Заң ғылымының атасы
Заңгер ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қобда аудандық бөлімі көпшілікке «Ғалым-сардар» атты шара ұсынды.
Онлайн режимінде өткен шара барысында ғалымның өмірі мен қызметі жөнінен дәріс оқылып, сондай-ақ көрме ұйымдастырылды. Дәрісте Салық Зимановтың көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде халқына сіңірген еңбегі ғана емес, оның Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлік жолы, ата тегі жөніндегі деректер де кеңінен қамтылды. Айта кету керек, музей қызметкерлері соғысты артиллериялық полк штабының бастығы болып аяқтаған Салық Зимановтың ерлігі, әскери марапаттары туралы деректер мен құжаттарды Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің орталық архивінен өздері іздестіріп тауып, музей қорына көшірмелерін алған. Бұл құжаттар көрме арқылы таныстырылды.
Сонымен қатар ғалымның еңбектеріне де шолу жасалды. Ол қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған құжат — «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» (1990 ж.) жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияны; қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (1991 ж.) жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияны басқарды. Ғалымның «Кеңес Одағындағы автономиялау теориясы мен практикасы», т.б. зерттеу еңбектері өз еліміз ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да кеңінен белгілі. Тәуелсіз елдің іргесін бекітуге зор үлес қосқан ғалымның еңбектері өз құндылығын ешқашан жоғалтпасы анық.
Гүлбаршын САҒАЛИҚЫЗЫ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
Қобда аудандық бөлімінің меңгерушісі.