Әлеумет

«Бойдақ салығы» бағымызды аша ма?

Қазақтың санын көбейту үшін «көк көрпеден» бастап «екі әйел алуға» дейінгі барлық жолды ұсынып келе жатқан «қазақ демографиясының әкесі» Мақаш Тәтімовтің бұл жолғы «жаңалығы» жастарды шалқасынан түсіре жаздады. «Үйленбесең, бала тумасаң, салық төле», — дейді ғалым ағамыз. Оның пайымынша, ай сайын 3-5 мың теңге салық төлеп отырған бойдақ адам «ойлана бастайды және өзіне лайық отбасын құратын болады» екен…

Демографтар:

«Өсіп-өнгің келмесе, салық төле!»

Орталық Азия университетінің ректоры, ғалым-демограф Мақаш Тәтімовтің пікірі қарашаның 8-і күні «BNews.kz» Ақпарат агенттігінде басылды. Сол-ақ екен, гу-гу еткен әңгіме еліміздегі барлық ақпарат құралдарына лезде тарап кетті. Демографтың айтуынша, 25 жастан асқан әйелдер мен 30 жастан асқан ер азаматтарға «бойдақ салығын» салу қажет. «Салықтың бұл түрі жастардың өмірге ұрпақ әкелуіне мүмкіндік туғызар еді. Менің есімде, Сталин заманында «бойдақ салығы» болатын. Осыған байланысты жастар уақытында отбасын құрып, бала сүйетін. Әрине, ол кезде салық мөлшері көп емес еді және ол тек психологиялық тұрғыдан әсер ететін. Ай сайын сенен 5 мың теңге салық алынатын болса, өзің де ойлана бастайсың және өзіңе лайық отбасын құрасың», — дейді Тәтімов.

Айта кетейік, «бойдақ салығы» КСРО-да 1941 жылы 21 қарашадан бастап енгізілген екен. Талап бойынша 20-50 жас аралығындағы еркектер мен 20-45 жас аралығындағы әйелдер үйленіп, тұрмыс құрмағаны үшін және балалы болмағаны үшін жалақысының 6 пайызын мемлекетке аударуға тиіс болған. Бірақ айлығы 70 сомнан аспайтын азаматтардан салық алынбапты. Сонымен бірге денсаулығына байланысты балалы бола алмайтындар, баласы соғыста қаза тауып, не хабарсыз кеткендер бойдақ салығынан босатылған, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқитын 25 жасқа дейінгі азаматтар мен Кеңес Одағының Батырлары, әскери қызметтегілер мен олардың отбасына жеңілдік берілген. Бала асырап алғандар да салықтан босатылған. Жас отбасыларға некеге тұрған кезден бастап бір жылға дейін жеңілдік берілетін болған. Соғыс салдарынан азайып кеткен халық санын көбейтуге байланысты енгізілген уақытша салық 90-жылдардың басына дейін тоқтатылған жоқ. Халық арасында оны «жұмыртқа салық» деп атайтын болыпты.

Кеңес одағынан қалған «дәстүрлі» салықтың дәл бүгін әкеліп өмірімізге ендірмекші болған Тәтімовтің ойлағаны қазақтың санын көбейтуге үлес қосу болса, оған қарсы пікір білдірушілердің айтуынша, бұл — «мемлекеттік қазынаны толтыру» үшін жасалып жатқан амал. «Кеңес одағы кезіндегі «бойдақ салығы» еңбекақыны соншалықты ойсыратып жібермегенімен, мемлекет үшін кіріс көзі болғаны сөзсіз. Бірақ өз басым ол салық отбасын құруға септігін тигізді деп айта алмаймын», — дейді Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының төрайымы Раушан Сейсенбаева.

Еліміздің бас қаржыгері Болат Жәмішевтің пікірі басқа: «Оны ұсынып жатқан кім? Кім??? Білмедім, біз бұл мәселені талқылаған жоқпыз. Бұл ол ойлағандай нәтиже береді деп ойламаймын», — дейді Жәмішев.

Әзірге Тәтімовтің ұсынысын құптап отырған ешкім жоқ. ҚР Әділет вице-министрі Дулат Құсдаулетовтің айтуынша, дәл қазір бұған деген қажеттілік туып отырған жоқ және бұл мәселеге қатысты заңдық немесе нормативтік құжат дайындауға қатысты нақты ұсыныс та түспепті…

Салықшылар:

«Ол салықты ешкім төлей қоймайтын шығар…»

Ақтөбе облысында халық саны артып келеді. Бұйырса, миллион тұрғыны бар қала боламыз. Былтыр он айда облыста 15 212 сәби өмірге келсе, биыл 15 296 бала туған.

— Неке қию саны да көбейді. Мысалы өткен жылдың он айында Ақтөбе қаласында 3479 неке қиылған болса, биыл 3707 шаңырақ құрылды. Өкініштісі, неке бұзушылар да көбейіп барады. Ажырасатындардың көпшілігі 20-27 жас аралығындағылар. Қыздар тұрмысқа негізінен 18-25 жас аралығында шығады. Жігіттердің көбі отызға жақындағанда үйленгенді тәуір көреді. Жалпы, алды-артын елеп-екшеп, бір-бірімен тату тұра алатындарына көздері жеткенде, тұрмыстың ауыры мен жеңілін бірге көтеруге дайын болғанда ғана үйлену қажет деп ойлаймын. Жастардың көбі оған дайын емес, сондықтан болар, жастай қосылғандар арасында ажырасатындар саны басым. Тіпті 2007 жылдың жетінші айының жетінші күнінде салтанатты түрде бас қосқан бір жұп үш күннен кейін ажырасып кетті, — дейді Ақтөбе қаласы әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің бас маманы Шынар Айнабекова.

Ш.Айнабекованың айтуынша, қазіргі жастардың көпшілігінің өзіндік пікірі, қалыптасқан көзқарасы, ұстанымы жоқ. Жасы отызға жақындап қалса да, ата-анасының ықпалымен өмір сүреді, өз басындағы мәселелерін өз бетімен шеше алмайды.

— Биыл 1211 неке бұзу жөнінде хал актілері жазбаларын тіркедік. Осының 1083 жағдайында жастар сот арқылы ажырасты. Бір түсінбейтінім, құжат толтыруға келген 25-26-дағы әйелдер мен ер адамдардың басым бөлігі 60-70-тегі ата-анасының соңынан еріп жүреді. Тіпті, кеңес алу үшін біздің бөлмеге ата-анасын кіргізіп жіберіп, өздері есіктің сыртында күтіп тұрады, — дейді ол.

Шынардың айтқанынан біраз мәселені аңғаруға болады. Біріншіден, егер қазіргі жастар неке қию мәселесіне дайындықсыз келетін болса, ертеңгі күні қиылған некені қайтадан бұзатын болса, жетімдер мен жесірлер саны көбеймей ме? Өз бетімен өмір сүруге, тірліктің қиындығын ата-анасына сүйенбей, өз бетімен көтеруге дайын емес адам бір отбасының жүгін арқалап жүре ала ма? Ал үйленбесе олар… «бойдақ салығын» ата-анасының зейнетақысынан алып төлемесіне кім кепіл? Әрине, жастардың барлығы бірдей емес. Керісінше, жалғыз жалақысымен бір әулеттің барлық ауыртпалығын бір өзі арқалап келе жатқан жастарға бұл оңай тимесі анық.

— Қазір жеке адамдарға салынатын салықтың бірнеше түрі бар. Жыл сайын бір рет жеке мүлікке салынатын салықтарды төлеу туралы хабарландыру іліп, ескертулер жасаймыз. Соның өзін уақытында төлемейтіндер өте көп. Мысалы, біздің дерек бойынша қазір облыста 66 мыңдай жеке адамның екі жүз он мыңға жуық қарызы бар. Ертеңгі күні ай сайын «бойдақ салығы» салығы салынса, жылына бір рет төлейтін салықтарын төлемей отырғандар оны ай сайын төлейді деп ойламаймын.

Негізі, «бойдақ салығы» дегенге мен мүлде қарсымын. Жастар оқу бітіргенше, яғни 21-22 жасына дейін сәті түсіп, бас қосып кетіп жатса, жақсы ғой, әрине. Ал егер оқу бітіріп, жұмысқа орналасса, ондай жастың үйленуі, не тұрмысқа шығуы түрлі себептерге байланысты кейінге ысырыла береді. Бір себебі — жұмыстың ауырлығы. Мысалы, біз жұмысқа таңертең сегіз жарымда келгеннен кешкі сегіз жарымға дейін отырамыз. Түскі ас кезінде де арқайын отырып ас ішуге мұршамыз болмай жатады. Әрине, кінә өзімізден, жұмысымызды үлгере алмайтын болғасын сөйтеміз. Қай жерде де кештеу қалып жұмыс жасау кезінде ауыртпалықтың дені үйленбеген, тұрмысқа шықпаған жастарға түсетіні тағы аян. Біреуінің аяғы ауыр, біреуінің баласы қараусыз қалады… сондайда қыз-жігіттерге: «айналайын, сенің басың бостау ғой, осы жұмысты бітіріп тастайық» деп қолқа саламыз. Мысалы, біздің салық департаментінде сыбай-салтаң жүргендер өте көп. 40-қа келсе де үйленбей жүрген жігіттер, 30-35-тегі қыздар да бар, — дейді Ақтөбе облысы бойынша салық департаменті өндіріске жатпайтын төлемдерді әкімшіліктендіру басқармасының бастығы Айгүл Нағыметова.

Екі әйел?..

«Бойдақ салығын салу үшін алдымен екі әйел алуға рұқсат беру керек! Өйткені ерлер аз да, әйел адам көп», —  дейді бір құрбым. Елімізде бір еркекке 2-3 әйелден келеді дейтін негізсіз әңгіме жиі айтылады. Соңғы санақ бойынша еліміздегі ерлердің саны 7 712 200, әйелдер саны 8 297 400 екендігі белгілі болды. Жалпы, қазір сүр бойдақтар мен кәрі қыздар саны туралы мәлімет жоқ. Тәтімовтің долбарынша, кәрі қыздардың жалпы саны 350 мыңға жеткен, ал 30-55 жастағы ерлердің саны 150 мыңнан асады-мыс. Үйленбей, тұрмыс құрмай жүріп қалатындардың көбейіп бара жатқандығы рас. Мысалы, алысқа бармай-ақ, жергілікті басқармалар мен департаменттерге, басқа да мекемелерге бас сұғып көріңізші. Солардың кейбірінде 25-тен асқандар былай тұрсын, қырық-елуден асып бара жатқан кәрі қыздар мен сүр бойдақтар қас қарайғанша жұмыс жасап отырады…

— Менің жасым 23-те. Осы жерде бес жылдай жұмыс жасап келе жатырмын. Түрлі жерде жұмыс жасап жатқан мен секілді құрбыларым қаншама. Олар таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүреді. Біз мемлекетке онсыз да ай сайын еңбекақымыздан кіріс салығын төлеп отырмыз. Зейнетақы қорына деп айлығымыздың белгілі бір бөлігін тағы ұстайды. Ақша табамыз, тірлік жасаймыз, ертеңгі күні жақсы отбасын құруымыз үшін жақсы өмір сүруге тырысып әуреміз, ал демографтар бізге салық салғысы келеді. Жақсы жігіт, жақсы қыз табылмаса… салық төлеуіміз керек пе?  — дейді Шынар Айнабекова.

Ертеңгі күні Тәтімовтің ұсынысы қабылданып, заң шығар болса, «бойдақ салығын» төлеушілер қатарына бірден енетін қыздар мен жігіттердің барлығының «екі жарты бір бүтін» бола алмай жүргендігіне байланысты айтар бір уәжі бар: «Жақсы адам жоқ». Сонда… «жақсы адамның» барлығы қайда кеткен?..

— Қазір елімізде ата-анасы тірі бола тұра жетімдер саны көп. Балалары тірі бола тұра тастанды қарттар көп. Бір сөзбен айтқанда, бойдақ салығын салудан бұрын қоғамдағы отбасының әлеуметтік институты мәселелерін шешуіміз керек, — дейді «Амансаулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова. Бұл, шынында, үлкен мәселе…

Егенберлі Әбдіраев:

Әйтеке би ауданының тұрғыны:

Кезінде салықты мен де төлегенмін…

— Кеңестік одақ кезінде сүр бойдақтарға салынатын салықты ол түгел алынып тасталғанша мен де төледім. Шопан болғанда айына 100 сом, газетке жұмысқа тұрғасын 120 сом алатын болдым. Соның белгілі бір бөлігін бойдақ болғаным үшін үкіметке төлеп тұрдым.  «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп отбасын құрудан қашқақтап жүргендердің жалақысынан жырымшылап, шаңырақ көтеруді үнемі жадына салып тұрған «бойдақ салығы» ұмытылмастай көңілде қалды. Басқа салық бір бөлек те, үйленбегенің үшін салық төлегенің жаныңа батады екен. Келесі айлыққа дейін бұл ашу жібек орамал кепкендей болатын еді.

Сол кездегі билік нені мақсат тұтса да, сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың қалтасына кәдімгідей салмақ түскені аян. «Бойдақ салығының» бізге одан басқа тигізген әсері есте жоқ.

Қазіргі кезде бұны қайта жаңғыртып, жастарға төлеттірудің пайдасы жоқ дер едім.  Бұрынғы замандағыдай емес, қазіргі кезде жастар еріккеннен «сүрленіп» жүре бермейді. Кейбірі отбасы жағдайына қарайлайды, енді бірі бауырларын аяғынан тұрғызсам деп жүгіріп жүреді. Кейбір отбасын сыртта жүрген баласы күн-түн демей еңбектеніп, бағып отыр. Ол баланың қалтасына түсіп, күштеп үйлендіре алмайсың. Жастардың үйленуі үшін керісінше оларға үй болуға жағдай жасау керек…

Асқар Ақтілеу,

«Жас қазақ» апталығының меншікті тілшісі:

Бұл жығылғанға жұдырық болады…

Егер халық қалаулылары «бойдақ салығын» енгізіп, жарын таба алмай жүргендер санын азайтып, мәселені шешеміз десе, меніңше, қателеседі. Онсыз да елімізде салық түрі жеткілікті. Кейбір мемлекеттермен салыстырғанда біздің елде салық мөлшері көбірек. Бір жылдары эстрада әншілеріне, той басқарып жүрген асабаларға, ауылдан қалаға білім іздеп келіп, азын-аулақ тиын-тебен табу үшін курстық жұмыс жазатын студенттерге де салық салу керек деген пікірлер болды. Бір жылы, тіпті жезөкшелікті заңдастырып, одан да салық түсірсек деген ойлар айтылды. Абырой болғанда, «Қыздарының тәнін саудалап, салық түсіріп отырған мемлекетпен мұсылман елдері байланысты үзеді» деген пікір бұл әңгімені әрең тыйғаны бар.

«Бойдақ салығы» тіпті «қызық» салық болғалы тұр. Онсыз да тұрмыстық жағдайын ойындағыдай жасай алмай, сол себепті отбасылық өмірге аяқ басуға тәуекелі жетпей жүрген жастарға бұл қосымша соққы болмай ма?!

Ал «бойдақ салығын» төлеп жүрміз делік. Ертең, мысалы, мен үйленіп, «бойдақ салығынан» босатылатын болсам, соны рәсімдеу үшін АХАЖ, халыққа қызмет көрсету орталығы… деген жерлерде кезекте тұрып өмірімді өткізіп алмаймын ба?

Меніңше, қазына толтырудың басқа амалдарын қарастыру керек.

P.S. «Бойдақ салығын» енгізу туралы мәселені 2003 жылы көші-қон және миграция агенттігінің төрайымы боп жүрген кезінде Алтыншаш Жағанова көтерген болатын. Содан кейін 2007 жылы бұл тақырыпты Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қозғады. Енді, міне, Мақаш Тәтімов…

Пікір көп. Олардың дені «бойдақ салығын салу — азаматтардың конституциялық құқын бұзу» дегенге саяды. Жастардың көпшілігінің отбасын құра алмай жүргендігі әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан екендігі рас.

«Қара басымды баға алмай жүргенде әйел, бала-шағамды қалай асыраймын? Отбасыммен пәтер жағалап қаңғығанша, жалғыз өзім жүре берейін», —  деп күмілжиді бір құрдасым.

«Аузы күйген үрлеп ішеді. Мен әзір үйлене қоймайтын шығармын», — дейді осыдан бірнеше жыл бұрын ажырасқан танысым.

«Әуелі бір баламды адам қылып алайын, екіншісі кейін…» — деп келіншектер жымияды.

«Үстімдегі үйімнің қарызын өтеймін бе, әлде несие алып той жасаймын ба… білмеймін», — деп мұңаяды бірі.

«Дұрыс адам жолықпай жүр ғой…» — дейді.

«Үй алып, тұрмыстық жағдайымды бірыңғайлап алмай, үйлену ойыма да кіріп шықпайды», — деп тас бекініп отыр біреуі.

Расында, бағы ашылмай жүрген жастарға салық салып, қалтасынан қаққанша, шаңырақ көтерген қазақтың әр отбасына бір-бір үйден таратып бермегенімен, тым құрыса той жасау үшін банктен пайызсыз несие беру мәселесін неге ешкім көтермейді? Әйтпесе, үйлене сала банк пен пәтер жағалап жүргендер халық санын қалай көбейтеді?..

Ал Тәтімов: «Ай сайын сенен 5 мың теңге салық алынатын болса, өзің де ойлана бастайсың…» —  дейді. Ойланбай жүргендей-ақ…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button