Жаңалықтар

Тай жарысы өтті

Аудандарда ат спортын дамыту күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Бірақ шабатын ат болғанымен, шабандоз тапшы екен. Ойылдық әуесқой атбегілер бұл істі жандандыруды қолға алыпты.

Жақында жергілікті азаматтардың ұйымдастыруымен тай жарыс, құнан жарыс бәйгесі өтті. WhatsApp желісі арқылы арнайы топ ашылып, оған тай ұстап, ат баптап жүргендер қосылған.

Ортадан ақша жиып, алғашқы үштікке ілінгендерге ақшалай сыйлық берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл екінші рет өткізіліп отыр. Атқа құмар бала көп. Әсіресе карантин уақытында іштері пысқан олар таза ауада серуендеп, бәйгені қызықтап мәз болған. Тай шабатын орынды да арнайы техникамен қардан өздері тазартыпты.

— Бірінші жарыста бес-ақ тай қатысты. Одан кейінгі бәйгеге 17 тай қосылды. Мұны естіп ауылдық жерлерден де келе бастады. Әрине, карантин ережелері сақталады. Көкпардай емес, бәйгеде арақашықтық болады. Әрі  жабық ғимараттың іші болмағандықтан, далада ондай қауіп аз. Біз мұны еріккеннен жасап жатқан жоқпыз. Аз жылда атқа мінетін бала қалмайтын сияқты.  Үйдегі ұлдарымыз тайдың емес, телефонның «құлағында» ойнайды. Басқа қызықтары жоқ. Бұл денсаулыққа зиян. Ал далада бой жазып, тайға мініп, таза ауада серуендеудің пайдасы айтпаса да түсінікті. Тай жарысын өткізіп тұру  жастардың ұсынысы, — дейді Нұрлан Сағатов.

14 наурыз көрісу күні тағы тай жарыс ұйымдастырылмақшы. Оған ауданның барлық округтерінен келмек. Олар наурыз мерекесінде  аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, тай жарыс өткізуді жоспарлап отыр. Бұған демеушілік танытып, қолдаушылар табылып жатыр. Тайға мінген балалардың талабын қайтармау үшін үш орын емес, мәре сызығын бесінші боп кескен бала да жүлдеге ілігеді.

Самат ЕСЕНҚҰЛ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button