен мұғалімдер, мектеп оқушылары қатысты.

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Дастан Оразаев аталған жоба азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамытуды көздейтінін айта келіп, ортақ іске үлес қосуға шақырды. Кітапхананың әдіскері  Зәмзагүл Әлиева  парасаттылық пен адалдықты балаға туғаннан бастап бойына сіңіру қажет екеніндігі туралы өз ойымен бөлісті.

Кеш қонақтары  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, онымен күресу, адам бойында парасаттылықты, ізгілікті, адами қасиеттерді қалыптастыру бағытында ой-пікірлерін ортаға салды.

«Парасат жолы» орталығы аға буын мен жастар арасындағы диалог орнататын алаңға айналмақ. Әрі игі бастамалар мен жарқын істердің ұйытқысы болмақ.

 А.САЙЛАУҚЫЗЫ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button