Тұқым жетеді, техника дайын

Брифинг
Биыл 791 мың гектар жерге тұқым себіледі. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай егін егуге дайындық жөнінде өткен брифингте айтты.
Облыс аумағындағы егіс алқабының 55,1%-ын дәнді дақылдар, 35,9%-ын мал азығы дақылдары құрайды. Биыл майлы дақылдар алқабын 24 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар тарының алқабы 1,4 мың гектарға кеңеймек. Дәстүрлі түрде егістіктердің 78,2% негізгі үлесі облыстың Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарына тиесілі.
Ағымдағы жылдың егісіне барлық тұқымның қажеттілігі 48,9 мың тонна болса, оның 46,1 мың тонна тұқымы дайын.
— Тұқым жетіспеушілігі болмайды. Облыстан тыс жерлердегі тұқым өсіруші шаруашылықтардан тұқым әкеліп жатырмыз. Қазіргі уақытта облыстың тұқым өсіруші шаруашылықтарының 5144 тонна жоғары репродукциялы тұқым сату мүмкіндіктері бар. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп егіс науқанын жүргізуге 7,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл облыстың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне дизель отынын «Батыс Жер» ЖШС жеткізеді, — деді басқарма басшысы.
Көктемгі далалық жұмыстарына шаруашылықтар үшін дизель отынын жіберу бағасы — 1 литріне 154 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 15%-ға арзан және республика бойынша ен төмен баға.
Көктемгі далалық жұмыстарына барлығы 7953 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97%-ды құрап отыр.
Ағымдағы жылы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауының арқасында жергілікті бюджеттен республикалық бюджетке қосымша 7 миллиард теңге бөлінген. Соның есебінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде шығындарды өтеу үлесі 25%-дан 35%-ға дейін өсті.
Фитосанитарлық жағдайды жақсарту мақсатында ағымдағы жылы 35,8 мың гектар алаңға зиянды организмдерге (саяқ шегіртке) қарсы күрес жұмыстары жүргізіледі, ол үшін облыстық бюджеттен 61,7 миллион теңге бөлінді.
Сонымен қатар 50%-ға дейінгі субсидиялау мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 4900 гектарға 4245 тонна минералдық тыңайтқыш енгізу және 202,8 мың гектар алаңда арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жоспарлануда.
Самат НАРЕГЕЕВ.



