Электриктер әулеті

Әр мамандық иесінің қоғам алдындағы жауапкершілігі де әртүрлі. Уақыт ілгерілеген сайын тұрмыстағы көп тірлігіміз электр энергиясымен қуаттанатын технологияларға тәуелденуде. Бұл ретте электрик мамандардың еңбегін ескермеу мүмкін емес. Әсіресе, ауа райының тосын мінез танытатын тұсында осы сала мамандарына артылар міндет те көп. Екпінді желмен ызыңдап, қаһарлы қыста қыл бойына қырау үйіретін бағаналар басындағы сымдардың бүтіндігін бақылаудың ауыртпалығы бір басқа.
Қиындығы мен қауіптілігі қатар жүретін осы салада қырық жыл тер төгіп, балаларына да мамандығы жұғысты болған аққайтымдық Кенжалы Бекбергеновтің жанұясын жақсы білетіндер бұл шаңырақты «электриктер әулеті» деп атайды. Үйдегі электр шамы өшіп-жана берсе, ауылдастарының: «Кенжалының ұлдары үйлерінде ме екен?» дейтіндері де сондықтан.
Кенжалы ағай 1976 жылы еңбек жолын алғаш Шалқар аудандық байланыс торабында электромонтер болып бастап, алты жыл осы мекемеде жұмыс істейді. Осы аралықта Ақтөбе қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде сырттай оқып, электрик мамандығын меңгереді. Байланыс торабынан кейінгі жұмысы Шалқар аудандық электр желілері бөлімшесінде жалғасады. Осы кәсіпорынның Жаңақоныс ауылдық округіндегі электромонтері болып, 2019 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін табан аудармастан жұмыс істейді. Жылдың төрт мезгілінде уақытпен санаспай, ауылын жарықсыз қалдырмауды мақсат тұтқан ағаның еңбегі де елеусіз қалған емес. Ауыл, аудан, облыс әкімдіктерінен және өз басшылықтарынан алған Алғыс хаттары мен мақтау грамоталарына қоса, омырауында «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды. 2018 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған облыстық әкелер байқауында «Батыр әке» номинациясын жеңіп алуы — әулеті үшін үлкен абырой.
— Осы саладағы жарты ғасырға жуық еңбек жолымда небір қиын сәттерді бастан өткердік. Бұрындары ақау шыққан жерлерге лезде жететін көлік тапшылығы сезілетін, сондайда жаяу-жалпылап, атқа мініп барған кездеріміз болды. Қыс мезгілінде электр сымының бойына қырау тұрғандағы машақаты айтпай-ақ түсінікті.
Егемендіктің алғашқы жылдарында біздің ауылда 3 электромонтер жұмыс істейтін еді, бертін келе оның екеуі қысқарып, міндеттері маған жүктелді. Бұрын іргедегі малшылардың қыстауларына электр қуаты барып тұратын. Біз оны көктемде жайлауға көшкен соң ажыратып, күзде көшіп келмес бұрын қайта қосып, жарқыратып қоятынбыз. Кешегі оңтайландыру тұсында бұның барлығы қолды болды, солар мұрты бұзылмай бүгінге дейін сақталғанда ғой дейсің.
Электр қуатын уақытпен беретін жылдары халықпен ынтымақта жұмыс істеп, алдын ала төлем жасаудың ұтымды тұстарын түсіндіріп, жарықтың ауылымызға үздіксіз берілуін ұйымдастырдық.
Уақыт өте бұл олқылықтар да жойылып, реттеле бастады. Аудан орталығында қазір қажетті жағдайларда діттеген жерден табылатын бригадалар бар. Арнайы техникалары да жеткілікті. Жаңадан объектілер қосылып, қуат көздерін тұтынушылар саны да арта бастады. Біздің ізімізді білікті жастар басып келеді. Осының барлығы — тәуелсіздіктің әр жылымен осы салаға енген қолдаулардың нәтижесі деп білемін, — дейді Кенжалы ағай.
Бекбергеновтер әулетінің үш ұлы бүгінде әке жолын таңдады. Үлкен ұлы Еркін қазір Ақтөбе қаласындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да электр шебері болып жұмыс істейді. Ал Қазақ қатынас жолдары университетін бітірген Есені мен Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжін тәмамдаған Ерені туған ауылында электромонтер болып әке жолын жалғап жүр.
— Біздің әріптестер арасында «Электрик бір-ақ рет қателеседі» деген сөз бар. Бұл жоғарғы, төменгі кернеулі ток жүйесімен жұмыс істейтіндерге үнемі техника қауіпсіздігін естен шығармау керектігін меңзеп тұр. Электр қуатының иісі жоқ, шуы жоқ, сондықтан қауіптің де қай тұстан келетінін бағамдауға асқан тәжірибе мен сақтық қажет. Биік бағаналарға шығарда өзіңде сенімділік, бойыңда жинақылық болмаса қиын, — дейді ардагер.
Электр бағанасына соңғы рет 2005 жылы шыққан 66 жастағы Кенжалы аға осы қауіпсіздік ережелерін балаларына күнде айтып отырудан жалыққан емес.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.



