Жаңалықтар

Ақтөбенің экологиясы: 6 бағыттан тұратын жол картасы іске асырылады

Кеше облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша нендей жұмыстар іске асырылып жатыр, бұған қатысты қолға алынған жол картасының ахуалы қалай, осы мәселелер қамтылған брифинг өтті. 

Облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұлдың айтуынша, өткен жылдың қазан айында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен атқарушы биліктің келісімімен Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасы бойынша қарастырылған 33 іс-шара 6 бағытты қамтиды (ауа, қалдықтар, көгалдандыру, су, жер ресурстары және экологиялық мәдениетті арттыру). Соның ішінде 6 іс-шара жоғарыда аталған министрлікке, 3 шара кәсіпорындарға, қалғандары облыс әкімдігінің міндетіне жүктелген.

— Атмосфераға таралатын ластаушы заттарды қысқарту бойынша 6 іс-шара қарастырылған. Жекелей тоқталатын болсақ, өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында кәріз сорғы станцияларында жағымсыз иістерді басуға арналған препараттар қолданылды, бірақ қаражаттың тапшылығы және препаратты араластырудың тиісті нормаларының сақталмауы салдарынан жұмыс нәтижесіз болды. Биыл бұл жұмыс жалғастырылуы керек. Биыл бұған 198 миллион теңге бөлінді.

Сондай-ақ бірінші санаттағы кәсіпорындардың шығарындылар көздеріне атмосфералық ауа мониторингі жүйесін енгізу бойынша қазіргі таңда  «Қазақтүрікмұнай» мен «ЖГТЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатты. Алайда министрлікте бірыңғай сервердің болмауына байланысты мәліметтерді бір жүйеге біріктірудің мүмкіндігі болмай тұр. Сонымен қатар «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты», «ТетисАралГаз», «Урихтау Оперейтинг», «Фирма Ада Ойл», «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде нарықты, құрылғыларды талдау бойынша бастапқы жұмыстар басталды. Биыл жұмыс жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.

Өткен жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 1,2-цехтарын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар басталды. Яғни мердігерлермен келісімшарт жасалып, қажетті жұмыстар жасалып жатыр. Биылғы қаңтар-ақпан айларында негізгі технологиялық құрылғыларды сатып алу бойынша техникалық тапсырмалар дайындалды, балқыту цехтарындағы газ тазалау жүйелерінің металл конструкцияларына зерттеу жұмыстары басталды.

Мұнымен бірге былтыр жалпы құны 826,3 миллион теңгені құрайтын «Ақтөбе қаласының тазарту құрылыстары кешенінің сарқынды суларының тұнбасын кәдеге жарату» жобасы өз бастауын алған еді. Бұл бойынша 19,6 миллион теңге игерілді, биыл да жоба аясындағы жұмыстар жалғасын табады.

Ал қалдықтарды жарату бойынша 9 іс-шараны іске асыру қарастырылған.

Елді мекендерді жабық контейнерлік алаңдармен, контейнерлермен қайта жабдықтау тек Ақтөбе қаласы бойынша ғана жүргізіліп отыр. Айталық, өткен жылы 680 контейнер алынып, 61 контейнер орнататын алаңдар дайындалды. Биыл 955 контейнері бар 97 алаң дайындау жоспарға енді. Сонымен қатар «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы сәуір-мамыр айларында 1443 қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинайтын контейнерлерді алу жоспарлануда, — деді ол.

Нұржан Аққұл өз сөзінде қалаларда, аудандарда және ірі ауылдық елді мекендерде қайта өңдеуге болатын материалдарды жинау  бойынша  облыс орталығында 6 пункт ашылғанын, Ақтөбе экологиясы үшін бұл игі істің аудандарда әлі күнге қолға алынбай отырғанын тілге тиек етті. Және заңсыз, яғни бейберекет орналасқан қоқыс алаңдарының жойылғаны айтылды.

Есесіне, аудандарда бұл сала бойынша жағымды жаңалық бар. Мәселен, өткен жылы Мәртөк, Қобда аудандарының орталығында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысы басталған. Бұл жұмыстар биыл толығымен аяқталады деп күтілуде. Алдағы жылдары Ойыл, Ырғыз және Әйтеке би аудандарының орталығына осындай полигон салу жоспарда бар екен. Осы орайда облыстық экология департаментінің басшысы Ақтөбе қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу мәселесі қарастырылып жатқанын, бұл мақсатта жер учаскесі таңдалғанын атап өтті.

— Қазіргі таңда  қалдықтар мәселесі бойынша шешімін таппай отырған бірнеше мәселе бар. Біріншісі — Алға химия зауытының қалдықтарын жою. Қазіргі таңда сол бойынша сот процесі жүріп жатыр. Екінші мәселе — Ақтөбе қаласындағы ескі полигонды жою. Бұның жобалық-сметалық құжаты жасалған, тек қаржының болмауына байланысты жұмыс тоқтап тұр, — деп нақтылады баяндамашы.

Сондай-ақ көгалдандыру бойынша 4 іс-шараны атқару қарастырылғаны хабарланды. Атап айтсақ, былтыр өнеркәсіптік кәсіпорындармен санитарлық қорғау аймақтарына барлығы 6458 ағаш егіліп, Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен жасыл желектерді есепке алу бойынша жұмыстар жүргізілген. Және өткен жылы облыстың елді мекендерінде жалпы аумағы 404 гектар жасыл белдеу құрылыпты, оның 396 гектары облыс орталығына тиесілі. Биыл да орман қоры жерінің 1086 гектарына 2 млн 59 мың, елді мекендер аумағының 240 гектар жеріне 420 мың түп көшет және елді мекендер ішіне 31600 түп ағаш егу жоспарланған.

— Су ресурстарын реттеу бойынша 7 іс-шара көзделген. Өткен жылы Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Биыл жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Өткен жылы Тамды ГТС-2 және Әлімбет бөгеттеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын қажет ететін 40 бөгет анықталды. Қазіргі уақытта бөгеттерді кезең-кезеңімен жөндеу бойынша қажетті жұмыстар, яғни ақау актісі, техникалық қорытынды, бюджеттік өтінім жасалып жатыр.

Сондай-ақ Көкжиде кен орнының қорларын қайта бағалау бойынша жобаны іске асыру жалғасуда. Жобаның міндетіне қорларды бекіту, кен орнының контурын анықтау және жерасты суларына техногендік әсерді бағалау кіреді, — деді Н.Аққұл.

Жер ресурстарын қорғау бойынша 1 іс-шараның бары, соған сәйкес мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу барысында бақылаудың күшейтілгені айтылды.

— Ақпараттық жұмысқа келсек, 6 іс-шараны өткізу қарастырылған. Мәселен, облыстық бюджет есебінен «Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ақтөбе облысының қоршаған орта объектілерінің бормен ластануын зерттеу нәтижелерін экологиялық бағалау» жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының жай-күйі туралы деректерді LED-экрандарда қайта енгізу үшін «Қазгидромет» мекемесі бағдарлама әзірледі. Бірнеше кәсіпорындардың санитарлық қорғау  аймақтарында автоматтандырылған  мониторинг бекеттерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деп түйіндеді сөзін облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Брифинг барысында тұрғындар Алғадағы шошқа фермасы, Ақтөбе қаласындағы Орталық базар аумағындағы санитарлық тазалыққа қатысты сұрақтар қойды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button