Жаңалықтар

Өнертапқыш өрендеріміз

Зерде

Қазір қадамын енді басқан баланың қолына ұялы телефон немесе компьютер ұстата қойса, шемішкеше шағып­ отырады. Оған қазір таңғалмаймыз, біз үшін қалыпты жағдайға айналды. Мамандар соңғы жылдары дүниеге келген балалардың басым көпшілігінің қарым-қабілеті жоғары деңгейде болатындығын айтады. Психологтар болса, ақпараттық технология құрсақтағы балаға да әсер етеді деген болжам жасайды. Бүгінде жастайынан ғылыми жоба қорғап, шығармашылықпен айналысып жүрген жастар жетерлік. Ал сіздер ақтөбелік өнертапқыш өрендердің ойлап шығарған дүниелерін білесіздер ме? Осы орайда Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен тілдескен едік.

Су тасқынына қарсы құрылғы

Жас өнертапқыштардың тағы бір жаңа жобасы «Flood control» деп аталады. Бұл қазіргідей көктем уақытында елді мекендерде болатын су тасқынының алдын алады.

Арнайы құрылғы су деңгейін өлшеп, қауіп төнген жағдайда тұрғындар мен құзырлы органдарды ақпараттандырады. Автоматтандырылған механизмді ойлап тапқан — Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары Нұршат Жұбаныш пен Азамат Қалдашев. Олардың сөзінше, жобаны әзірлеуге 2017 жылы болған Ақтөбедегі су тасқыны түрткі болған.

Ақтөбе облысы бойынша 34 елді мекенді су басу қаупі бар. Табиғи апаттың салдары адам денсаулығы мен дүние-мүлкіне залал келтіреді. Біз осы мәселені зерттеп, Arduino Uno микроконтроллеріне негізделген құрылғының прототипін жасадық. Оған ылғалдылық сенсоры мен GSM модулін орнаттық. Бұл бізге су деңгейін білуге және ұялы телефонға хабарлама таратуға мүмкіндік береді. Биология пәнінің мұғалімі Шолпан Оңдасынқызы мен информатика пәнінің мұғалімі Жанаргүл Өтеуқызының жетекшілігімен қолға алынған жобамыз сәтті шығып, авторлық құқыққа ие болдық, —  дейді Нұршат Жұбаныш.

Қоршаған орта мәселесіне көңіл аударған зияткерлер құрылғыны әрі қарай жетілдіруді жоспарлап отыр. Жоба авторының бірі Азамат Қалдашевтың айтуынша, су деңгейін анықтайтын датчиктердің санын арттырып, енгізілген жүйені Arduino Nano платасында жасауға болады. Теориялық және тәжірибелік тұрғыдан оқушылардың білімдерін жетілдірген жетекшілері де «Flood control» жобасының болашақта қолданысқа енетініне сенімді.

Оқушылар жобаны жоғары деңгейде жасады. Су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізілген зерттеу жұмысынан олар көп нәрсе үйренді. Оқушылардың бірі биология, енді бірі информатика пәнінен өте жақсы оқиды. Осылайша екі оқушының идеясын біріктіріп, осындай халыққа пайдалы жоба шығардық. Бұл жоба бірнеше ғылыми байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Алдағы уақытта әлі де жаңарту жұмыстары тұр, — деп бөлісті пікірін жоба жетекшісі Шолпан Қарамурзина.

«Ақылды терезе»

Жақында аталған оқу орнының оқушылары Айкен Алтай мен Айдана Кенжебаева «Ақылды терезе» ойлап шығарған. Жедел жабу құрылғысы, әсіресе, кішкентай бүлдіршіні бар үйлерге керек.

Бұл құрылғы терезеге орнатылады. 90 см жерден дыбыс естіліп, адам терезеге жақындап кетсе, жедел құлыпталып қалады. Бұл жүйемен қамтамасыз етілген терезені арнайы құпия кодтың көмегімен ғана ашуға болады.

Соңғы уақытта балалардың терезеден жиі құлап, жарақат алып жүргенін байқаған жас өнертапқыштар осы мәселеге көңіл аударған. Олар бүгінде өз жұмыстарына патент рәсімдеп те үлгеріпті.

Оқушылардың айтуынша, бұл қондырғы орнатылса, балалардың абайсызда жоғарғы қабаттан құлауын біржола тоқтатуға болады.

Облыстық полиция департаментінің берген мәліметіне жүгінсек, 2018 жылы облыста бір бала терезеден құлап кетіп, көз жұмған. 2019 жылы осындай жағдайда бір сәби жарақаттанып, біреуі қайтыс болған. Ал өткен жылы осындай 3 дерек тіркеліп, өкінішке қарай, соңы өліммен аяқталған.

  • Біздің ойлап тапқан қондырғыны мектептерге, балабақшаларға да орнатуға болады Болашақта қауіпсіз терезеге «Ақылды үй» концепциясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, ауа райы мен бүгінгі күнді көрсететін бейнедисплей орнатуға болады. Үй иесінің жоспарларын енгізетін күделікті де қосу ойда бар. Бірақ әзірге қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болып отыр, — дейді жоба авторларының бірі Айкен Алтай.

Оқушылар ойға алған жобаларын бір ай ішінде жүзеге асырыпты. Оларға мектептің физика және информатика пәндерінің мұғалімдері Мират Оспанов пен Ақзат Қауысова көмектескен.

  • Жобаның негізгі мақсаты — кішкентай бүлдіршіндеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын терезе жасау. Терезені ашу үшін пароль кодын матрицалық пернетақта арқылы енгізу керек. Егер пароль дұрыс енгізілсе, тақта сервоприводқа сигнал жібереді, ал ол сосын терезені механикалық түрде ашады. Терезені ашу үшін және жақындаған кезде терезені жабу үшін ультрадыбыстық датчиктер іске қосылады. Бұл датчиктер HC-SR04 терезенің 3 нүктесінде орналасады. Датчиктер ультрадыбыстық фонды 90 сантиметр радиуста бақылап, осы диапазонда кез келген объектінің бар екендігі туралы сигнал береді. Ал анықталған жағдайда тақта сервоға сигнал жібереді, ол өз кезегінде бірден терезені тарс жауып тастайды. Негізгі қашықтықты адамдар өздері өзгерте алады, — дейді жоба жетекшісі Ақзат Қауысова.

Оның айтуынша, соңғы уақытта пандемияға байланысты қашықтан оқуға көшкен соң оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында оларды түрлі онлайн байқауларға қатыстыру жолға қойылған. Күні кеше аталған жоба «PRISMA» жобалық зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауына жолданып, оқушылар жүлделі үшінші орынды жеңіп алған. Алдағы уақытта «Ақылды терезе» жобасын қолданысқа енгізу жоспарда бар.

1-орын «алған» бетперде

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Арман Жалғасбаев «Ақылды бетперде» ойлап тауып, робототехника бойынша «KIRC.KZ — 2021» халықаралық байқауының  1-орын иегері атанды. Жоба жетекшісі — мектептің физика пәнінің мұғалімі Жәнібек Жанқұлов.

Әсіресе, пандемия басталғалы дүниежүзі халқы медициналық бетпердені тұрақты түрде қолданып отырғаны белгілі. Сондықтан Арман халықаралық жарысқа өзінің «RUD SMART MASK» жобасын ұсынды.

  • Бетперде негізгі екі бөліктен тұрады. Біріншісі, ауадағы газды анықтауға арналған талдағыш пен сигнал беруші құрылғы. Олар bluetooth-модуль арқылы ақпарат таратады. Ал екіншісі — сүзгі есебінде қолдануға болатын бетперде, ол ағзамызды ластанған ауа мен вирустан қорғайды. Тұтынушыға ыңғайлы болу үшін екі компонент өзара неодим магнитімен жалғанып тұр, — дейді жоба авторы.

Жас өнертапқыш «Ақылды бетпердені» тазалауға арналған RUD STAND құрылғысын да жасады.

  • Бұл аппарат бетпердені арнайы ультракүлгін сәулелердің көмегімен бірнеше минут ішінде жаңалап береді. Нәтижесінде бетперде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, — дейді ол.

Айта кетейік Арман жеңімпаз атанған халықаралық байқау пандемияға байланысты онлайн форматта өтіп, оған Ресей, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінен де жобалар ұсынылған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button