Жаңалықтар

13 ақпаннан бастап жүргізуші куәлігі талап етілмейді

Шетелдік нөмірі бар көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.

Алдағы сенбі, яғни 13 ақпаннан бастап көлік иелерінен жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда жеке куәлікті өзімен бірге ұстап жүру керек. Ішкі істер министрлігі осы құжатты алмағаны үшін қандай шара қолданылатынын түсіндірді.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, көлік жүргізушісі полицияға жеке куәлігін көрсетпесе, көбінесе, ескерту жасалады. Ал осы тәртіпбұзушылық қайталанса, айыппұл салынады.

Негізі, адам өз құжатын алғаш рет үйде қалдырып кетсе, ондай жағдайлардың 95 проценті ескерту берумен аяқталады. Ал он күннің ішінде осы тәртіпбұзушылық қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге – Sputnik) көлемінде айыппұл салынады, – деді С.Түсіпов ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.

Кей жағдайларда адамда өзінің құжаты болмайды. Сондықтан  көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмай жатады. Ондайда көлік құралы айыппұл тұрағына қойылады.

Осы орайда комитет төрағасының орынбасары жеке куәлік болмаса, төлқұжатты ұстап жүру керектігін ескертті.

Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап қазақстандық көлік иелері жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Полицейлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты планшет арқылы тексереді.

Sputnik Қазақстан.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button