Жаңалықтар

Қобдада жаңа музей салынады

Қобда ауылында жаңа музейдің құрылысы басталды.  Әкімдіктің бірінші қабатында орналасқан тарихи-өлкетану музейіне жаңа ғимарат керек-ақ болатын. Жергілікті билік биыл ол олқылықтың орнын толтырмақшы.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов Қобда жерінің мәртебесін көтеру, рухани құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында салынатын бұл музей ғимаратының маңызы үлкен болатынын айтты.

— Тарихи-өлкетану музейі ғимаратының салынуы — қобдалықтар үшін жағымды жаңалық болды. Кейінгі ұрпақ өткенін танып, болашағын білу үшін мұражайдың маңызы зор. Біз ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қатар, рухани өмірін де жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі таңда жалпы құны 75 миллион теңгеден астам қаражатты құрайтын музей құрылысының жобасы бекітілді. Жұмыс басталып та кетті. Жыл соңына дейін аяқталатын болады, — деді Арман Қабылов.

Қобда — қойнауына құт қонған киелі өңір. Қарақыпшақ Қобыландының мемориалды кешені,  Абат батырдың жаны мәңгілік тыныш тапқан Абат-Байтақ қорымы, Исатай Тайманұлының кесенесі — осы өңірдің тарихи жәдігерлері. Қобда жері әйгілі батыр бабаларының даңқын Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды. Қобдалықтар Әлия Молдағұлова бастаған 8 Кеңес Одағы Батырының есімін мақтан етеді. Жасампаз еңбекте де тамаша үлгі көрсетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтары баршылық. Көрікті жерлері мен киелі жерлерін әдетте іздеген адам мұражайдан табады. Сол жерден танып біледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button