Жаңалықтар

Қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізіледі

Биыл 7 сәуірден бастап Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізілетін болады. Ал 15 мамырдан бастап қалада қоғамдық көліктер үшін дифференциаланған тариф енгізілмек. Егер қоғамдық көлікте жол жүру ақысын қолма-қол төлеген жағдайда жолаушыдан 150 теңге алынады, ал көлік карталарымен төлесе, билет құны 80 теңге болмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қоғамдық көлікте электронды билеттеуді енгізу туралы» тақырыпта өткен брифингте Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров мәлімдеді.

Брифингте қала әкімі Асхат Шахаров қоғамдық көлікте электрондық билеттеуді енгізу жүйесі жобасының қалай іске асырылатынын толық түсіндіріп берді.

Біздің қаламызда қоғамдық көлік мәселесі өте өзекті. Бірінші кезекте, бұл автобустардың жай-күйі, қызмет көрсету сапасы, қоғамдық көліктің жетіспеушілігі және басқа да мәселелер. Осыған байланысты біз электронды билеттеу жүйесін енгіземіз. Аталған жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды және басқа да қалаларда жұмыс істейді. Биыл 7 сәуірден бастап Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктерде де электронды билеттеу жүйесі енгізілетін болады. Қазір аталған жүйе қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «ПАТП» кәсіпорнының барлық бағыттары бойынша жұмыс жасайды, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қоғамдық көлікте жолақысын төлеудің электрондық жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі. Бүгінгі таңда төлемдерді қабылдауға арналған «Стационарлық» және «Мобильді» терминалдар қаланың 250 автобусына орнатылыпты. Оның 90-ы — «ПАТП», ал қалғандары «Автопарк» ЖШС иелігіндегі автобустар.

Стационарлық терминалдар арқылы әрбір жолаушы жолақысын көлік картасымен немесе мобильді қосымша арқылы төлейді. Мобильді терминал, яғни валидатор құрылғысы кондукторлардың болмаса  жүргізушілердің қолында болады. Сол арқылы жолаушы көлік картасымен де, қолма-қол ақша қаражатымен де 80 теңге жолақысын төлей алады.  Айта кету керек, мұндай жүйе дифференциаланған тариф енгізілгенге дейін ғана қолданылады. Қаламызда қоғамдық көліктер үшін дифференциаланған (сараланған — авт.) тариф 15 мамырдан бастап енгізілмек. Яғни қоғамдық көлікте жол жүру ақысын қолма-қол төлеген жағдайда 150 теңге, ал көлік картасы арқылы билет құны 80 теңге болмақ. Қолма-қол ақшамен төлеген кезде кондуктор немесе жүргізуші мобильді терминалдан билет беруге міндетті. Картамен төлеу кезінде билет берілмейді және төлемді кондуктор немесе жүргізуші мобильді терминалдың көмегімен тексере алады. Дифференциаланған тариф сомасын өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Біздің есептеуімізше, бір жолаушының жол жүруінің өзіндік құны шамамен 150 теңгені құрайды. Яғни бұл сома жанар-жағармай, сондай-ақ   еңбекақы және автобусқа техникалық қызмет көрсету шығындары есебінен енгізілген, — деді Асхат Шахаров.

Шаһар басшысының айтуынша, мұндай жүйе қоғамдық көлік саласында жұмысты барынша ашық түрде көрсетпек. Сонымен қатар жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесіне көшу — жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға, жолаушылар ағынын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жолаушыларға ыңғайлы болу үшін «Avtobys» мобильді қосымшасын әрбір тұрғын өз смартфонына тегін жүктей алады. Бұл қосымша  картаның балансын тексеруге, QR-код және Bluetooth арқылы жол жүру ақысын төлеуге және автобустың қай жерде келе жатқанын бағдарлау үшін өте ыңғайлы.

Асхат Шахаров өз сөзінде көлік карталарын дайындау кезінде азаматтарды 4 санатқа бөлген. Тиісінше, карта 4 түрге бөлінеді: стандартты, оқушы, әлеуметтік және жеңілдік. «Әлеуметтік» және «Жеңілдік» карталарын алатын санаттағы азаматтардың тізімі Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімімен анықталмақ. Мұндай карталардың айырмашылығы туралы ол былай деді:

«Әлеуметтік» карталар жеңілдік алу санатына жататын адамдарға арналған. Олар — 1-топтағы және көру қабілеті бойынша 2-топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сондай-ақ кепілдіктер бойынша соларға теңестірілген азаматтар. Сонымен қатар басқа мемлекеттердің аумағында болған  соғыс қақтығыстарына қатысқан ардагерлер де қоғамдық көліктерде тегін жүреді. «Әлеуметтік» көлік карталарын жеңілдік санатын куәландыратын құжатты көрсету арқылы алуға болады. Ал «Жеңілдік» картасын бүгінде жолақы үшін 60 теңге төлейтін тұрғындар пайдаланады. Аталған карта халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Олар — зейнеткерлер мен екінші және үшінші топтағы мүгедектер. Мұндай азаматтарға жол жүру ақысы картамен де 60 теңгені құрайды. Бір ескеретін жайт, мұндай көлік картасын пайдаланушылар карталардың әр тұлғаның жеке өзіне берілетінін және оларды үшінші тұлғалардың пайдалануына бергені үшін жауапты екенін түсінуі керек.

Көлік карталарын дайындаумен және сатумен «Smart Avtobys Aqtobe»  компаниясы айналысады. Брифингте аталған компанияның директоры Қанат Дженгалиев қоғамдық көлікте пайдаланатын әртүрлі түстегі төрт картаға жеке-жеке тоқталды.

Көлік карталарының 4 түрі бар. «Стандартты» картаны 80 теңге жолақы төлейтін барлық азамат «Vokk mobile» сауда желісінің сату нүктелерінен сатып алуына болады. «Жеңілдік» және «Әлеуметтік» карталар Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында тегін беріледі. «Оқушы» картасы «Білім туралы» Заңға сәйкес 7-15 жасқа дейінгі балаларға арналған және ол оқу орнында беріледі, — деді.

Брифингте Асхат Шахаров қаланың барлық тұрғыны көлік карталарын сатып алуға үлгеру үшін бұл жүйені кезең-кезеңмен енгізетінін айтты. Өйткені карта сату орындарында індеттің алдын алуға байланысты адамдардың көп жиналуына жол берілмеуі керек.

Сараланған тариф тек 15 мамырдан бастап енгізіледі. «Vokk mobile» сауда нүктелерінде стандартты карталар қазірдің өзінде бар. Сондай-ақ жеңілдікті және әлеуметтік санаттарға кірмейтін барлық тұрғындар өз карталарын бүгіннен бастап сатып ала алады. Қала тұрғындары үшін көлік карталары жеткілікті. Оған бола даурығудың қажеті жоқ.  Біз бір жарым ай ішінде барлық қоғамдық көліктерді электронды төлем қабылдауға дайындаймыз. Осы уақыт ішінде азаматтардың барлық санаттары үшін көлік карталары берілетін болады. Көлік карталарын беру нүктелері көбейтіледі және екі апта ішінде толық тізімді әлеуметтік желілерде жариялайтын боламыз, — деп сөзін түйіндеді қала әкімі Асхат Шахаров.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button