Әлеумет

Қазынашылық жүйесіндегі маманның рөлі

Кез келген қоғамның басты байлығы — адамдар ресурсы. Сондықтан қай салада да адамдар ресурсын қалыптастыру, оны тиімді пайдалану, оған белгілі бір көлемде міндеттер мен жауапкершілік  жүктеумен ғана шектелуге болмайды. Сонымен бірге сол адамдардың (мамандардың) қалыпты қызмет етуіне жағдай жасау, қабілетін, білімін, тәжірибесін, сондай-ақ жеке басының ерекшеліктерін ескере отырып, олардың қоғамға мейлінше тиімді еңбек етуін ұйымдастыру парыз.

Қазіргі таңда қоғамның қай саласында болмасын, мамандарға қойылатын талап жоғары, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге мемлекет пен қоғам тарапынан үлкен жауапкершілік жүктелуде.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет қоғамдық процестерді реттеуге, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуге және еліміздің азаматтарының мүдделерін іске асыруға міндеттелген.

Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті мен аудандық қазынашылық басқармаларында мемлекеттік қызметті ұйымдастыру, оның қазіргі күн талабына сәйкес толыққанды жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында департаменттің қызметкерлермен жұмыс істеу және арнайы жұмыс бөлімінде жыл сайын атқарылатын шаруалар кешені жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Қазынашылық департаменті мен аудандық қазынашылық басқармаларында қызметкерлерді мемлекеттік қызметке қабылдау және оны өткеруге байланысты барлық іс-шаралар “Мемлекеттік қызмет туралы“ Қазақстан Республикасының Заңына, ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті өткеру тәртібі туралы ережеге сәйкес ұйымдастырылып жүргізілуде.

Жақын туыстарының бірлескен қызметін болдырмауға қатаң бақылау жасалынады.

Мемлекеттік қызметке кірерде әрбір қызметшіден жеке мүддесі үшін қызмет бабын пайдалануды болдырмау мақсатында шектеулер қабылданады. Алғаш қабылданған мемлекеттік қызметшілердің Ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өткізіледі.

Қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықты болдырмау үшін қазынашылық қызмет көрсету рәсімдерін жүргізуде ұйымдастырушылық-құқықтық, техникалық және ақпараттық-бағдарламалық шаралар қабылданып келеді. Департамент пен аудандық қазынашылық басқармаларында Сенім телефондары жұмыс жасайды, Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бақылауға арналған тіркеу кітабы бар.

Прокуратура, тағы да басқа құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен қызметтік және атқарушылық тәртіп, мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарға қатысты мәселелер туралы жалпыға бірдей құқықтық оқу сабақтары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Бүгінгі күні облыстағы қазынашылық органдары қызметкерлерінің жалпы және кәсіби білім деңгейін  көтеруге жіті көңіл бөлініп отыр.

Қызметкерлердің қазынашылық жүйесіне қатысты құқықтық-нормативтік актілерді  танып-білуі үшін техникалық оқу сабақтары бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты өткізіліп келеді.

Департамент пен аудандық қазынашылық басқармаларының қызметкерлері жыл сайын ҚР ҚМ Қазынашылық комитетінің кестесіне сәйкес Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру  орталықтарында курстардан өтіп отырады.

Соның нәтижесінде 2010 жылы қазынашылық департаментінің 6 және аудандық қазынашылық басқармаларының 5 қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы басқару Академиясын “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша  бір қызметкеріміз оқып келді.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін, құқықтық мәдениетін бағалау үшін оларды әрбір 3 жыл сайын аттестациядан өткізу дәстүрге айналды. 2010 жылы департамент пен аудандық қазынашылық басқармаларының 28 қызметкері аттестациядан өткізілді. Ал 2011 жылға 105 қызметкерді аттестациялау жоспарлануда.

Аталған іс-шаралардың өз мәнінде ұйымдастырылып, уақтылы жүргізілуі мемлекеттік қызметтің сапасына әсер етері сөзсіз.

Департамент пен аудандық қазынашылық басқармалары қызметкерлерінің жалпы білім деңгейін, біліктілігін, кәсіби шеберлігін, тәжірибесін шыңдау, мемлекет пен қоғам алдындағы борышын адал өтеу, олардың адамгершілік, моральдық-этикалық бейнесін қалыптастыру бағытында да  жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Р. ҚОЖАЕВА,

қызметкерлермен жұмыс істеу және арнайы

жұмыс бөлімінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button