Жаңалықтар

Биыл 42 көшеге орташа, 20 көшеге қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов пен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе филиалы директоры Тельман Малаев жол сапасына қатысты өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылы жөнделетін көшелер туралы журналистерге айтып берді.

Қуандық Қасымовтың айтуынша, өткен жылы облыс орталығында 117 көшенің жолы жөнделген. Оның ішінде 20-дан астам көшенің жолы аяқталмай қалған. Жөндеу жұмыстары биыл аяқталады.

Қазір біз комиссия құрып, өткен жылы жөнделген көшелердің жағдайын тексеріп жатырмыз. Барлығының дерлік асфальт жамылғысы сапалы, ешқандай олқылықтар кездескен жоқ. Тек жолының сапасы нашар бір-екі ғана көше бар. Оның бірі – Гастелло көшесі. Бір-біріне жақын жатқан Зинченко мен Гастелло көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген бір мердігер ұйым —«Ақтөбе Құрылыс Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Алайда тұрғындар арасында екі көшенің жолының сапасы неге екі түрлі деген сұрақ туындайды. Өздеріңіз білесіздер, қала аумағындағы Оңтүстік айналма жолы жаз бойы жөнделді, жүк көліктері Гастелло көшесімен өтті. Сондықтан мердігер компания Гастелло көшесінде жолдың астыңғы негізгі қабатын сақтап қалу үшін өз қаражаты есебінен екінші қабатын уақытша мерзімге төседі. Биыл жер кепкен соң бұл бағыттағы жұмыстар қайта жалғасып, асфальт жамылғысының екінші қабаты қайта төселеді. Сондай-ақ бүгінгі күні Бейбітшілік даңғылына қатысты да тұрғындар тарапынан сын айтылып жатыр. Ол жерде көше жолдарын жөндеу әлі аяқталған жоқ, аталған аумақ өтпелі нысан болып есептеледі. Тағы бір айта кететін жайт, жаңадан салынған жолдарды комиссия әлі қабылдап алған жоқ. Әлі жол лабораториясы (Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы) тарапынан тексерулер жүргізіледі. Ал 2017-2018 жылдары салынған 5-шағын аудан көпірі, Тургенев көшелерінің сапасына қатысты ақау актісі бар. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша біз мердігер ұйымдардан жолдарды қайта жөндеуді талап етеміз, егер одан нәтиже болмаса, сотқа жүгінетін боламыз, — деді ол.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласында 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған 800 млн теңге қаржы қарастырылған.

Ал «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе филиалының директоры Тельман Малаевтың айтуынша, былтыр жөнделген 100-ден астам көшенің 20-ға жуығының сапасы көңіл көншітпейді. Биыл жауапты мердігер ұйымдар аталған көшелерге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Ал Гастелло көшесіне жүргізілетін қайта жөндеу жұмыстары жақында басталады.

Өткен жылы мердігер ұйымдарға 60-қа жуық жазбаша өкім берген болатынбыз. Соның нәтижесінде 20 көшені қайтадан жөндеу жұмыстары биыл қолға алынбақ. Ал биыл салынатын көше жолдарының сапасын алдағы уақытта арнайы комиссия құрып, тексеретін боламыз. Жол сапасы — әлеуметтік маңызы бар мәселе, сондықтан біз бұл мәселені үнемі қадағалап отырамыз, — деді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button