Әлеумет

Зейнетақы: кім қанша алады?

2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде зейнетақы төлемдерінің мөлшері 30 пайызға артады. Яғни Қазақстандағы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24047 теңгені, ең жоғарғысы — 52226 теңгені құрайды.

Халық асыға күтіп отырған бұл жаңалықты «жіліктеп» беруін өтініп, біз  «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының директоры Қайрат Отаровқа хабарласқан едік.

— Қайрат Орынбасарұлы, жақында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»  Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заң жобасы қандай мақсатты көздейді?

— Бұл құжатқа сәйкес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда жүктеген міндеттері жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 30 пайызға көбеймек. Тағы бір жағымды жаңалық,  зейнетақы тағайындаған кезде ең жоғары табыстың шегі 39 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады.  Бұл орайда айта кететін бір жайт, келер жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 1512 теңге болмақ. Бұл — зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер және зейнеткерлікке енді шығатын азаматтар үшін теңдей жағдай жасауға мүмкіндік береді.  Қазір облыста 67 мыңнан астам адам жасына байланысты зейнетақы алады. Зейнетақы реформасынан кейін 8 мың теңге мөлшерінде болатын базалық зейнетақыны есепке алғанда, 2011 жылы елімізде зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 24 мың 47 теңге, ең жоғарғысы — 52 мың 226 теңге болады.

Ана мен балаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

— Елімізде ана мен балаға лайықты әлеуметтік қолдау көрсету —  халықтың тұрмыс-тіршілігінің деңгейі мен сапасын жақсартудағы негізгі басымдықтардың бірі. Елбасы Жолдауларынан туындаған тапсырмаларға сәйкес, қазір демографиялық ахуалды жақсарту және балалы отбасыларды қолдау мақсатында көптеген ізгі жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, елімізде «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес 2006 жылдан бастап бала тууына байланысты тағайындалатын және бiржолғы төленетін мемлекеттік жәрдемақылар бар. Отбасының табысына қарамастан бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар беріледі. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында он сегіз жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы түрiндегі ақшалай төлемдер де бар. 2008 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі қосымша әлеуметтік төлем енгізілді. Яғни бұл жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігі және босанғаны, жаңа туған сәбиді асырап алғаны, бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмi үшін  Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін  әлеуметтік төлем. Бала  күтімімен үйде отырған жұмыс істейтін әйелдердің зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға, сондай-ақ олардың еңбектегі белсенділігін арттыруда мұндай әлеуметтік қолдаулардың маңызы зор. Сонымен қатар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғаларға төменгі айлық жалақы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы енгізілді.

— Биыл балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы кезекті рет ұлғайтылғанын білеміз. Келер жылдан бастап бала санына шаққандағы төленетін жәрдемақының нақты мөлшері қандай болмақ?

— Мемлекет басшысының 2008 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру үшін «Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Осы  Заңға сәйкес, биыл да балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы кезекті рет ұлғайтылды. 2011 жылдың қаңтарынан бастап төрт және одан да көп бала туған аналарға берілетін бір реттік жәрдемақының мөлшері 75600 теңге болады. Ал бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бірінші балаға — 8316 теңге, екінші балаға — 9828 теңге, үшінші балаға — 11340 теңге, төрт және одан да көп балаға — 12852 теңге төленеді.

— Осы жылдан  бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісімен марапаттау үшін қойылатын талап өзгертілген еді. Сол жайында мағлұмат бере кетсеңіз.

— Қазір облыста екі жарым мыңнан астам «Алтын алқа», төрт мыңнан астам «Күміс алқа» иегерлері бар. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісін алатын аналар үшін талап өзгертілді. Яғни көп бала туған және тәрбиелеген аналарды «Алтын алқа» белгісімен марапаттау үшін балалар саны 10-нан 7-ге дейін, «Күміс алқа» белгісімен марапаттау үшін 8-ден 6-ға дейін төмендетілді. «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де  өсірілді. Бүгінгі таңда облыста  11 мыңнан астам адам осындай жәрдемақы алады.

— Қазір облыста көп балалы отбасыларға қандай көмектер көрсетілуде?

— «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға сәйкес, бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға отбасының табысына қарамастан республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді. Бүгінгі таңда облыста мұндай отбасылардың саны 17 мыңнан асады.

Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУ ЖАСЫ ҰЛҒАЮЫ МҮМКІН БЕ?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова депутаттармен кездесу кезінде: «Бұл жөнінде біздің министрлік әлі өзінің нақты ұсынысын айтқан жоқ. Біз қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес зейнетақыны көтеру мәселесін қарастырып жатырмыз», — десе, журналистермен кездесу сәтінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова бұл мәселеге қатысты былай деді:
— Зейнетақы жасына байланысты біз көптеген мемлекеттік емес ұйымдармен бірге жұмыс істейміз. Соған байланысты ұсыныстар да келіп түседі. Бірақ ол ұсыныстарды қабылданған деп есептеуге болмайды. Берілген ұсыныстар әрі қарай зерттеледі, есептеледі. Бірақ әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіру қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған жоқ.

Сондай-ақ ол қазіргі зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасында аталған мәселе мүлдем қарастырылмағанын айтты.

Интернет материалдарынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button