Тәрбияның тәрбиелі келіндері

Бұл әулеттің ерекшелігі сол — бірнеше буынның өкілдері, анығы, төрт келін бірге тұрады. Шаңырақтың кешегі үлкен келіні бүгінде әулет анасы болып, баласы мен немерелерінің келіншектерінің қолынан шай ішіп отырған жайы бар. Ата дәстүрді шашауын шығармай сақтап, сыйы мен сөзі жарасқан бұл отбасы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Батпақкөл округіне қарасты Жағабұлақ ауылында тұрады.
Жағасына жағалай бұлақ біткен Жағабұлақ ауылының тұрғындары осы отбасын өте жақсы біледі. Әсіресе, жасы тоқсаннан асқан Тәрбия әжейдің немереге деген махаббатын жыр қылып айтады ауылдықтар. Үзілісте немересіне тамақ тасып, қыстың ақтүтек боранында сабаққа әкеліп, алып кететін қарт ана екі шөпшегінің қолынан су ішіпті.
— Әр күніме Аллаға тәуба деймін. Осындай шаққа жеткен де бар, жетпеген де бар. Ұрпағым аман болсын дегеннен артық арман-тілегім жоқ. Жолдасым Ықсан Көшеков деген азамат еді. 1928 жылы дүниеге келген. Әкесінен ерте қалған азаматым тоғыз жасынан бастап қой бағып, 1947 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, «Алтын жұлдызбен» марапатталды. Өзім 1930 жылы Кенқияқ ауылында дүниеге келдім. Кейін 1950 жылдары отау құрып, Құлақши деген өрісті жерде мал бағып, еңбекпен айналыстық. Алты бала тәрбиелеп өсірдік. Содан кейін Жағабұлақ ауылына қоныс аударып, балаларымызды оқытып, шаңырақ көтеремін дегендеріне өз отауын тігіп, ата-аналық борышымызды абыроймен атқара білдік. Жолдасым балаларына үнемі ақыл-кеңесін айтып, ер баланың тәрбиесіне аса көңіл бөлетін. Кіші баламыз Еркін отау көтергенде «шаңырақ ұстар кенжеміз» деп өз қолымызда қалдыруды ұйғардық. Ақ босағаны аттаған Айнагүл келінім көсегемізді көгертті. Қазір өзі де әже атанып отыр, — деген Тәрбия әже сөз тізгінін келініне берді.
— «Ұлы бардың — ұрпағы бар» деген дана сөз бар ғой қазақта. Қос ұлымнан немере, қос қызғалдағымнан жиен көріп отырған жас әжелер қатарындамын. Осы шаңыраққа келін болып түскеніме 30 жылдан асты. Енемнің қолында тұрып, өзім екі келін түсірдім. Бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, қайғысыз қара су ішіп отырғанымызға Аллаға шүкір. Немеренің тәтті қылықтары ауырған жеріңді ұмыттырып, балалар әлеміне алып кететін сиқыры бар екенін көріп келеміз. Енемнің балаға деген махаббаты ерекше. Оны ауылдастарымыз да мойындайды. Себебі біздің көше, үйіміз ауыл мектебінен тым қашықта орналасқан. Қыстың боранында балаларды мектепке өзі тасып, одан қалды тамағын арқалап жүретінін ел біледі. Жасы біразға жетсе де біреуді жұмсауға жоқ, бәрін өзі істегенді қалайды. Ортамызда отырған анамыз бүгінде алты баласынан 16 немере, 21 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Бізге де, жастарға да осы кісінің жолын берсін деп тілейміз, — дейді 39 жасында ене, 40 жасында әже болған Айнагүл.
«Келіндерім — құтым» деп қарайтын бұл шаңырақтың тәртіп үлгісін көрдік мұнда. Айнагүл ишарамен сөздің кезегін өзінің тұңғыш баласының келіншегі Дианаға берді. Әдепті сақтаған келін де енесінің сөзін жалғай түсіп:
— Әрине, қыз балаға өмірі көрмеген жеріне барып, бірден сіңісе кету оңайға соқпайтыны анық. Жалпы, келін атаулыға барған жерінде қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайын інілерімен тіл табысып, бір мәмілеге келу — үлкен сын, қала берді, жауапты жүк. Тұрмыс құрғалы жүргенімде қос ана ұйытқы болып отырған шаңыраққа түсетінімді ойлағанымда, қобалжып, жүрексінгенім рас. Алайда көзбен көріп, ақыл-кеңестерін тыңдағаннан кейін қобалжуым бекер екенін түсіндім. Біздің үйде дастарқан басындағы әдеп те ерекше. Қолымыздан шай ішкен үйдің үлкендері үнемі батасын беріп, тілеуімізді тілеп отырады. Қазіргі таңда үйде екі баланың анасы, мектепте мұғаліммін. Бос уақытымда шай дастарқанына қойылатын тәттінің түрлеріне тапсырыс қабылдаймын. Былтыр шаңыраққа келін түсті. Есімі — Айдана. Жақында кішкентайлы болып, отбасымызды тағы бір қуанышқа бөледі. Келінім еңбекқор жан, бір-бірімізге демеу болып, үлгермей жатсақ, біріміздің шаруамызды екіншіміз бітіре қойып, үйдің тыныштығы мен татулығы жолында қызмет етіп келеміз, — дейді шаңырақтағы кіші келінге күлімсірей қараған Диана.
Үлкен ененің қылықтарына тамсанып қарайтын келіндер қызықты оқиғаларын айтып бөлісті.
— Тұңғышымды дүниеге әкелгенде, керек заттарымды дүкеннен әжеміздің өзі әкеліп, асты-үстіме түсетін. Мақтанғаным емес, кіші немересі Ералхан мен мені ерекше жақсы көріп, іздеп отырады. Көзінен таса болсақ, «Ехли, Даком қайда?» деп бәйек қағады. Үйде үш шөбересі бар ғой. Қолында өскесін оларды ыстық көреді. Сырттағы немере, шөберелері келсе, үйдегі ойыншықтарды тығып тастайтыны бар. Сондағысы сынып қалады дегені ғой. Үйде мен болмасам, бөлмеме ешкімді кіргізбей, күзетіп отырады. Ас бөлмеде жүрсек, қасымызға келіп, ақылын айтып, айналып-толғанып, «тәтті алып жей ғой, айналайын» деп, қалтамызды тиындарымен толтырып жүреді. Одан қалды, көңілімізді көтергісі кеп, жанымыздағы бір затты алып кетеді де үндемей тығып қояды. Содан кейін сұрасаң, көрмеген адамдай бейне танытып, артынан, «іздеп жүргенің осы ма еді?» деп әкеп тұрып, күліп жіберетіні бар, — деп әр қылығын қызықтап айтып отырған Айдананың сөзінен әулеттің үлкеніне деген құрметті көрдік.
Тәрбия әже денсаулығының жақсылығын салауатты өмір салтын ұстанумен байланыстырады. Жас кезінде ат үстінде жүрген кейуананың әлі де атқа мінер қауқары бар. Ал сұлу болудың сыры қымбат жақпа майлардың арқасы емес екенін айтады кейуана.
— Менің бәріне айтатыным, ақша жұмсап қымбат бояу, жақпа майларды алудың еш пайдасы жоқ. Күніне бір-екі сағат жаяу жүріп, таза ауа жұтып, балаларға арналған жақпа майды аяқ-қолыңа молынан жағып қою керек. Сонда ол сіңімді болып, сүйектердің шықпауына, тасымауына көп көмектеседі, — дейді.
Жас келіндер шынымен-ақ тоқсаннан асқан әжелерінің «буыным ауырды, балтырым сыздады» дегенін естімегендерін, сол себепті өздерінің ауырып тұрған жері мазаласа да айтуға ұялатынын жасырмады.
— «Есті келін — енеден» деген бар. Бір үйдің тауқыметін бір келіннің міндетіне аса салу дегенге келіспеймін. Отбасы болғаннан кейін бір-біріне деген демеу, қолдау қатар жүруі керек. Жасым тоқсаннан асса да, ұсақ-түйекті істей салу мен үшін жұмыс емес. Денім сау, қайратым жақсы кезде неге басқаға салмақ салуым керек?! Кейбір енелерге айтарым, келінді келсап қылатын да, нағыз келін қылатын да — ене. Мен жоғарыдағы сөзімді бекер айтпадым. Ерке, шала қыздан есті келінге айналса, ененің жақсы екенін көрсетеді. Ал керісінше болса, ол сіздің қателігіңіз. Сондықтан балаңның жарын балаңдай қабыл етсең, бақыт та, береке де сізде болады, — деді әңгімесін түйіндеген Тәрбия әже.
Айдана АЛТЫБАЕВА,
Мұғалжар ауданы.



