Басты бет » Жаңалықтар » Ұлт қаймағын сыпырған қуғын-сүргін құрбандары әлі толық ақталған жоқ

Ұлт қаймағын сыпырған қуғын-сүргін құрбандары әлі толық ақталған жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Осыған сай, облыс әкімдігінің қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту жөніндегі өңірлік комиссия құрылған еді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аталған комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет комиссия жұмысының мақсаты — саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, әлі күнге дейін ашылмаған «ақтаңдақтарды» анықтау үшін ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулер жүргізу ісін ұйымдастыру, осы мәселелерге байланысты ұсыныстар енгізу екенін атап өтті.

Өңірлік комиссияның құрамына облыстық басқармалар басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері енген. Сонымен қатар құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлерін енгізу де көзделіп отыр.

Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров «Тәуелсіздік және саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау мен ақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Рахым Бекназаров тарихшылар еңбектерін алға тарта отырып, қуғын-сүргіннің, негізінен, қоғамды, ұлтты алға жетелейтін үш топқа қарсы бағытталғанын атап өтті: олар — кәсібімен әлеуметті ұйытып, жұрттың дәулетін құрап отырған бай адамдар; ұлттың ақыл-ойы болып табылатын зиялы қауым және халықты имандылыққа тәрбиелейтін дін өкілдері.

Сондай-ақ баяндамада саяси қуғын-сүргін салдарынан жапа шеккендерге  қатысты тарихи әділеттілікті қайта қалпына келтіру мақсатымен тәуелсіздік жылдарында жасалған жұмыстар жөнінде айтылды. Айталық, 1993 жылы сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды, бұл тарихшы ғалымдарға, зерттеушілерге осы бағытта үлкен еңбектермен шұғылдануға жол ашты (нәтижесінде Зәкіратдин Байдосовтың «Зұлмат пен үрей: зобалаң анатомиясы» көптомдық еңбегі, басқа да көптеген зерттеулер жарыққа шықты). 1997 жылы 31 мамыр елімізде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді, т.б.

Баяндамашы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев басшылық ететін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның міндеттері, бүгінге дейін атқарған жұмыстары туралы да айтты. Мемлекеттік комиссия отырысының шешімімен архив және басқа да дерек көздерінен материалдарды жинақтау мен зерттеу үшін арнайы 11 жұмыс тобы құрылған. Мәселен, жұмыс топтарының бірі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеумен айналысады. Ал бұл — бүгінде көпті толғандырып отырған үлкен мәселе…

Жиында қоғам белсенділері Естай Жайлыбай, Бекарыстан Мырзабай, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, тарихшылар және ғалымдар сөз сөйлеп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының санын анықтау, ақтау, т.б. мәселелер төңірегінде өз ұсыныстарын айтты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.