Жаңалықтар

Шебердің мерейтойы атап өтілді

Халқымыздың қолөнер бұйымдары қай кезде де өзінің құндылығын жойған емес. Белгілі шебер, ҚР Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшесі Ерқосай Әбіловтің өмір жолы — осының дәлелі.

Ерқосай Әбілов 65 жасқа толып отыр. Соған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде осы музейдің және шебердің туып-өскен жері — Мәртөк аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Хас шебердің дара жолы» атты кездесу-сұхбат өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, шебердің өнеріне тәнті жерлестері қатысты.

Ерқосай Әбілов — қолөнердің бір түрі ғана емес, сан түрімен айналысатын жан-жақты шебер, темірден түйін түйген ұсталығымен қоса, ағаш шебері әрі зергер. Оның қолынан шыққан бұйымдар ЮНЕСКО-ның сапа белгісіне ие болған.

Жиында лебіз білдірушілер шебердің ізденімпаздығын, өз кәсібіне адалдығын айрықша атап көрсетті:

— Ерқосай белгілі бір қолөнер туындысын жай ғана жасап қоймайды, ол туралы жан-жақты ізденеді, көп оқиды. Бұрынғы шеберлер, ұлттық қолөнердің қыр-сыры туралы да көп оқиды. Мысалы, бұрын халқымыздың тұрмысында қолданылғанымен, бүгінгі жұрт атын да естімеген бұйымдар, қарулар туралы Ерқосайдан естіп білеміз. Қазір домбыра жасайтын шебер көп. Олардың бәрінің бірдей домбырасы күмбірлеп тұрмайды. Ал Ерқосайдың домбырасының үні бөлек. Өйткені ол аспапты жасағанда, пернені қай тұстан бастап байлау секілді, әр қадамды ескереді, өзінің заңдылығына бағындырады, — деді ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Қалауов.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, Мәртөк аудандық  мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бостан Амантұрлиев, т.б. мерейтой иесін құттықтап, сөз сөйледі. Сондай-ақ шеберге Мәртөк ауданы әкімінің құттықтау хаты табысталып, аудан басшысының атынан сый-сияпат жасалды.

Шарада Мәртөк аудандық Мәдениет үйінің әншілері өнер көрсетті.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button